Мұсылман күнтізбесінде қасиетті Ережеп айынан кейін келетін берекелі ай ол – Шағбан айы. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл айды аса жақсы көріп, басқа айларға қарағанда ерекше бағалаған екен. Себебі бұл айда адамның жыл бойғы әрбір істеген амалдары Алла Тағаланың алдына ұсынылатындығы айтылған. Бұған дәлел сахаба Усама ибн Зәйд шағбан айында мұншалықты көп ораза ұстау себебін сұрап: «Уа, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Сенің шағбан айында ұстаған оразаң секілді өзге айларда ұстағаныңды көрмедім», - дейді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп жауап берген: «Шағбан ережеп пен рамазан арасындағы адамдар бұдан ғапыл болып жататын ай. Бұл айда амалдар Раббымызға жеткізіледі. Мен де амалымның ораза ұстаған сәтінде жеткізілуін қалаймын»,- дейді.
Сол секілді Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл айда әртүрлі нәпіл құлшылықтарын арттырып, әсіресе көбірек ораза ұстаған. Саңлақ сахаба Әнас ибн Мәлик те былай дейді, бірде Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?»,- деп сұраған кезде: «Рамазан айының құрметіне Шағбан айында тұтылған ораза»,- деп жауап берген екен.
Ғұламалар осы хадистердің негізінде Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы айда оразаға көбірек мән бергенінің басты екі себебін айтқан. Біріншісі: Шағбан - көпшілік адамдар Ережеп пен Рамазан айларының арасында байқаусызда өткізіп алатын ай болғандықтан. Себебі құлшылық амал қаншалықты байқаусыз уақыттарда болса соншалықты оның сауабы мен маңыздылығы арта түсетіні мәлім. Оған дәлел ол құлшылықтан Аллаға деген ықыласы мен Жаратушыға етене жақындығы артатындығында. Мысалы; көпшілік адамдар байқаусызда қалатын түнгі таһаджуд намазы секілді. Ал, екіншісі: Пенденің жасаған ізгі амалдары әлемдердің Раббысына көтерілетін ай болғандықтан. Сондықтан да Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен осы айда ораза тұтамын - деген. Олай болса мұсылман қауымға бұл айда нәпіл оразалар ұстап сауабы көп ізгі амалдардың үстінде болу маңызды.
Сондай-ақ ғұламалармыз пенденің жасаған амалдары Алла Тағаланың алдына ұсынылатыны жөнінде үш түрлі дәрежеде іске асатынын айтқан. Осы жөнінде Имам ибн Ражаб ал-Ханбали (р.а.) айтады. Бірінші дәреже: Күнделікті ұсынылып тұруы. Ол таң намазы мен екінді намаздары уақытында. Әбу Һурайра (р.а) риуаят еткен, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге түнде бір періштелер, күндіз бір періштелер алмасып келіп тұрады. Олар таң намазы мен екінді намазында жиналып, сосын сендермен түнде бірге болғандар көкке көтеріледі. Сонда Алла олардан жақсы біліп тұрса да: «Пенделерімді қандай жағдайда тастап келдіңдер?» – деп сұрайды. Ал олар: «Біз оларды намаз оқып жатқандарында тастап келдік, сондай-ақ, олар біз оларға барғанымызда да намаз оқып жатыр еді», – деседі». Екінші дәреже: әр апта сайын ұсынылып тұруы. Ол әр бейсенбі күні болады. Бұған дәлел Имам Ахмадтың (р.а.) Әбу Хурайрадан (р.а) жеткізген хадисте Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқанын естідім: «Расында адам баласының жасаған амалдары әр бейсенбі жұманың түнінде Алла Тағалаға ұсынылады, тек туған-туыстың арасын үзген адамның амалы қабыл етілмейді» дейді. Ал, үшінші дәреже: бір жыл бойы жасаған амалдардың ұсынылып тұруы. Ол шағбан айында ұсынылады. Оған дәлел жоғарыда келтірілген сахаба Усама ибн Зәйдтен келген хадис. (Ләтаифүл-Мәариф, 191-193 бет).
Рамазаннан алдыңғы ай шарапатты Шағбан айы болғандықтан ардақты елші (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) берекесі мол айға әзірлік ретінде Шағбан айында парыз құлшылықтармен қатар нәпіл ғибадаттарын көбейтіп, Алланың көркем есімдерін мадақтап, зікір етіп, шүкіршілігін арттырып, кедей-кепшікке садақа берген. Үмметтің үлкендері де бұл айда құлшылыққа жаңаша құлшыныспен кірісетін. Құран Кәрім аяттарын қайталап, нәпіл құлшылықтарына көңіл бөліп, жалбарына кешірім тілеп, зекет парыздарын орындап, жоқ-жітікке қарасатын. Жетім, жесір, жалғызбасты кісілерге көмектесіп, қарттардың көңілін аулайтын.
Имам Ибн Раджаб (р.а.) былай деген: «Рамазан айы Шағбаннан кейін келетіндіктен, бұл айда ораза тұтып, еселеп Құран оқу өте қалаулы болып табылады» (Ләтаифүл-Мәариф, 258 бет). Сол секілді Салама ибн Куһайл айтады: «Біздің уақытымызда Шағбан айы Құран оқушылар айы деп айтылатын ал, Амр ибн Қойс Шағбан айы кірген кезде дүкеншесін жауып уақытын тек Құран оқуға арнайтын болған» (Ләтаифүл-Мәариф,196 бет) деген.
Пендесіне аса мейірімді Алла Тағала шағбан айының ортаңғы түні мен күндізіне мол мүмкіншіліктер жасырған. Сол түні кім ықыласты болып ізгі амалдарда ыждахаттылық танытса Аса Жомарт Иенің мол сауабына иеленіп қана қоймай, күнәлары кешіріліп дұға-тілектері қабыл болу мүмкіндігі молая түседі. Бәраат түні – періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Сондықтан бұл түнде жағдайы келіп жатса Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көп салауат айтып, Алладан біліп-білмей істеген күналарымыздың кешірілуін тілеп (истиғфар), дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал. Айрықша түн жайлы келген кейбір хадистерге тоқтала кетсек.
Муаз ибн Жәбәл (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді: «Алла Тағала Шағбаны айының ортасы толған түні құлдарына мейірімін жаудырады да барлығының күнәсін кешіреді. Тек қана Өзіне серік қосушы мен жүрегінде мұсылман бауырына деген кегі бар адамнан басқаны мейіріміне бөлейді» деген. Олай болса мұсылман кісі бұл түні барынша өзін рухани тазартуға ұмтылуы керек. Осыған байланысты сахих ибн Мажаһта келген хадисте Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Қайсы адам ең ізгі абзал адам деп сұралған кезде «Әрбір жүрегі таза әрі әрдайым шын сөйлейтін кісі деді. Сонда сахабалар Уа, Алланың елшісі! шыншыл кісіні түсіндік ал жүрегі таза дегенді түсіндірсеңіз деді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ол - тақуа әрі таза, ешбір күнәсі де зұлымдығы болмаған және жүрегінде өзгеге күншілдігі де, көре алмаушылығы да болмаған кісі» деді. Қай жағынан алып қарасақ та, құт пен берекеге толы бұл түнді мұсылман жұртшылығы «Бараат түні» деген атаумен ерекше мереке ретінде атап өтеді.
Сөз соңында айтар болсақ, берекеге толы шағбан айын ескерусіз қалдырмай құлшылықтарға құлшыныспен бұрылып, күндіз ораза ұстап, түнде құлшылық жасаған нәтижесінде Алла Тағала баршамызды Шағбан айының берекесіне кенелтіп, құлшылықтарымыз арқылы тақуалыққа, иман ләззатын сезінуге әрі Жаратқан иемізге бір табан жақындай түсуімізді нәсіп етсін!
Серік Рахым Темірбекұлы
Қарабалық ауданы «Ғашура ана» мешітінің бас имамы
[1] Насай, Саум
[2] Муслим, Саум
[3] Тирмизи, 657
[4] Бұхари 540, Муслим 1035
[5] Мүснәд Ахмад ибн Ханбал,10079
[6] Байһақи, 3674
[7] Ибн Мәжә, Зуһд 4214
Таяуда Қостанай қалалық "Жайлаубай ата" мешітінің жамағаты мен шәкірттері "Дархан Дала" жобасы аясында ұлы ағартушы, даңқты жерлесіміз Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай оның есімі берілген Қостанай облыстық мемориалдық мұражайда болды.
Қайталанбас тұлғаның өткен мағыналы өмір жолы, халқына сіңірген ерекше еңбегімен жан-жақты танысты. Көп жайды көңілдеріне түйді. Мол мағлұматтар алды.
Жұртшылыққа үстіміздегі жылы ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толатыны белгілі. Осы айтулы мерейтой "ЮНЕСКО" көлемінде аталып өтпек.
Сондықтан жоғарыда аталған бауырларымыз мемориалдық мұражайдан кейін шаһарымыздағы ұлт ұстазының ескерткішіне тағзым етті. Мұндағы олардың алдына қойған басты мақсат - қазақ елінің жарқын болашағына адал қызмет етуге бүкіл саналы ғұмырларын арнаған бабаларымызға құрмет көрсету арқылы өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру еді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешіті дінімізде қасиетті саналатын Ережеп, Шағбан, Рамазан айларының құрметіне игілікті шаралар ұйымдастыруын жалғастыруда.
Бұл жолы бейсенбі күнгі арнайы ауызашарға Әулиекөл ауданындық «Әмит ишан» мешітінің жамағаты шақырылып дастархан жайылды.
Шарада салт-дәстүрімізге сәйкес ұлттық ойындар ойнатылды. Оның ішінде «Асық ату», «Жілік сындыру» және «Арқан тарту» бойынша сайыс өткізілді.
Соңында жеңімпаздар марапатталып, бата жасалды. Бұл шарның ең басты басқосудағы мақсаты жамағат бірлігі мен татулығы, оның тұтастығы мен ауыз біршілігін нығайту. Арнай келген қонақтар ризашылығын білдіріп тарқасты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
03.03.2022 Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің ұйымдастыруымен Қостанай ауданы Майкөл ауыл тұғындарымен кездесу өтті. Ол кездесуде Бас имам Дархан Манарбекұлы «Ырыс алды - ынтымақ» тақырыбында уағыз-насихат өрбіткен болса, найб имам Азамат Серікбайұлы орыс тілінде уағыз айтқан болатын. Іс-шара соңында тұрғындардың көкейтесті сұрақтарына тұшымды жауаптар берілді.
ЖақындаҚостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің найб имамы Жарылқасын Әсет «Міржақып Дулатов» атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің студенттерімен тағылымды кездесу өткізді.
Онда «Ырыс алды-ынтымық», «Бақыт алды- бейбіт» тақырыптары қозғалып, тыңдаушы қауым ұмытылмас әсер алды. Олар мұндай жүздесулердің берері мол екендігін айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық политехникалық колледжінде «Өмір шексіз керуен» тақырыбында студенттермен қызықты кеш өтті. Оған шаһардағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Нұрхан Асанұлы арнайы қатысып, уағыз айтты.
Білім ордасының басшысы өзінің ғибратты сөздерімен жастардың бойына рухани нәр құйып жүрген дін қайраткеріне ілтипат білдіріп, Алғыс хатпен марапаттады.
Сондай-ақ, колледжге тұрақты демеушілік танытып жүрген азаматтарға да лайықты құрмет көрсетті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Нұрхан Асанұлы шаһардағы мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беретін мектеп ұжымымен жүздесті.
Мұнда мейірімділік тақырыбында уағыз айтылып, адам бойындағы адамгершілік қасиеттері жайында әңгіме қозғалды. Қатысушылар бас имамның ұлағатты сөзін тыңдап, көп жайды көңілдеріне түйді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Алғыс күніне орай Денисов аудандық мешітінің Бас имамы Руслан Маратұлы жергілікті № 3 қазақ орта мектебінде болып, білім және ғылым жөнінде әңгіме өрбітті.
Сондай – ақ, ол өз сөзінде жастарды еліміздің өркендеуіне лайықты үлес қосуға, аянбай еңбек етуге, ынтымақ пен бірлікті нығайтуға шақырды. Кездесуге мектеп мұғалімдері мен мектеп оқушылары қатысып, көкейде жүрген сауалдарын қойды.
Жиын соңында мектеп әкімшілігі атынан Руслан Маратұлына білім ордасына қолдау көрсеткені және азаматтық белсенділігі үшін мадақтама қағазы берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Нұрхан Бақтыбай шаһардағы УК-161/12 еңбекпен түзету мекемесінің қызметкерлерімен кездесті.
Онда «Мейірімділік - қасиетті ұғым» тақырыбында әсерлі уағыз айтты.Өзіне қойылған сауалдарға жауап беріп, ол «Сіздердің бойларыңыздан әрдайым мейірімділік әдебі көрініп тұруы керек» -деді.
Түзету мекемесі басшысының трбие жөніндегі орынбасары, әділет майоры Дархан Нұрекешов бас имамға алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Уақып бұл – Алла разылығы үшін белгілі бір мүлікті қайырымдылық жолына арнау немесе бағыштау. Уақып – істелуі ұнамды болған және Аллаға жақындататын хайырлы іс. Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Маңдай терлеріңмен тапқан малдарыңды және біздің сендер үшін жерден шығарғандарымызды Алла жолында сарп етіңдер!» (Бақара-267) деп, ескерткен. Және бір аятта: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да Алла оны сөзсіз біліп тұрады», (Әли Имран-92) деген.
Әбу Һурайрадан (р.ғ.) риуаят бойынша: «Алланың Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Садақа Раббының ашуын басады және жаман өлімді қайтарады» (Тирмизи) деп, Алла жолында садақа берудің сауабын айтып өткен.
Саңлақ сахабалар өз дәуірінде бар мал-мүлік, жиған қаражатын халықтың игілігі жолында, Алланың разылығын алу мақсатында сарп ететін болған. Бұл қоғамдағы жарлы-жақыбай, кедей-кепшіктерді тұрмыс тауқыметінен құтқарса, уақып жасаушы жанды мол сауапқа кенелткен. Мәселен, Әнас ибн Мәликтің өгей әкесі Әбу Талха, Алла елшісінен жоғарыдағы аяттарды естіген бетте «Бейруха» есімді сүйікті бақшасын дереу Алла жолына бағыштап, уақып еткен.
Бірде Омар ибн Хаттаб (р.ғ) пайғамбарымызға келіп: «Уа, Алланың елшісі, мен Хайбар соғысында бір жерді өз меншігіме алдым, осы жер хақында маған қандай әмір бересің?», деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Егер қаласаң ол жерді уақып қыл да одан түскен пайданы садақа қылып отыр», деп кеңес береді. Омар (р.ғ) содан кейін ол жерді ешкімге сатылмайтын, мирасқа да қалмайтын қылып садақа етеді. Одан түскен пайданы мұқтаж жандарға, Алла жолындағы жақсылықтарға, жолаушыларға садақа қылып беріп отырды. Ал, ол істі мойнына алған яғни пайданы жинап отыратын кісінің сол кездегі жағдайға сәйкес ішіп жемі мен еңбегін де беріп отырды. Ислам ғұламалары Омардың (р.ғ) өз меншігіндегі жерін уақып қылуын «Ислам тарихындағы ең алғашқы уақып» деп санаған. (Абдулла ибн Абдурахман Әл Бәссәм, Таузихул ахкам мин Булуғил марам, 1-7, Мәктәбәтул Әсәди)
Ал, енді біздің бабаларымыз уақыпқа қалай амал жасады?
Қоғам қайраткері, жазушы, ақын, аса көрнекті ағартушы, жалынды көсемсөз шебері, айбарлы алты алаш үшін жанын қиған асыл арыстардың бірі Міржақып Дулатұлы бір өлеңінде:
Жарар еді ортада мешіт салсақ,
Қаза қылмай намазды барып тұрсақ,
Бір ғалымды фазыл заттан имам сайлап,
Байларымыз жиналып уақып қылсақ.
Барша түркі жұртының алтын бесігіне айналған, рухани астанамыз саналатын Түркістанда Ақсақ Темірдің, Қожа Ахмет Яссауиға арнап салғызған кесене-мешіті орасан зор мұра. Тарихи деректерден Ақсақ Темір осы кесене-мешітті уақып етіп салып, «уақыпнама» қалдырған.
Батыр да дана бабаларымыз өзге елде жүріп те халыққа пайдалы қыруар еңбек жасаған, арғысы Сұлтан Бейбарыс бабамыз Мысыр еліндегі салған мешіті болса, бергісі Құнанбай қажының Меккедегі уақып етіп салып кеткен тәкиесі – халқымыз үшін ардақты мекен болып саналады. Бүгінгі күні де елқамын ойлаған азаматтарымыз мешіт, медресе салып, халықтың ыстық ықыласына бөленуде.
Уақыптың пайдасы мен хикметі:
- Дүние мүлкін Алла жолында уақып қылу Аллаға жақындатады. Мұсылман осы арқылы үлкен сауапқа ие болады және ол үшін бұдан асқан үлкен қайырлы іс болмайды.
- Уақып арқылы қайтыс болған мұсылманның сауабы үзілмей артынан барып тұрады. Негізінде бір мұсылман қайтыс болған кезде бүкіл іс әрекеттерінің сауабы үзіледі. Ал жасаған «уақып амалының» сауабы үзілмейді. Сол арқылы оның рухы қабірде нұрланатын болады. Қайтыс болған мұсылманның артынан салихалы ұрпағының дұғасы, пайдалы білімінің және қылған уақып амалының сауабы барып тұрады.
- Уақып мұсылмандардың қажетіне асады және осы арқылы Ислам дінінің дамуына өз үлесін қосады.
Қадірлі ағайын, қымбатты бауырлар! «Уақып» тақырыбы еліміз үшін, дініміз үшін өзекті мәселе. Қазіргі таңда ҚМДБ-ның тікелей қолдауымен «Уақып қоры» өз жұмысын бастап кетті. Қордың мақсаты дәстүрлі рухани құндылықтарды дамыту, діни ғимараттар мен әлеуметтік нысандар құрылысын бірлесіп салу, дін қызметкерлеріне қолдау көрсету, олардың біліктілігін арттыруға көмектесу. Сонымен қатар мұқтаж жандарға материалдық көмек көрсету болып табылады.
«Өзін ғана ойлаған, Жамандықтың белгісі.
Өзгені де ойлаған, Адамдықтың белгісі» - демекші, асыл дініміз Ислам әрдайым өзгелерге көмектесуге, қамкөңіл жандардың қамын жеуге үндейді. Сондықтан қолымыздан келгенше, дүние-мүлкімізден Алла жолында уақып етуді ұмытпайық. Құдай тағала кәсіптеріңізге береке беріп, адал табыс табуды нәсіп еткей!
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің имамы Бектұрсын Уәлиев