Бәлкім көзі қарақты оқырманның есінде болар, өңірде зираттарды тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Қазан айының алғашқы күні Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиевтің бастамасымен «Әуежай» шағын ауданындағы зираттың айналасы тазартылды.
Бұл сауабы мол іске облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы», қалалық «Жайлаубай ата» мен «Марал ишан» мешіттерінің имамдары, дін қызметкерлері мен жамағаттар белсене атсалысты.
Аталмыш зираттағы жиналған қоқыстарды тасымалдауға «АБЗ плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы техника жағынан қолдау көрсетті.
Алдағы уақытта да мұндай жұмыстар жыл сайын көктем және күз айларында жалғасын тауып, мұсылман бауырларымыз өздерінің лайықты үлестерін қоса бермек.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы тәжік диаспаросының жанашырларымен бірге Мәуліт-шариф оқуын үйымдастырды.
Оған қаламен іргелес жатқан арнайы «Алтын дала» және Жамбыл ауылының имамдары бастаған жамағаттар қатысып, жиынның мәртебесін арттырды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы «Қамқор-шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының басшысы салауат-шарифті тыңдап, ерекше әсер алды. Басқосудан кейін құптан намазы оқылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Тараз қаласында өткен «HALAL EXPO-2024» халықаралық көрмесінің ашылу салтанатында бірқатар үздік халал кәсіпорындар мен мамандарды марапаттады.
Жиында Қостанай облыстық өкілдіктің жұмысы да жақсы жағынан аталды. Өңіріміздегі халал индустриясын дамытуға айтарлықтай үлес қосып жүрген Әлішер Ертайұлы Балахмет «Үздік маман - 2024» номинациясы бойынша таңдаулылар қатарында аталып, облыстың абыройын асқақтатты.
Жас та болса біліктілігімен дараланған ізденімпаз бауырымызды марапатымен шын жүректен құттықтаймыз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Арқалық қаласындағы политехникалық колледждің №2 жатақханасында студенттермен тағылымды кездесу болып өтті.
Онда жергілікті "Мухтасиб Әлмұхаммед" мешітінің Бас имамы Нұрхан Асанұлымен "Иман - жүрек айнасы" деп аталатын рухани-мәдени іс-шара ұйымдастырылып, қатысушыларға үлкен әсер қалдырды.
Басқосу барысында оқып жатқан жастар көкейде жүрген сауалдарын қойып, оған тиянақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешіті алқа мүшелерінің жиыны болып өтті. Онда бас имам Әкімбек Асанов «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті» жайлы жан-жақты түсіндірді.
Сонымен қатар жаназа, қырқы, жылдық астарда ысырапшылдыққа жол бермеу жөнінде тілге тиек кетті. Ақсақалдар имамның өзекті мәселені қозғаған уағызын мұқият тыңдады. Оның пікірін бір ауыздан қолдады.
Алқа мүшелері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Жиын соңында ардақты ақсақал Есенгелді Амантаев бата берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Бүгін Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев кезекті іс-сапармен Рудный қаласында болды. Ол жергілікті «Нұр» мешітінде жамағатпен кездесіп, жұма уағызын өткізді.
Жиналған жұртшылықтың алдында осы имандылық ордасын басқарған Сабыржан Есмурзинді жемісті қызметі үшін ризашылығын білдіріп, халықтың атынан иығына шапан жапты.
Сондай-ақ, жамағатқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен «Нұр» мешітіне Бас имам болып тағайындалған Серік Рақымды таныстырып, жаңа жауапты жұмысында сәттілік тіледі.
Рудныйлықтар Серік Темірбекұлын жылы қабылдады. Ол бұған дейін Қарабалық аудандық «Ғашура ана» мешітінде басшылық етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Дүниеден өткен кісіге құрмет көрсету тіріге міндет екені белгілі. Сондықтан жерленген ата-баба, әке-шеше, бауырларымыздың қабірін аяқ асты етпеу бәріміздің де парызымыз.
Өңірімізде көктем және күз уақыттарында бейіттердің басын тазарту дәстүрге айналып, жалғасын табуда.
Жуырда ғана Қостанай ауданына қарасты Талапкер елді-мекені мен облыс орталығымен іргелес жатқан Қонай ауылындағы зираттарда тазарту жұмыстары жүргізілді. Оған Тобыл мен Қостанай шаһарындағы мешіттердің имамдары, сол маңдағы тұрғындар мен жамағаттар белсене атсалысты. Уақытпен санаспай жұмыс істеп, өздерінің лайықты үлестерін қосты.
Осы арада зираттардағы жиналған қоқыстарды тасымалдауға «АБЗ плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Николай Лобанов екі Камаз көлігі мен бір трактор бөліп, азаматтық танытты. Оның қарамағындағы бір топ қызметкерлер аянып қалған жоқ.
Жалпы аудандар мен қалалардағы мұсылман зираттарының маңайын тазалап отыру әрбір саналы азамат үшін сауабы мол іс. Бұл орайда аға ұрпақ өкілдері еліміздің болашағы болып табылатын жастарға өнеге-үлгі көрсетіп жатса құба-құп.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Бүгін Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінде аудан және ауылдардағы дін қызметкерлеріне арналған жиын өтті.
Бас имам Дархан Манарбекұлы сөз алып, облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітіндегі басқосуда көтерілген мәселелерге жан-жақты тоқталды.
Онда алдағы уақытта барша мешіттер мен намазханаларда еңбек тәртібі мен тазалықты сақтауға айрықша көңіл бөлу, әрбір қызметкердің өз міндетіне деген жауапкершілігін арттыру, халыққа қызмет көрсету сапасын бүгінгі уақыт талабына сай жақсарту жөнінде айтылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Лисаков қаласының мәдениет және спорт орталығының спорт залында осы шаһардағы діни бірлестіктердің арасында футболдан турнир өткізілді.
Аталмыш іс-шараны «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Лисаков қалалық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері ұйымдастырды. Онда жүлделі І және ІІ орындарды жергілікті «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің командалары, ІІІ орынды «Христианский семейный центр» шіркеуінің командасы иеленді.
Олардан басқа турнирге Православие, Жатва және «Новый Завет» шіркеулерінің ойыншылары да қатысты. Жарыс алғаш рет өткізілсе де, қатысушылар мен жанкүйерлерге ұмытылмас әсер қалдырды.
Осынау іс-шараның негізгі мақсаты - түрлі діндерді ұстанатын адамдардың арасындағы достық қарым-қатынас пен ынтымақты нығайту еді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Республикалық ақпараттық тобының мүшесі Нұрсұлтан Мамедалиев арнайы іс-сапармен Қостанай өңірінде болды. Ол осы сапар барысында алдымен қалалық «Марал ишан» мешітінде жергілікті жамағатпен кездесті.
Білікті маман бұл жүздесуде діни ілімнің маңызы жайлы уағыз айтты. Жұртшылық тарапынан қойылған сауалдарға тұшымды жауап берді.
Сондай-ақ облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітіндегі жұма намазына қатысып, «Исламның тірегі болған төрт хадис» тақырыбында насихат айтты.
Жиналған жұртшылық мазмұнды уағызды зейін қоя тыңдап, өздерінің шынайы ризашылықтарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі.