Жуырда өңіріміздегі Амангелді ауданы «Сатыбалды ишан» мешітінің жанынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығына орай яғни қазақ халқы үшін баға жетпес құнды мерекеміз тәуелсіздік күнінің қарсаңында жоғарыда аталған мешіт асханасының ашылу салтанаты болып өтті.
Рәсімге пандемия талаптарын сақтай отырып, аудан әкімі Әмірхан Біркенұлы, Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет және елге сыйлы қонақтар қатысты.
Жиында ауданның басшысы Әмірхан Біркенұлы осы асханаға атсалысқан барша жерлестеріне, мекеме, ұйым жетекшілеріне шын жүректен шыққан шынайы алғысын жеткізді.
Сондай - ақ айтулы рәсімге арнайы келген Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбеттің сөзі Амангелділік бауырларымыз бен сыйлы қонақтарға үлкен әсер етті. Ол аудан халқын тәуелсіздік күнімен және асхананың ашылуымен құттықтап, олардың отбасына бақыт, зор денсаулық тіледі.
Салтанат барысында аудандағы ардақты ақсақалдардың бірі - Балға Нұрғожин барлық қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын жаудырып, жерлестеріне ең ізгі тілегін білдірді.
Бұл басқосуда мешіт асханасының салтанатты ашылу лентасын Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет пен Сатыбалды ишанның ұрпағы Әскербек Мурзин қиды.
Ал асхана құрылысына көмегін тигізген аудан әкіміне, ұжымдар мен азаматтарға облыс және ауданның бас имамының атынан алғыс хат тапсырылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі