Жуырда өңірімізде Қарттар күні кеңінен аталып өтілгені белгілі. Ол күні Қостанай облысының өкілі Бахытбек Нұрғабылұлы бастап, қалалық «Жайлаубай ата», Қостанай аудандық «Маңдай батыр» және Рудный қаласының «Нұр» мешіттерінің бас имамдары Шоқан, Асылхан, Азамат қажылар игі іс атқарды.
Жылдағы үрдіс бойынша Рудный шаһарындағы қарттар үйінде болып, олардың тұрмыс-жағдайларымен танысты.
Өмірдің талай асуларынан өткен ардагерлерге лайықты құрмет көрсетіп, сый-сиапат жасады.
Сонымен қатар Фурманов ауылдық мәдениет бөлімінің қызметкерлері мерекелік концерт ұйымдастырып, әсем әнмен қариялардың көңіл күйін көтерсе, ауыл иамы Бақтыбай Нұрханқажы мерекелік дастархан жайып, қарияларды мерекемен құттықтады.
Сондай-ақ Қарабалық ауданының «Ғашура ана» және Ұзынкөл ауданының «Балықты» мешіттері де ақ жаулықты аналарымыз бен ақ сақалды қарттарымызға ерекше көңіл бөлді. Мысалы, Қарабалықта 90 жастан асқан Баттал Ақбаев пен Айғанша Сүндетбаева және 87 жасар Рахилә Тілеуқабыловаға жылы лебіздер айтылып, сыйлық тапсырылды.
Ал Ұзынкөл ауданында аудан әкімінің орынбасары Б. Мұхамедияров «Балықты» мешітінде бас қосқан ардагерлерге жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ осы аудандағы Ұлы Отан соғыс ардагері 95 жастағы Әнуар ата бата берді.
Троебрат ауылының тұрғындары Амангелді Батталұлы мен Палина Льентиевнаға да құрмет көрсетіліп, сый-сиапат жасалды.
Жалпы, өңірдегі барлық аудандар мен қалалардағы мешіттерде қарттар күні тиісті деңгейде аталып өтілді
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі