Сұрағы:
Салеметсіздерме ! Менің сұрағым ислам дінінде 9 күнәлі істер бар екен. Сол күнәлі істерді атап берсеңіз? Алдын-ала рахмет. Осындай сайт болғанына аса қуаныштымын. Сіздерге Алланың нұры жаусын!Жауап:
Уаалайкум ассалам! Күнә дінде қылмыс болып саналатын, Алланың әмірлеріне қайшы келетін, әртүрлі істер мен сөздер. Исламда күнә сапасы тұрғысынан үлкен және кіші болып екіге бөлінеді. Үлкен күна, аят немесе хадисте келген, бұзғыншылыққа, істеген адамның дүниеде немесе ақыретте жазалануына себеп болатын үлкен қылмыстар мен әрекеттер. Жалпы үлкен не кіші күнәләр белгілі бір санмен шектелмеген. Хадис шәрифтердің әр түрлі болуының себебі сұрақ қоюшылардың жағдайларына байланысты әр түрлі жауаптар берілген. Мысалы: Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде; «Құртатын жеті түрлі күнадан сақтаныңдар, Олар: 1. Аллаға серік қосу, 2. Сиқыр жасау, 3. Нақақтан адам өлтіру, 4. Жетімнің хақысын жеу, 5. Пайыз(өсім), 6. Соғыстан қашу, 7. Арлы әрі иманды әйелге зина жаласын жабу» (Бұхари, «Уасая»,23; Мүслим «Иман», 38) делінеді. Осылардан басқа:
-Алланың әмірлерінің орындалмауы (парыздарды орындамау, харамдарды жасау),
- пара алу,
-құмар ойындарын ойнау,
- алкаголді және естен тандыратын заттарды жасау,
-ғайбат айту,
-өсек тасу,
-арам ойлау,
-басқаларды келеке ету және
-ұрлық жасау да үлкен күна болып саналады.
Сондықтан бүкіл күнәлардан сақтану керек. Бәлкім біз үлкен деп санамаған күнәміз Алла Тағаланың ашуына себеп болуы мүмкін. Нәпсісіне жеңіліп, күнә істеген адам да қорқып жүру керек. Бір хадис шәрифте былай делінеді: «Тартынбай күнә істеген мүминге Алла Тағала ашуланады» (Уқайли).
Үлкен күнәларға қатысты хадис шәрифтердің кейбірлері мыналар:
«Ең үлкен күнә – адам өлтіру, ата-анаға зұлымдық жасау, жалған куәгер болу» (Дәйләми).
«Ең үлкен күнә – жалған сөзге ант ету» (Бұхари).
«Ең үлкен күнә – дүниелікке деген махаббат» (Дәйләми).
«Дүниелікті жақсы көру – бүкіл күнәлардың басы» (Бәйһақи, Ибн Әбиддунйа).
«Ең үлкен күнә – зина» (Ибн Әбиддунйа
«Ең үлкен күнә – алкогольдік ішімдік ішу» (Табарани).
«Ең үлкен күнә – Алла жайында су-и зан ету (жаман ойда болу)» (Дәйләми).
«Ең үлкен күнә – ақысы жоқ бола тұра, бір мұсылманның мал-мүлкін алу» (Табарани).
«Ең үлкен күнә – пайыз, намысты әйелге жала жабу, жетімнің мүлкін жеу» (Табарани).
«Ең үлкен күнә – бір адамның күнкөрісі өзіне қарасты болғандарға немқұрайдылық танытуы» (Мүслим).
«Ең үлкен күнә – бір адамның қарызын өтеуге мал-мүлік қалдырмай өлуі» (Әбу Дауд).
«Ғайбат – зинадан да үлкен күнә. Зинаға тәубе еткен адамды Аллаһу та'ала кешіреді. Ғайбат етілген адам ғайбат етушіні кешірмегенше кешірілмейді» (Табарани).
«Лиуата жасаған адам – малғұн» (И.Ахмед).
«Өсиетте мирасқорлардың бірін зиянға ұшырату үлкен күнә» (Ибн Жәрир).
«Әурет жерлерін ашу үлкен күнә» (Хаким).
«Бір мұсылманды ренжіту қағбаны жетпіс рет құлатудан да үлкен күнә» (Р.Насихин).
«Кіші күнәні үзбей жалғастыру үлкен күнә болады» (И.Асакир).
«Кіші болып көрінген күнәлар жиналған кезде егесін құртады» (Табарани).
«Білімді жасыру арқылы жасалған қиянат мүлікке жасалған қиянаттан да үлкен күнә» (Әбу Нуайм).
Алла Тағала кәпірлерді де, күнә істейтін мұсылмандарды да жақсы көрмейді. Бұл екеуінің арасында, әлбетте, айырмашылық бар. Имам Раббани хазреттері былай деген:
«Алла Тағаланың кәпірлерге деген дұшпандығы затынан, яғни өзінен. Мұсылмандардың істеген күнәларын болса, сипаттарын жақсы көрмейді. Бұл дұшпандық сипаттарына тиесілі. Мейірім сипаты заттың дұшпандығын арадан алып тастай алмайды.» (1/266)
Бірнеше аяти кариманың мағынасы мынадай:
«Алла Тағала кәпірлерді жақсы көрмейді» (Әли Имран 32).
«Алла Тағала ысырап етушілерді жақсы көрмейді» (Әнам 141).
«Алла Тағала өз-өзін ұнатып, мақтанатын ешбір адамды жақсы көрмейді» (Лоқман 18).
Бірнеше хадис шәрифтердің мағынасы мынадай:
««Алладан қорқ» деген кезде «Сен өзіңе қарап ал» деген адамды Алла Тағала жақсы көрмейді» (Бәйһақи).
«Дұшпандықта озат болғандарды Алла Тағала жақсы көрмейді» (Бұхари).
«Алла Тағала тәкәппар адамдарды жақсы көрмейді» (Дәйләми).
«Алла Тағала көршісіне қиыншылық беретін адамды жақсы көрмейді» (Дәйләми).
«Алла Тағала сахабаларымды және туысқандарымды ренжіткен адамды жақсы көрмейді» (Табарани).
«Алла Тағала көп ішіп-жейтін және көп ұйықтайтын адамды жақсы көрмейді» (И.Ғазали).
«Алла Тағала сараңдықты жақсы көрмейді» (Бәриқа).
«Алла Тағала жаман сөз сөйлейтін адамды жақсы көрмейді» (Ибн Әбиддүнйа).
«Алла Тағала залым бай адамды жақсы көрмейді» (Бәззар).
«Алла Тағала жақсылықтан ғапыл қалған адамды жақсы көрмейді» (Дәйләми).
«Алла Тағала жұмыс істемейтін жастарды жақсы көрмейді» (Мүнауи).
«Алла Тағала шындықты қабыл етуге қарсы болатын адамды жақсы көрмейді» (Бұхари).