Аталған шаһардағы Құран жарысына 7-13 жас аралығындағы 22 жеткіншек қатысты. Жарыс барысында «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Бектұрсын Уәлиев сайыстың мақсаты мен мәнін түсіндірді.
Құран жарысының шарты бойынша «Шәмс» пен «Нас» сүрелері аралығында 10 сүрені жатқа білуі және Құранды жүргізіп оқу номинациялары бойынша да сыналды.
Жандарбек Әмірхамзин және Фурманов ауылының имамы Нұрхан Бақтыбай әділқазылық етіп, Құран оқудың тағылымдық жағы мен артықшылықтары жайында тартымды насихат айтты.
Жүлде алғандарға демеушілердің көмегімен марапаттау хаты мен тұрмыстық техникалар және қаржылай сый-сияпат жасалды.
Сонымен қатар барлық қатысушыларға ынталандыру мақсатында алғыс хаттар мен сыйлықтар берілді.
Жарысқа қатысушы жас жеткіншектердің ата-аналары мешіт имамы мен ұстазы Арлан Бауыржанұлына бала тәрбиесіне зор ықпал ететін осындай жарыстарды ұйымдастырғандары үшін шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Баршаға мәлім, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2018 жылды – «Ислам және отбасы жылы» деп жариялады. Осы аса маңызды жайға байланысты жуырда Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде семинар өтті.
Аталмыш іс-шараға өкіл имам Бахытбек Нұрғабылұлы «Исламдағы жанұя үкімдері» тақырыбында келелі әңгіме қозғады.
Сондай-ақ есімі елімізге белгілі ғалым, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, мешіттің алқа мүшесі Жақып Қалқаман семинарға қатысушыларға «Балаға дұрыс ат қою» мәселесі бойынша танымдық жағы мол лекция оқыды.
Сонымен қатар облыстық дін істері жөніндегі басқарманың бас маманы Сапар Әбдиев жастарға «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген тақырыпта жан-жақты әңгімеледі.
Семинар соңында семинарға қатысушы жастар баяндама жасаған белгілі азаматтарға көкейде жүрген сауалдарын қойып, нақты жауап алды.
Осы арада бір тоқтала кетер бір жай, «Ислам және отбасы жылы» аясында ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің жанынан отбасы мәселелеріне байланысты «Кеңес беру орталығы» ашылып, оған найб имам Сыздыков Дархан Манарбекұлы тағайындалды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Қасиетті жұма күні Рудный қаласының «Нұр» мешітінде қала тұрғындары мен ақсақалдарының бас қосуында «Салт-дәстүр және діни рәсімдер» атты жиын өткізілді. Бас қосудың басты мақсаты – дәстүріміз бен дінімізді ұштастыра отырып, қазіргі таңдағы жаназа және жерлеу рәсімдері жайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қабылдаған ортақ тәртіп пен пәтуаларды халыққа жеткізу еді.
Осындай аса маңызды шараға Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің найб имамы Дархан Манарбекұлы мен Рудный қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлімгерей Сұлтанғазыұлы арнайы келді.
Алла тағаланың қалауымен кез-келген отбасының басына түсетін өлім, жақынынан айырылу жағдайлары қазіргі таңда көп адамдарға, яғни отбасы жақындарына үлкен қиындық тудырып, шариғат бойынша артық ысырапшылдыққа әкеп соғып жатқаны бәрімізге аян. Осындай ысырапшылдықтың алдын алу мақсатында діни басқарманың қабылдаған шешімдері халыққа кеңінен таныстырылса нұр үстіне нұр.
Сол себепті, мешітке жиылған жамағатқа қаланың зиялы ақсақалдары мен мешіт имамдарының жаназа рәсімдеріндегі болып жатқан орынсыз ысырапшылдықты кеңінен түсіндіріп, халықты бір тәртіпке бейімдеуге, Діни басқарма тарапынан шешілген ұстанымды біріңғай қабылдап, марқұм болған адамның алдындағы міндеттерімізді дұрыс орындауымыз керектігін көпшілікке жеткізді.
Жиын соңында Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Азамат Серікбайұлы Қостанай облысы бойынша «Салт-дәстүр және діни рәсімдер» атты конференциясында қабылданған шешімді халыққа жан-жақты түсіндірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілгінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай облыстық мешітінде «Салт-дәстүр және діни рәсімдер» атты конференция өткені белгілі. Бұл жиынға Қарабалық аудандық «Ғашура ана» мешітінің бас имамы және мешіт ақсақалдары қатысты.
Осы конференцияда қабылданған шешімді халыққа құлағдар ету мақсатында Серік Темірбекұлы бастаған «Ғашура ана» мешіті қызметкерлері аудандық ақсақалдар кеңесінде келелі жиын өткізді.
Аудан ақсақалдары қатысқан бұл басқосуда конференция шешімі бойынша жаназада ысырапшылдыққа жол бермеу жайлы ой қозғалды. Қызу әңгіме барысында жаназада берілетін ас мәзірі, қырқы,жылы өтетін күн жайлы хабарландырудан басқа марқұмның алдында сөз сөйлеуді тоқтату, ысырапшылдыққа жол бермеу, қойылатын құлпытас т.б. сияқты осы рәсімде қамтылатын көптеген сауалдар хақында талқыланды.
Аталмыш шешімде барлығы бірауыздан қолдады. Ал ақсақалдар кеңесінің төрайымы Сания Сұлтанбекқызы отырысты ұйымдастырған мешіт ұжымына шын жүректен шыққан шынайы алғысын білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкілгінің баспасөз қызметі
Қостанайда қасиетті Жұма күні бас имам Бахытбек Нұрғабылұлы «Қостанай Агро Продукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне «ҚМДБ Халал» куәлігін табыстады.
Кәсіпорын ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС-ның «Мал бауыздау және ет өңдеу» стандарты және «Халал» өнімдерді өндіруге, дайындауға, өңдеуге, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын талаптар стандарты бойынша тексеріліп, шығаратын өнімдері мен қызметтері шариғат талаптарға сай деп танылды.
Әрине бұл рұхсатнаманы алу кез-келген кәсіпорынға оңай берілетін дүнме емес. Ол үшін арнайы сараптама жасалып, толық тексерліп, көздері жеткен соң ғана осы аталмыш куәлік табыс етіледі.
Ал бұл Қостанайда ең алғашқы. Аталмыш кәсіпорынның негізгі қызметі өзіміздің күнделікті тұтынып жүрген төрт түлік малдың етін өңдеп сату.
Бұл орайда малды соятын қасапшы да осы стандартқа сай болуы тиіс. Осы кәсіпорынның бас қасапшысы Турикпенов Ергазы Жұмабайұлына да арнайы рұхсатнама мен мөр табысталды. Себебі ағамыз малды шариғат талабына сай өңдейтінін дәлелдеген.
Жалпы мұсылман қауымын шариғат талаптарына сай сапалы, сенімді өнімдермен қамтамасыз ету заман талабы. Осы орай елімізің барлық аймақтарында халал өнімдер саны күн сайын артып келеді және арта берсін!
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай өңіріндегі барлық қалалар мен аудандардың бас имамдары облыстық мешітте бас қосып, үш күндік семинар өткізді. Бұл жиында басты басымдық дініміздің өзекті мәселелері болып табылатын «Фикһ» және «Ақида» бойынша дәрістерге берілді. Аталмыш тақырыптарда бас имам Б. Тәжімбет және найб имамдар А. Ерматов пен Д. Сыздықовтар жүргізді.
Жиынның қортынды күнінде алдағы қасиетті Рамазан айына дайындық барысы туралы айтылып, жүзеге асырылатын нақты міндеттер пысықталды.
Семинарда ҚМДБ-ның бөлімдері бойынша тапсырмалардың орындалуы жайлы атқарылған жұмыстардағы жетістіктер мен кемшіліктер де жан-жақты талқыланып, тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар облыстағы жергілікті ақпараттық насихаттау тобының жиыны да өткізіліп, оған Қостанай облыстық дін істері басқармасының басшысы Ж. Үмбетов қатысты.
Мұндай кездесулер өте маңызды. Өйткені, онда имамдарға алдағы қызметтерінде пайдасын тигізетін жайлар қозғалады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Халқымыздың асыл қасиеттерінің қатарында – қайырымдылық, жомарттық және кеңпейілділік те бар. Өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу де үлкен азаматтыққа жатады.
«Жанашырлыққа – жан риза» демекші, қамқорлыққа мұқтаж жандардың жанынан табылып, оларға дер кезінде қол ұшын беру де сауабы мол іс әрі әрбір мұсылманның парызы болып табылады.
Осындай сауапты іске айрықша көңіл бөлген Арқалық шаһарындағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұжымы «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық акциясын ұйымшылдықпен өткізді.
Бұл жолғы қайырымдылық шарасын мешіттің «Әйел-қыздар» секторы ұйымдастырды. Онда сауат ашу курсының ұстазы Айнұр Болатқызының басшылығымен мешіт жамағаты мен шәкірттер қолдан жасалған тағамдарын әзірледі. Олар дайындаған бауырсақ, ыстық тоқаштар, құрт, жент және түрлі тәттілердің дәмі тіл үйіреді.
Осы акциядан түскен қаржы әлеуметтік жағынан аз қамтылған мұқтаж жандарға қайырымдылық мақсатында жұмсалады.
Әрине, Бектұрсын Уәлиев басқаратын мешіт қызметкерлері бұдан бұрын да қайырымдылық акцияларын тиісті деңгейде ұйымдастырып, көпшіліктің алғысына бөленді.
Болашақта да мұндай игі мақсаттағы шаралар жалғасын таба беретіндігі сөзсіз.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Арқалық қаласында ардагерлер кеңесі мен «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің мұрындық болуымен «Салт-дәстүр және діни рәсімдер» атты жиын болып өтті. Жиынның негізгі мақсаты - жаназа және діни рәсімдерді бірізділікке салуды насихаттау, аста-төк ысырапқа жол бермеу жайы.
Ұлттық салт-дәстүр мен діни рәсімдерді сақтаудағы аға буын өкілдерінің рөлі талқыланған жиынға қала әкімдігі, зиялы қауым өкілдері және қалаға қарасты әр ауылдың молдалары мен ақсақалдар, ардагерлер кеңесінің мүшелері, қоғамдық асхана-кафе басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды қала әкімінің орынбасары Т. Әубәкіров жүргізді. Ал бас имамы Б.Уәлиев жиынның алға қойған міндеті жөнінде жан-жақты түсіндірді.
Сондай-ақ белгілі дін қайраткері облыс орталығында өткен келелі конференцияда қабылданған шешіммен жұртшылықты таныстырды.
Одан әрі қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Ғапбасов шаһарда атқарылып жатқан діни рәсімдерге қосымша өз ұсыныстарын білдірсе, дін жанашыры Мираш қажы Тәшетов сөз сөйлеп, өз ойын ортаға салды.
Ақсақалдар алқасы жергілікті мешіт имамдарымен бірлесе отырып, тұрақты түрде жас жеткіншектерге дін мен қатар тәрбиелік мәні бар ұлттық ғұрыптарды да насихаттап, түсіндіріп отыру қажеттігін айтты. Өз дәстүрін білмеген, құрмет тұтпаған жас буын өзінің дінін де ардақ тұта алмай түрлі жат ағымның жетегінде кетіп қалуы мүмкін деген түйінге келді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Жақында Рудный қаласы Қашар кентіндегі «Кәмшат ана» мешітінде «Ислам және отбасы» жылы аясында мешіт қызметкерлерінің ұйымдастыруымен әйел жамағаты арасында «Ең дәмді тағам» сайысы және «Ата-анаға құрмет» тақырыбында шара ұйымдастырылды.
Бұл тағылымдық жағы мол жарысқа әділқазылар алқасы құрылды. Оған Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Азамат Серікбайұлы, Қостанай әйел-қыздар секторының өкілі Гүлдана Жаңабайқызы, Қашар кенті әкімінің орынбасары Айнагүл Сәбитқызы арнайы шақырылды.
Бір ғажабы, сайысқа қатысушы жүрегі нәзік жандардың бәрінің де дайындаған тағамдары бірінен-бірі өтерліктей дәмді болып шықты.
Сондықтан да әділ қазыларға нағыз жүйріктерді анықтау да жеңілге соққан жоқ. Дегенмен де олар бәрін де сарапқа сала келе шеберлердің есімдерін атады.
Өздерінің талғампаздықтарымен назарға түскен қыз-келіншектерге арнайы сыйлықтар табыс етілді. Жиынның соңында барлық қатысушыларға Қостанай әйел-қыздар секторының өкілі Гүлдана Жаңабайқызы өзіне тән парасаттылықпен Исламдағы әйел мәртебесі хақында әңгімеледі.
Жалпы, Ислам дінінде ата-анаға және әйел затына ерекше құрметпен қараған. Сол себептен де Қашар кентіндегі иманды да ибалы перзент тәрбиелеп, үлкен құрметке бөленген аяулы аналарымызға да мешіт атынан сый-сияпат табыс етілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Үстіміздегі жылы да «Ұлыстың ұлы күні» меркесі өңірімізде тиісті деңгейде аталып өтті деп толық айта аламыз. Биыл да ол Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасының аясында ұйымдастырылды.
Осынау мерекеге Қарабалық аудандық «Ғашура Ана» мешітінің ұжымы да жан-жақты дайындалды. Ол өткізілмес бұрын аудандық «Айна» газетіне іс-шара туралы хабарлама беріліп, мешіт жамағаты арнайы шақырылды.
Аталған ауданның әкімі Арман Алиев барша халықты ұлы мерекемен құттықтап, оларға ең ізгі тілектерін білдірді. Мейрамның танымдық-тағылымдық жағына айрықша назар аударылды.
Мәселен, осынау бағдарлама барысында жүн иіру, күбі пісу, диірмен тарту сияқты ұлттық кодымызға сай көріністер қойылды. Қос бүлдіршіннің тұсауы кесіліп, ақсақалдар ақ батасын берді.
Қазақтың ежелден келе жатқан өзге де көне салт-дәстүрлері көпшілікке ұсынылды. Жиналған қауымға мешіт жанашырлары арнайы ас дайындап, наурыз көже таратып, дастархан жайды.
Басқосуда осындай есте қаларлық шараны ұйымдастырған „Ғашура ана„ мешітінің ұжымына шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын жаудырды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі