Арқалық шаһарында да қасиетті Рамазан айы биылда өз деңгейінде атқарылып жатыр. Ерекше атап өтер жайт, ол ораза ұстауға ниет білдірушілер саны жыл өткен сайын арта түсуде. Оның айқын дәлелі – мешітте ине шаншар орынның болмауы.
Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша жиналған жамағатты мешіттің имамы Бектұрсын Торғайбайұлы Рамазан айымен шын жүректен құттықтап, ораза мен тарауиқ намазы жайлы кеңінен мағлұмат берді.
Жұртшылықты ай бойы мешіт жамағатын қасиетті Құран аяттарына ұйытып, тарауих намаздарына имамдық ететін, яғни сонау Түркия елінен келген қаримен таныстырды. Ол Адана қаласынан келген 42 жастағы Уахап Ажджыоғлу бауырымыз.
Жалпы, Арқалық қаласы 2013 жылдан бастап, Рамазан айына арнайы қари алдырып келе жатқандығын айтып өткеніміз жөн. Қала халқы бұл үрдіске әбден үйренген.
Рамазанның алғашқы күнгі ауызашар рәсімін мешіт ұжымы өздері бастап берді. Онда мұндай іс-шараның сауабы орасан зор екендігі айтылды. Келесі күні-ақ бұл ауызашар рәсімі одан әрі жалғасын тауып, қала әкімі Э.Қонысбайұлының атынан арнайы дастарқан жайылып, намазхан қауымды Рамазан айымен құттықтады.