Таяуда облыстың бас имамы Бахытбек Тәжімбет Алматы қаласында өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген төралқа мәжілісіне қатысып, өңірдегі атқарылған жұмыстарға есеп берді.
Сол сапардан оралған соң облыстық мешітте жыл қортындысына байланысты жиын өткізді. Оған қала және аудандардың бас имамдары қатысты.
Бахытбек Нұрғабылұлы барлық әріптестеріне келер жылы да халыққа барынша жақындай түсіп жұмысты жандандыру қажеттілігіне ерекше тоқталды.
Алдағы жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жыл толуына орай жүзеге асырылатын бірқатар игі бастамаларды көтерді.
Оның ішінде мүфтияттың тапсырмасына орай республика көлемінде 30 мешітке күрделі жөндеу өткізу, 30 дін қызметкеріне үй беру, 30 көпір салу, 30 құдық қазу және 30 000 түп ағаш отырғызу секілді маңызды шараларға атсалысу мүмкіндігі тұрғандығын атап өтті.