Сұрағы:
Ассаляму алейкум. Мешітке кіргенде міндетті түрде он аякпен кіру керек пе, алде білмей сол аякпен кірсе ше? Тілек кабыл бола ма
Жауап:
Әссәләму алейкум. Мешітке кірушіге оң аяқпен кіру керек. Өйткені Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) солай істейтін. Сонымен қатар мешіт құрметті орындардың бірі. Оған оң аяқпен кіру оның құрметін ескергендік болады. Ал шығарда сол аяқпен шығу керек. Өйткені Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) солай істеген. Әрі мешіттен өзге орындардың барлығы құрмет жағынан одан төменірек. Жалпы оң қол мен оң аяқты құрметті, әрі фазилетті істерде қолдану, ал сол қол мен сол аяқты төменгі істерде қолдану шариғаттың үйрететін әдептерінен. Бұған Айша анамыздан (Аллаһ одан разы болсын) келген мына хадис негіз болады. Ол хадисте: «Пайғамбарымызға (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) аяқ киімді киюде, шашты тарауда, тазалықта, және барша істерінде оң жақтан бастау ұнайтын»- делінген. (Бухари, Муслим). Ал, Анас ибн Малик атты сахаба (Аллаһ одан разы болсын): «Мешітке кірсең оң аяқпен бастап кіруің, ал шықсаң сол аяқпен бастап шығуың сүннеттенй- деген. (Хаким риуаят еткен. Және Муслимнің шартына қарай сахих хадис деген). Сондықтан мешітке оң аяқпен кіру міндеттілікті емес тек адептілікті білдіреді. Сол үшін егер білмей сол аяқпен кірсе күнә болмайды. Ал егер әдейі сол аяқпен мешітке кірсе, онда әдепке қайшы амал жасаған болады да күнә болмайды, бірақ ұнамсыз іс әрекет жасаған болады. Дұған қабыл болуы мешітке қай аяқпен кіргенге байланысты емес. Егер дұғаның өзіндік әдептері сақталып, шын ықыласпен жасалса, Алла қаласа қабыл болады.