Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Жастар ісі секторының ұйымдастыруымен Республикалық бас мешітте «DINTELLECT» интеллектуалды білім сайысы өткені белгілі.
Осы жарыста Қостанай облысынан наиб имам Әлішер Ертайұлы бастап барған команда терең білім көрсетіп, жүлделі үшінші орынды жеңіп алып, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атынан марапатқа ие болды.
Сөйтіп, олар өңіріміздің абырой-беделін асқақтатты. Жерлестерімізді осы жетістіктерімен шың жүректен құттықтаймыз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі.
ҚМДБ-ның жанындағы «QAMQOR-SHARAPAТ» салттық қызмет көрсету орталығының бастамасымен елімізде бүгінгі заман талабына сай қыруар жұмыстар атқарылып, аймақтарда түсінік жұмыстары жүргізілуде.
Осы сөзіміздің нақты дәлелі ретінде жуырда аталған орталықтың директоры Мейрамбек Қабылбекұлы Рсымов Қостанай өңіріне арнайы іс-сапармен келді. Ол жергілікті «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде облыстың аудандары мен қалаларының бас имамдарымен семинар өткізді.
Жиынға облыстың Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы, облыстық дін істері басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, Қостанай қалалық әкімдіктің цифрландыру бөлімінің және осы саланың білікті мамандары қатысты.
Мейрамбек Қабылбекұлы «Зират және зиярат мәдениеті» туралы маңызды құжатты басшылыққа ала отырып, зираттарды цифрландыруға байланысты нақты мысалдар келтірді. Осы маңызды жұмысты бір ізділікке түсіру жайлы жан-жақты баяндады.
Оның айтуына қарағанда, зираттарды цифрландыру жұмыстары алдымен қалалық жерлерде, келесі жылдан бастап аудан мен ауылдарда қолға алынбақ.
Семинар барысында имамдар тарапынан сауалдар қойылып оған нақты жауаптар берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі.
Жұртшылық Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшелері еліміздегі аймақтарда болып, ислам дінін өркендетуге лайықты үлесін қосып келе жатқандықтарынан хабардар.
Міне, солардың бірі – ақида (сенім мәселесі) тақырыбын жан-жақты зерттеп жүрген айтулы маман Нұрсұлтан Мамедалиев. Ол Тобыл-Торғай өңіріне арнайы келген іс-сапарында аудан және қалалардың бас имамдарына дәріс оқыды.
Дәріс барысында өзі жетік білетін ақида іліміне қатысты мәселелерді қозғады. Мәселен, бұл күндері көпшілікті толғандырып отырған теріс ағымдардың алдын-алу, одан жастарды сақтандыру бағытында егжей-тегжейлі түсіндірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі.
Жақында Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде өңірдегі аудан және қала имамдарының қатысуымен «Имамның тұлғалық келбеті деп аталатын семинар» өткізілді.
Онда бүгінгі таңдағы маңызды әрі әрбір имандылық ордасындағы имамдардың заман талабына сай қызметтік міндеттерін айқындайтын «Имамның тұлғалық келбеті» тақырыбы өзек болды.
Алдымен наиб имам Бақытжан Икрам ҚМДБ-ның имамдар форумында қабылданған «Имамның тұлғалық келбеті» құжатын басшылыққа ала отырып, оларға тән көркем-мінез, адалдық, жауапкершілік және басқа да қасиеттер жайлы сөз етті.
Сонымен қатар семинар одан әрі жалғасып, облыстағы білікті жас мамандардың бірі, Алтынсарин аудандық «Алдиярұлы Жанұзақ» мешітінің бас имамы Ансаған Абдрахман дәріс оқыды.
Ол дәріс барысында бүгінгі таңдағы имамдар басшылыққа алатын басты қағидаттар Усул аль-фиқһ «Фиқһ негіздері мен анықтамаларынан дұрыс алу», сондай-ақ жамағаттарға Құран мен хадистегі кейбір мәселелерді дұрыс ұғына білу және түсіндіру жайын кеңінен баяндады.
Семинарға қатысушылар баяндамашының келтірген деректер мен дәйектерінен көп жайды көңілдеріне түйді. Өздерін толғандырып жүрген мәселелерге тұшымды жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі.
Елордамыз Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында «Жастар – руханият шамшырағы» ІІ республикалық Жастар форумы болып өтті.
Осы маңызды жиынға Қостанай облысынан да бір топ жастар қатысты. Ал облыстық мешіттің наиб имамы, Жастар ісі секторының басшысы Әлішер Балахмет қажырлы еңбегі үшін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Алғыс хатымен марапатталды.
Біз Алишер Ертайұлын марапатымен құттықтай отырып, мықты денсаулық, жауапты қызметінде табыс тілейміз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі.
Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Уәлиевтің төрағалығымен өңірдегі аудан және қала имамдарының өзекті мәселелерді қараған жиыны болып өтті. Оған облыстық дін істері басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов қатысты.
Ол алдымен әріптестерін Қасиетті мәуліт айымен шын жүректен құттықтады. Барша имамдардың алдында тұрңан келелі міндеттерге жан-жақты тоқталды.
Таратып айтатын болсақ, тәртіптің қай қызметте болсын ерекше орын алатындығын тілге тиек етті. Имам қазіргі таңда басты тұлғаға айналу үшін оның бойында кішіпейілділік, адалдық, білімділік,, парасаттылық, тың ізденіс секілді қасиеттер табылуға тиіс екендігінің еске салды.
Сондай-ақ діни рәсімдер, мешіттердің ішкі-сыртқы тазалықтарына айрықша көңіл бөлу секілді жайлар қамтылды. Имамдардың тарапынан сауалдарға нақты жауап берілді. Мұндай маңызды тақырыптарды арқау еткен жиындар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі.
Жуырда облыстың Бас имамы Бектұрсын Уәлиев Қостанай ауданына қарасты Озерный ауылындағы қалпына келтіріліп жатқан намазхананың құрылысымен танысты.
Жұмыс барысы көңіл қуантарлықтай. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, Бас имаммен бірге жоғарыда аталған ауданның әкімі Берік Таңжарықов және «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Дархан Манарбекұлы болды.
Аудан әкімі Берік Қуанышұлы тарапынан қолдан келген көмек жасалмақ. Ол болашақта осында қызмет атқаратын дін қызметкерін баспанамен қамтамасың етуге уәде берді.
Құрылыс жұмысы осы қарқынмен жалғаса берсе, имандылық ордасы жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі деген үміттеміз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің найб имамы Нұрлан Сейдағалиев Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігіне қарасты Қостанай облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлерімен кездесті.
Білікті маман жиында қазіргі таңдағы өзекті мәселе «Деструктивтік ағымдар» туралы уағыз айтты. Жүздесу өте әсерлі өтті. Қатысушылар оны ұйып тыңдап, өздерін толғандырған сауалдарға нақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қасиетті жұма күні Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінде облыстың Бас имамы Бектұрсын Уәлиев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы бұйрығымен осы имандылық ордасына бас имам болып тағайындалған Сабыржан Зейнелғабиденұлы Есмурзинді жұртшылыққа таныстырды.
Белгілі дін қайраткері Бектұрсын Торғайбайұлы оны шын жүректен құттықтап, жауапты қызметінде табыс тіледі. Ол осыған дейін Рудный шаһарындағы «Нұр» мешітіне басшылық етті. Оның алдында ұзақ жылдар бойы өңірдегі бірқатар аудандар мен қалаларда жемісті қызмет атқарып, үлкен абырой мен құрметке бөленді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Жастар ісі» секторының бастамасымен «Таза әлем» тазалық акциясы өткізіліп жатқаны белгілі. Оны біздің Қостанай облыстық мешітінің қызметкерлері де бірауыздан қолдап, оған өздерінің лайықты үлестерін қосуда.
Бүгін облыстық мешітте ол игі жалғасын тапты. Әп-сәтте аталмыш мешіттің айналасы мен ауласы тазартылып, айнадай жарқырап шыға келді. Оған облыстың Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлынан бастап, барлық найб имамдар мен дін қызметкерлері белсене атсалысты.
- «Тазалық – иманның жартысы» деп босқа айтылмайды. Сондықтан біздің мешіттің қызметкерлері мұндай ортақ іске әрқашан да жұдырықтай жұмыла кірісіп, ұйымшылдық танытады. Олардың белсенділігінің арқасында ауламыз тазартылып, келушілердің назарын бірден аударды, - дейді найб имам Әлішер Ертайұлы.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі