Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша өңіріміздегі имандылық ордасы болып табылатын мешіттерде 1 қазан-Халықаралық қарттар күні ойдағыдай аталып өтілді.
Мәселен, қазақтың қаймағы бұзылмаған Арқалық қаласындағы «Мұхтасиб Әлмұхаммед» мешітінде жаңадан тағайындалған Бас имам Нұрхан қажы Бақтыбайдың тікелей ұйымдастыруымен киелі орында осы мерекенің құрметіне арнайы дастарқан жайылды.
Онда «Қарттарым-асыл қазынам» деп аталатын тақырыпта уағыз айтылып, өмір белестерінен өткен аға буын өкілдерінің атына жылы лебіздер айтылды. Оларға лайықты сый-сияпат жасалды.
Мағыналы ғұмыр кешкен ақсақалды қарттарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз өздеріне қазіргі індетке байланысты қиындықтарға қарамастан ілтипат танытқан Бас имам мен мешіт қызметкерлеріне дән ризашылықтарын білдіріп, зор денсаулық, шапағаты мол жауапты қызметтерінде табыс тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі