Кеше Әулиекөл ауданына қарасты Аманқарағай елді мекенінде жаңа мешіттің ашылуына байланысты салтанатты бас қосу болып өтті. Осынау киелі орынның пайдалануға берілуіне байланысты жан-жақтан құрметті қонақтар жиналды.
Олар есімдері елімізге танымал дін қайраткерлері Сансызбай Құрбанұлы, Ерсін Әміре, Асқарбек Сарипбаев, Ораз қажы Олжабайұлы, Ризабек Батталұлы, Қабылбек Әліпбайұлы, Жасұлан Жүсіпбековтер болатын.
Салтанатты жиынды Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің наиб имамы Әлішер Ертайұлы жүргізді.
Мешіттің ашылуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ғұламалар кеңесінің мүшесі», Алматы орталық мешітінің наиб имамы Ерсін Әміре құран оқыды.
Ал аудан әкімі Ерлан Теменов жиналған қауымды шын жүректен құттықтап, оларға ізгілік тіледі.
Басқосуда ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы сөз сөйлеп, уағыз айтты. Жергілікті ағайындарға бұл ашылып отырған мешіт нағыз имандылық ордасына айналатындығына сенімді екенін жеткізді.
Көпшілік алдында Қазақстанның айтыс өнерінде қолтаңбасы ерекше Айбек Қалиев арнау орындады.
Осы арада аталмыш мешітке дін саласында көп еңбек сіңірген «Сабыр молданың» есімі берілгендігін атап өткеніміз жөн!