Әрине, періште мәселесі айтылған жерде еріксіз «Періштелердің саны бар ма екен?» деген сауалдың туындайтыны белгілі. Асылында, періштелердің саны жайлы аят пен хадисте ешқандай мәлімет жоқ. Бірақ, олардың саны өте көп екендігі басы ашық мәселе. Ғалымдарымыздың айтуы бойынша, періштелердің көптігі соншалық, әрбір жер бетіне түскен жаңбыр мен қар түйіршіктерінің жеке-жеке өз періштелері болады. Енді осыдан-ақ олардың сансыз көптігі тұрғысында қорытынды шығаруға әбден болар. Асылында, біз үшін періштенің санынан гөрі, олардың барлығына деген сенімнің мол болғаны абзал.
Алла Тағала періштелерді жаратқаннан соң оларға түрлі қызметтер жүктеген. Ол қызметтерді жердегі, көктегі және арштағы деп үш топқа бөліп қарастыруға болады. Осы жіктемеге сай періштелердің өзін де төмендегідей реттілікпен сипаттап шығамыз:
1. Жәбірейіл періште. Пайғамбарларға уахи мен қасиетті кітаптарды әкелуші ең үлкен періштелердің бірі. Жәбірейіл сөзінің мағынасы негізінен «Алланың құлы, Алланың күші» деген ұғымға саяды. Олай болса, Жәбірейілді ең ұлы мақамның төріндегі періште ретінде танимыз. Келтірілген аят та осыны растайды: «Негізінен Құран әрине, бір ардақты Елшінің сөзі. Ол күшті Елші, ғаршының иесінің қасында беделді [1]». Құран Кәрімде Жәбірейіл періште бірнеше атымен аталады. Мысалы: «Рухул қудс [2]», «Рух [3]», «Расули Карим [4]», «Жибрил [5]» және «Рухул Әмин [6]». Жәбірейіл (ғ.с.) періштелердің ең ұлығы, ең үлкені және Алла Тағалаға ең жақыны болғандықтан, ол «Сәйидул-Мәләикә» (періштелердің құрметтісі) деген абыройлы есіммен аталады.
Микайл періште. Төрт үлкен періштенің бірі Микайлдың (ғ.с.) қызметі жер бетіндегі мақлұқаттар мен тіршілік атаулының ырыс-несібесі мен ауру, шипа, рахмет, берекет секілді жайттарды адамдарға жеткізу.
Исрафил періште. Исрафилдың (ғ.с.) қызметі – сүрді (сырнай) үрлеу. Ақырзаман болғанда Исрафил сүрді бірінші үрлегенде, аспан мен жердегі бүкіл тіршілік атаулы қиямет қайымның басталуымен тіршілігін тоқтатады, яғни өледі. Ал, екінші рет үрлегенде, қайта тіріліп, қабірлерінен шығады да махшар алаңына жиналады.
Әзірейіл періште. Үлкен періштелердің төртіншісі Әзірейілдің қызметі – тіршілік атаулының жанын алу. Сондықтан оны «Мәләкулмәут – өлім періштесі» деп атайды.
Кирамән катибин. Әрбір адамның бұл дүниеде істеген ісін айна-қатесіз жазып отыратын екі періштеге берілген есім. Бірі – пенденің (оң жағында) жақсылығын жазса, екіншісі (сол жағындағысы) жамандығын жазады. Адамның жасаған титтей жақсылығы мен жамандықтары түгелімен осы екі ардақты періште арқылы жазылып, ақыретте әрбір жанның амал дәптерінде сол қалпында алдынан шықпақ: «Оның оңынан да, солынан да екі байқаушы отырады. Аузынан бір сөз шықса болды, алдында аңдушы дайын [7]».
Мункәр мен Нәкир періштелері. Бұл екі періште дүниеде дәм-тұзы бітіп, қабірге барған адамнан сұрақ алу қызметін атқарады. Өлген адам қабірге қойылған соң, оған жан беріліп, қайта тірілген соң осы екі періште оған сұрақтар қояды. Сұралатын сауалдар негізінен: Раббың кім? Пайғамбарың кім? Дінің не? және т.б. осы тақырыптың төңірегінде болып келеді. Дұрыс жауап бергенге қабір сыйы, бұрыс жауап бергенге қабір азабы беріледі. Мүнкәр-Нәкир «бейтаныс, бөтен» деген мағыналарды білдіреді. Қабірдегі адамға бұрын-соңды көрмеген кейіпте, бейтаныс көрінетіндіктен осы атпен аталған.
Хәмәләй арш – Алланың жаратқан нәрселерінің ең үлкені Аршты тасушы 8 періштеге берілген есім. Бұлар жайында аятта былай дейді: «Періште көктің айналасында болады. Сондай-ақ, Раббыңның аршысын сегіз періште үстеріне көтереді [8]». Бұл сегіз періштеден басқа көптеген періштелер арштың айналасында болатындығы мына аятта айтылған: «Сондай ғаршыны көтерген және оның маңындағы періштелер, Раббыларын мақтаумен дәріптейді. Оған сенеді [9]». Арштың айналасындағы періштелердің нақты санын Алла ғана біледі.
8. Хафаза періштелері. Әрбір адамның қорғаушы періштелері болады. Міне, сол періштелерді хафаза (қорғаушы) періштелері деп атайды. Аятта: «Әркімнің алдынан, артынан Алланың әмірі бойынша, өкшелеп, қорғаушы (періштелер) бар [10]», – дейді. Кейбір деректер бойынша, әрбір адамды бақылап жүретін 384 [11] немесе 360 періште болады. Бұның мәнісі адам баласының бүкіл жаратылыс ішіндегі ең кәміл, әрі тамаша етіп жаратылған тіршілік иесі екендігімен байланысты [12].
Хадистерде айтылғандай, 360 періште әрбір мүмінді, әсіресеі қарттар мен сәбилерді қорғап жүреді. Әлбетте, осы айтылған 360 періштенің әрбірінің өзіндік міндеттері бар [13]. Адамға тура жолды нұсқап, мүмін пенде үшін дұға әрі истиғфар ететін, кәпірлердің жүрегіне үрей салатын, ғибадат, зікір және ілім мәжілістеріне қатысатын, таң және екінті намаздарында жамағатпен бірге сап құратын, Құран аяттары мен жұма күндері айтылған салауаттарды тыңдайтын, намаз оқитын, әттахиятта шахадат сөзін бірге ілесіп оқитын, мұсылмандармен сәлемдесетін т.б. түрлі қызметтерді атқаратын періштелер бар.
9. Жәннәт пен жәһәннамды бақылаушы періштелер. Жәннәт пен жәһәннамда арнайы бақылаушы періштелер болады. Жәннәт періштелерінің саны да өте көп. Олар жәннәтқа кірген мүміндерге қызмет етеді және олармен бірге болады. «Зумәр» сүресінде: «Оларға оның сақшылары: «Сендерге сәлем, қош келдіңдер, жәннәтқа мәңгі қалатын түрде кіріңдер», – дейді», – деген айқын мағлұматтар бар. Жәннәттағы періштелердің басшысын «Ридуан» деп атайды.
Ал, жәһәннамдағы зәбани періштелер кәпірлерді азаптау қызметімен айналысады. Олардың арасындағы басшыларын «Малик» деп атайды. Құранда жәһәннам періштелерінің қызметтері жайлы аяттар да жеткілікті: «Әй, мүміндер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар. Оның басындағы періштелер ірі денелі, қатал. Олар Алланың өздеріне берген әмірлеріне қарсы келмейді. Не бұйырса, соны орындайды [14]»; «Ол тозақтың не екенін сен білесің бе? Кейін қалдырмайды да шала тастамайды. Ол адам терісін өртеп кетеді. Оған он тоғыз (періште) қарайды. Тозақтың күзетшілерін періштелерден ғана тағайындадық. Кәпірлерді сынау мақсатымен олардың санын дәл белгіледік [15]».
Жәһәннам періштелері тозаққа кірген кәпірді сұрақтың астына алатыны Құран Кәрімде былайша баян етіледі: «Қарсы келгендер топ-топ тозаққа айдалады.Сондай-ақ, оған барғандарында, оның есіктері ашылады. Оларға оның күзетшілері: «Сендерге іштеріңнен өздеріңе Раббыларыңның аяттарын оқитын және бұл күнге жолығатындарыңды ескертетін елшілер келмеді ме?» – дейді. Олар: «Әрине, келді. Бірақ азап үкімі қарсы болушыларға шындыққа айналды», – дейді [16]».
Муқаррабун – Алла Тағалаға ең жақын әрі ең ұлық періштелердің есімі. Олар жайында аятта былай дейді: «Иса да, Аллаға жақын періштелер де Аллаға құл болудан әсте арланбайды [17]».
Адамның жүрегіне ақиқат пен шындықты толтырып, кейін өзіне аян беретін періштелердің бар екендігін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде айтып өтеді: «Адам баласына әрі шайтанның азғыруы, әрі періштенің аяны бар. Шайтанның азғыруы –жамандықпен қорқытып, шындықты өтірік ету. Періштенің аяны – жақсылықты өсиет ету мен шындықты растау. Ішкі дүниесінде осындай бір нәрсе сезген кісі, оның Алладан екендігін білсін. Егер керісінше болса, шайтаннан сақтану үшін Аллаға сиынсын» [18].
Муминдер үшін дұға ететін періштелер бар. Аятта: «Сондай-ақ, иман келтіргендер үшін (періштелер): «Раббымыз! Мәрхаметің, білімің әр нәрсені сыйдырып, ішіне алған. Сондықтан тәубе етіп жолыңа түскендерді жарылқа! Әрі оларды тозақтан сақтай көр!», – деп тілейді [19]».
Намаз оқыған кезде «Фатиха» сүресін тәмәмдаған соң «әмин» деп айтатын арнайы періштелер бар. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Имам әмин деген кезде, сіз де әмин деңіз. Өйткені, кімнің әмин деуі періштелердің әмин деуіне сәйкес келетін болса, оның өткен күнәлары кешіріледі [20]», – дегені де бұған бірденбір дәлел бола алады.
[1] «Тәкуир» сүресі, 19-аят
[2] «Бақара» сүресі, 87-аят; «Нахыл» сүресі, 102-аят
[3] «Мариям» сүресі, 17-аят; «Қадір» сүресі, 4-аят
[4] «Тәкуир» сүресі, 19-аят
[5] «Бақара» сүресі, 97-аят; «Тахрим» сүресі, 4-аят
[6] «Шуғара» сүресі, 193-аят
[7] «Қаф» сүресі, 17-18-аяттар
[8] «Хаққа» сүресі, 17-аят
[9] «Ғафыр» сүресі, 7-аят
[10] «Рағыд» сүресі, 11-аят
[11] Мухтасар илмихал, Истанбул, Фазилет баспасы, 9-бет.
[12] М. Абдулфеттах Шахин, Инанжын гөлгесинде, Измир, 1992, 1-том, 124,141-бет.
[13] М. Абдулфеттах Шахин, ж.к.е., 1-том, 141-бет
[14] «Тахрим» сүресі, 6-аят
[15] «Муддәсир» сүресі, 27-31-аяттар
[16] «Зүмәр» сүресі, 71-аят
[17] «Ниса» сүресі, 172-аят
[18] Тирмизи, Тәфсир – 3, 2988 х
[19] «Ғафыр» сүресі, 7-аят
[20] Бухари, Азан 111; Муслим, Салат72; Тирмизи, Салат 71