1 қазан саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын аға-апаларымыздың, қарияларымыздың төл мерекесі.
Халықаралық қарттар күні меркесіне орай Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіт қызметкерлері қаладағы қарттарды мерекемен құттықтап, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жасады.
Атап айтар болсақ Михаил Поповтың отбасын мерекемен құттықтап, үй шарушылығына көмектессе, төсек тартып қалған Мұхамбетжанов Мейрам ақсақалдың көңілін сұрап, үй ішінде қозғалып жүріп-тұруы үшін, балдақ алып берді. Ал, мүмкіндігі шектеулі Қаншайым Елеусізқызына «мүгедектер арбасы» тарту етілді. Сондай-ақ күнделікті тұтынатын азық-түліктер берілді.
Сонымен қатар Фурманов ауылдық мәдениет бөлімінің қызметкерлері мерекелік концерт ұйымдастырып, әсем әнмен қариялардың көңіл күйін көтерсе, ауыл иамы Бақтыбай Нұрханқажы мерекелік дастархан жайып, қарияларды мерекемен құттықтады.
Саналы ғұмырларын ел өркендеуіне арнап, тынымсыз еңбектенген қарияларымыздың өмір жолдары бүгінгі ұрпақ біздерге таусылмас қазына, үлгі-өнеге. Бас мүфти Серікбайқажы Сатыбалдыұлы хазрет имамдарға әрқашан қайырымдылық шараларды жиі өткізуді тапсырған болатын.
Ардақты да аяулы қарттарымыздың мерекесін жыл сайын лайықты түрде атап өту перзенттік те азаматтық бір борышымыз деп санаймын. Егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне, бейбіт те тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп есептеймін, – дейді қарттарға қамқорлық көрсеткен мешіт имамы Бектұрсын Торғайбайұлы.
Жаны жабырқаған жандардың жанына жылу сыйлап, көңілдеріне демеу болған мешіт қызметкерлеріне қариялар шынайы алғыстарын білдіріп, жүрекжарды тілектерін айтты.
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті