Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкілдігі дін мен дәстүр аясында «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің жанындағы «Файзолла қари» оқу орталығының ұйымдастыруымен шәкірттерге сертификат табыс етті. Олар жазғы үш ай демалысты тиімді пайдаланып, уақыттарын босқа өткізбеді. Құран және тәджуидтен сабақ алды. Сөйтіп, қырыққа жуық бала құранға түсті.
Олардың ішінен 11 бала іріктелді. Осы талапкерлер қазір өңірдегі Қостанай ауданына қарасты Алтынсарин ауылында салынып жатқан қариларды даярлау медресесінің құрылысы аяқталғаннан соң оның алғашқы түлектері болады.
Осы балаларға құраннан дәріс беріп, әдеп пен имандылыққа баулыған білікті ұстаздар Мұртаза Балахмет пен Сұңғат Қызылбай екендігін ерекше атап өткен жөн.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі