Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінде маусым айында 9-16 жас аралығындағы балаларға арналған сауат ашу курсы жұмыс істеді.
Онда шәкірттер Құран әліппесін оқып, оны жаттады. Сондай-ақ, «Исламдағы 100 сұрақ», «Ислам ғибадаты» секілді дәрістер тиісті деңгейде ұйымдастырылып, талапкерлер жақсы нәтижеге қол жеткізді.
Оқып жатқан жеткіншектерге жұма сайын ас берілді. Жаңа мешіт құрылысымен таныстырылды. Курс аяқталған соң оларға сертификаттар тапсырылып, дастархан жайылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Үстіміздегі жылы Науырзым ауданына қарасты Дәмді ауылында «Имани жаз» жазғы діни сауат ашу курсы ойдағыдай ұйымдастырылды.Оған Астана медресесінен арнайы ұстаз шақырылып, ол бір ай бойы дәріс жүргізді.
Курста 30 бала білім алды. Оның 12-сі Құранды оқи алатын дәрежеге жетті. Аталмыш ауылдың жанашыр азаматтары шәкірттерді табиғат аясында демалдырып,дастархан жайды.
Ал, аудандық «Түркебай ата» мешітінде де осындай діни сауат ашу курсы жұмысын жалғастырды. Мұнда 22 бала тиянақты білім алды. Балалар да өздерінің оқуға деген зеректігін көрсетті.
Мысалы, Ерасыл Кокошов көршілес Көкшетау қаласындағы қарилар дайындайтын курста, Арай Мұхтарқызы елордамыз Астанадағы қыз балалардың медресесінде білімдерін жетілдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда облыс орталығындағы «Жайлаубай ата» және Қостанай аудандық «Мандай батыр» мешіттерінің ұжымы бірлесіп, Рудный қаласындағы балалар үйінде болды.
Олар аталған мекемеде тәрбиеленіп жатқан балдырғандарды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтап, сый-сыяпаттарын табыс етті. Балалар шат-шадыман қуанышқа бөленіп, тәрбиешілер алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда белгілі дін қайраткері, Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің бас имамы Шоқан қажы Әмірханов өзінің мұсылмандық парызының бірі қажылықты өтеп жатқан болатын.
Ол осы сапары барысында қасиетті «Зәм-зәм» суы шығаратын мекеменің басшысы Айман Сүлейменұлының қабылдауында болды. Ол өз кезегінде Шоқан қажыға естелік куәлік табыс етті.
Сондай-ақ, шын жүректен шыққан жылы лебізін білдіріп, елімізден барған қажыларға зәм-зәм суынан тәбәрік ұсынды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Өткен жұмада Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» және «Рудный қасының Нұр» мешіттерінде қасиетті Жұма намаздан соң қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.
Осы «Жомарт жұма» атауымен өткізілген жиында арнайы аспаздың ерекше дәмді палауы дайындалып, көпшілікке таратылды.
Қасиетті күн жұртшылықтың есінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Науырзым ауданының ақсақалдары Арқалық қаласына сапармен келді. Олар, алдымен, Бас мүфтидің бастамасымен қолға алынған «Дархан дала», яғни еліміздегі аты алты алашқа мәшһүр болған батырлар мен әулие, ишандардың басына зиярат жасау жобасы аясында «Кейкі батыр» кесенесіне ат басын бұрды. Онда Кейкі батырдың рухына бағышталып Құран оқылды.
Аға буын өкілдерін Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов бастаған азаматтармен ел ардақтылары № 4 Кейкі батыр қазақ мектебінде салтанатты түрде қарсы алды.
Алыстан ат терлетіп келген қарияларға дастарқан жайылды. Мәртебелі қонақтар содан кейін «Домбыра күніне» арнайы ұйымдастырылған іс-шараға қатысты.
Сондай-ақ, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойының құрметіне ашылған саябақты аралап, Арқалық шаһарында қайта бой көтерген «Тері өндеу» зауытында болып, жасалып жатқан игі істермен танысты.
Әлемдік «Гиннес рекордтар» кітабына еңген «1000 домбыра» жобасы аталған қалада өз жалғасын тапты. Бір күндік сапар науырзымдық қариялардың көңілдерінен шықты. Осы іс-шараға мұрындық болған шаһар басшысыӘмірхан Асановқа, қадірменді ақсақал Тумырза Қоржынбаевқа шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Әңгімеге арқау болған Меңдіқара аудандық «Зұлқарнайұлы Мұса қажы» мешітінің қызметкерлері Құрбан айт мерекесіне жан-жақты дайындық жасады. Мәселен, алғашқы күні таңертеңгі айт намазынан кейін жергілікті әкімдік қызметкерлері құрбандыққа 1ірі қара мал және «Олжа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 5 қой шалды. Басқа да азаматтар жомарттық танытты.
Сойылған еттер жергілікті 38 көмекке мұқтаж көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік жағынан азқамтылған жандар мен жалғызбасты аналарға таратылып берілді.
Сондай ақ мешітте «Жаздық діни сауат ашу» курсында оқып жатқан шәкірттерге «Айт сыйлығы» тарқатылып берілді. Балалар айт сыйлығын алып мәре-сәре қуанысып қалды. Айт мерекесімен құттықтаған ұстаздарына алғыстарын айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұжымы қасиетті Құрбан айт мерекесін есте қаларлықтай өткізді. Таңғы айт намазынан кейін арнайы мал союға белгіленген санитарлық тазалыққа сай «Торғай–Ет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің комбинатында тұрғындар құрбандық малдарын шалды.
Одан кейін «Жігер» стадионында аталған мерекеге арналған рухани кеш ұйымдастырылып, онда қала әкімі Әмірхан Біркенұлы жиналған қауымды ерекше мерекемен құттықтады.
Құрбан айт мейрамына орай спорттың сегіз түрінен жарыс өткізілді. Жарыста үздік шыққандарға қаламыздың бас имамы Нұрханқажы Асанұлы бағалы сыйлықтармен дипломдарды табыс етті.
Басқосуда 100 балаға қайырымдылық мақсатында сый-сыяпат көрсетілді. Сайыс аяқталған соң мерекелік дастархан жайылды.
Сондай-ақ, Арқалық қаласына қарасты Фурманов ауылындағы «Тәубе» намазханасында да Құрбан айт мерекесі жоғары деңгейде өткенін тілге тиек еткен жөн.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жер бетіндегі күллі мұсылмандардың айтулы Құрбан айт «Мейірім мерекесі» болып табылады. Сондықтан белгілі дін қайраткері Бахытбек қажы Тәжімбет басқаратын өкілдік қызметкерлері оған жан-жақты дайындалды.
Әсіресе, қайырымдылыққа айрықша назар аударылды. Қостанай облыстық, Қостанай қалалық және Қостанай аудандық мешіттері бірігіп, 400 қолдауға мұқтаж отбасыға ет үлестірілді.
Оның ішінде 200 көмекке зәру отбасы Қостанай облыстық мешітіне, 168-і Қостанай қалалық мешітіне, ал 32-і мұқтажы Қостанай аудандық мешітіне келіп тіркелді.
Таратыңқырап айтатын болсақ, мереке күндері QURBAN2022.KZ сайты арқылы 15 онлайн түрінде мал шалынып, ет 75 отбасыға табыс етілді. Сонымен қатар23 қой және 2 ешкі офлайн түрінде сойылып, 200 отбасыға таратылды.
Жалпы, құрбандыққа шалынған ұсақ малдың саны 40-ты құрады. Әрқайсысының салмағы 30-35 келіден. Сойылған ірі қара 9. Сиырлардың салмағы 200-210 келі тартты.
Онлайн түрінде сойылған малдың еттері 150 отбасыға үлестірілді. Ал 1 офлайн түрінде шалынған малдың еті 50 отбасыға таратылды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, облыстық мешіт қызметкерлері өз міндеттеріне аса жауапкершілікпен қарап, қасиетті Құрбан айт мерекесін ұйымшылдықпен әрі есте қаларлықтай деңгейде өткізді. Шын мәнінде халықтың ыстық ықыласына бөленіп, олардың шынайы алғыстарына бөленді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанайлық мұсылман бауырларымыздың ислам дініне деген құрметі мен ықыласы жылдан-жылға артып келеді. Осы сөзіміздің нақты айғағындай облыстық мешіттегі құрбан айта намазына жұртшылық биыл да көп жиналды.
Найб имам әрі ұстаз АбдулхаҺар Ерматов бұл айттың ерекшелігіне тоқталып, үш күндік мерекеде атқарылатын игі мақсаттағы шаралар жайлы кеңінен айтып берді. Содан кейін аруақтарға бағышталып құран оқылды.
Мұндай айт намазы өңірдегі барлық мешіттерде өткізіліп, құрбандық шалумен қатар түрлі спорттық шаралар өткізілуде.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі