Баршаға мәлім, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2018 жылды – «Ислам және отбасы жылы» деп жариялады. Осы аса маңызды жайға байланысты жуырда Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде семинар өтті.
Аталмыш іс-шараға өкіл имам Бахытбек Нұрғабылұлы «Исламдағы жанұя үкімдері» тақырыбында келелі әңгіме қозғады.
Сондай-ақ есімі елімізге белгілі ғалым, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, мешіттің алқа мүшесі Жақып Қалқаман семинарға қатысушыларға «Балаға дұрыс ат қою» мәселесі бойынша танымдық жағы мол лекция оқыды.
Сонымен қатар облыстық дін істері жөніндегі басқарманың бас маманы Сапар Әбдиев жастарға «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген тақырыпта жан-жақты әңгімеледі.
Семинар соңында семинарға қатысушы жастар баяндама жасаған белгілі азаматтарға көкейде жүрген сауалдарын қойып, нақты жауап алды.
Осы арада бір тоқтала кетер бір жай, «Ислам және отбасы жылы» аясында ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің жанынан отбасы мәселелеріне байланысты «Кеңес беру орталығы» ашылып, оған найб имам Сыздыков Дархан Манарбекұлы тағайындалды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі