Мұсылман жұртшылығы үшін Мәуліт айының орны ерекше. Осындай мүбарак айда, қасиетті жұма күні Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде ардақты Алланың елшісінің ғұмырынан сыр шертетін мәуліт оқылды.
Адамзаттың асыл тәжі болған, екі дүние сәруарының (с.ғ.с.) ғибратты ғұмыры жайлы жиналған жамағатқа мешіт шәкірттері Дінмұхамед Торғайбай мен Дінмұхамед Сүлеймен Мәуліт қасидалары мен салауаттарын оқып, оларға жеткізе білді.
Мешіт имамы Бектұрсын Уәлиев ардақты Елшінің өмірінен уағыз айтып, салауат айтудың маңыздылығына тоқталып өтті.
Содан кейін мешітте дәріс алушы студент-шәкірттерге дастархан жайылып, Пайғамбарымыздың адамзат баласына жасаған дін насихатына байланысты өнегелі өмірі жайында уағыз айтылды.
Сондай-ақ мерейлі Мәуліт айында «уақытша ата-ана құқығынан» айырылған екі жасөпірімге қысқы аяқ киім тапсырылып, қайырымдылық жасалды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі