Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Жұма уағызы

ТАЗАЛЫҚТАН ТӘН ДЕ, ЖАН ДА ЖАСАРАДЫ

Қоғамның тазалығы әрбір адамның өзінің жеке тазалығына мән беруінен басталады. Тазалық дегенде моншаға кіріп шығуды, ғана түсініп қалмайық. Әр нәрсенің тазалығы бар. Тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткішінің бірі. Ол адамның денсаулығы, өң түсінің сүйкімділігі, өмір жасының ұзақтығы, тұла бойының сәнділігі, өз қадыр-қасиетін бағалауы, айналасына тартымдылығы деген сөз.

Әрбір ата-ана да ұл-қыздарының өздеріне қарап тәрбие алатынын естен шығармағаны жөн. Кез келген тазалық адамның өз бойынан көрініс тапсын. Өзін таза ұстай білген адам, өзгеге де сол тазалығын көрсете алады. Осы себепті қазақта: «Сен баланы тазалыққа, әдептілікке тәрбиелеймін деп әуре болма, бала бәрібір саған ұқсайтын болады. Сен одан да өзіңді тәрбиеле. Ұл-қызың саған қарап өседі, бой түзейді» - деген.

«Жақсы әйел ұлтты тәрбиелейді»,- дей отырып, дәстүрлі санамызда қазан-ошақ иесі – әйелге қатысты керемет түсініктер қалыптасқан. Үйінің таза болуына мән берген әйел – берекені кіргізеді. Сырт көз сыншы емес пе? Үй шаруасын дөңгелетіп, балалардың тәрбиесіне қарап отырған әйелдің үйіне келген қонақ та үйдің тазалығына қарап отырып, әйелдің қандай екенін білетін болған. Сыртта жүргенде сәнденіп, адамдар көзіне таза болып көрінген әйелдің үйі шашылып, дастарханы жиылмаса, ол үйдің берекесі сол ластықпен шығып кетеді. Қазақта: «Жұғын бар жерде – шыбын бар, Шыбын бар жерде – шығын бар» - деп, берекенің келетін жолын тауып айтқан.

«Бірінші байлық – денсаулық, денсаулық кепілі-тазалық», «Көзің ауырса, қолыңды тый, ішің ауырса, тамағыңды тый» - деп, денсаулығын басты байлық деп бағалай білген халқымыз тазалыққа, пәктікке мән бере отырып, ұл-қыздарының есімін де Тазабек, Тазагүл десе, ас қоятын дастарханын да тазалықтың белгісі ретінде «Ақ дастархан» деп атаған. Ал барлық жақсы амалдың қайнар бұлағы болған Құранда Алла Тағала тазалықтың жолдарын көрсетіп былай деген:

إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ التَّوَّابِينَ وَيُحِبُّ الْمُتَطَهِّرِينَ

«Анығында, Алла істеген күнасі үшін шынайы өкініп. Өзіне бойсұнуға қайтушыларды /тауба етушілерді/ жақсы көреді әрі тазарушыларды жақсы көреді» ( Бақара сүресі, 222-аят).

«Ислам діні таза дін, сендер де таза болыңдар, жәннатқа таза болғандар ғана кіреді»-деген, Алла елшісінің өсиеті де дініміздің тазалыққа шақыратынын айтып отыр. Он төрт ғасырдан бері Үммәті Мұхаммедті тазалыққа, адалдыққа, адамгершілікке, парасаттылыққа тәрбиелеп келе жатқан исламның қағидаларын дін ғұламалары да барлық қырынан зерттеген. Сондағы тапқаны тек ғибадатқа қатысты жерін емес, ішкі дүниесі мен ой тазалығы болмай оның амалдары, тілеген тілектері, құлшылықтары қабыл болмайтыны.

Адам бойынан табылатын тазалықты ислам ғалымдары төмендегі төрт дәрежеге бөліп қарастырған:

1. Сыртқы тазалығына мән беріп, оны нәжістерден арылту.

Абу Хурайрадан (Алла ол кісіден разы болсын) жеткен хабарда Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім, түнде дәретпен таза төсекте жататын болса, сол түнді онымен періште де бірге өткізетін болады. Ұйқысынан оянған пендесі үшін періште Алла тағалам мына пендеңнің күнәсін кешір. Ол түнді дәретпен, таза жерде өткізді деп дұға тілеп тұрады екен».

Дәрет алып отырған адам дәреттің тазалық және құлшылық екенін, сол дәреттің сауабымен Аллаға жолығатынына дайындалып жатқанын білуі тиіс. Алла Тағала дәретті жасаған қателіктерінің кешірімі ретінде жаратты. Дәрет ала бастаған адам әуелі Алланың атымен бастайды. Аузына су алып бетін жуған кезде ол тілімен айтқан өсек-аяңнан және көзімен қараған харамнан тазарады. Басқа дене мүшелерін де күнәдан сақтайды. Дәрет алып болған соң Алланы ұлықтау сөздерін айтып:

سبحان الله و الحمد لله ولا اله الا الله و الله اكبر استغفر الله و اتوب اليه

«Алла Тағалам Сен пәксің, Мақтаулар тек Саған тән, Алладан басқа құдай жоқ, Алла Ұлық, Алладан кешірім сұраймын және Өзіңе тәубе етемін» – дейді.

Жуынып-шайыну – адамның тұла бойының таза болып, ауру сырқаудан, жұқпалы індеттен сақтануының жолы. Пайғамбарымыз Мұхаммадтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиеттерінде: «Алла Тағала пәк, пәктікті жақсы көреді. Ол таза, тазалықты ұнатады. Ол жомарт, жомарттықты жақсы көреді. Үй-жайыңызбен, жүретін жолдарыңызды таза ұстаңыздар».

«Тамақтың берекесі оны ішер алдында және ішіп болған соң қолды жууда». «Қолдарында тамақтан қалған майдың жұғындыларымен жатып, ұйықтаған адам қандай да бір кеселге ұшыраса , өзінен көрсін». Сол үшін де тамақтан соң ауыздарыңды шайып, қолдарыңды жуып жүріңдер деген Пайғамбар өсиетінде. Қолды жуып жүру берекенің кіруіне себеп болады.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дәрет алғанда, қол және аяқ саусақтарының арасын салалап жуатын, тамақтан соң тістерін тазалайтын үмбеттері қандай жақсы». «Құранның жолы болған ауыздарыңды таза ұстаңдар» – деген сөздері көптеп кездеседі.

Дін ғалымдары: «Мисуакқа әдеттеніңдер, себебі оның адам баласы үшін он қасиеті бар: ауыздың тазалығы, Раббыңның разылығы, періштелердің қуанышы, көздің нұры, тістің ағаруы, ауыз-қуыс еттерін емдеп, тісіңнің тастарын кетіреді, асты жақсы қорытады, тамақ ауруын тыяды, намаздың сауабын арттырады, ауыз иісін жағымды қылады және Құран шығатын жол» - деген.

Тісті тазалау тазалыққа жетелейді, тазалық иманға жетелейді, ал иман жұмаққа жетелейді. Бұл жөнінде қазақ атам:

Тіс бүлінді дегенше,

Іш бүлінді десеңші.

Іш бүлінді дегенше,

Іс бүлінді десеңші, - деп тістің де өз алдына пайдасы барын жеткізген.

2. Бойыңды күнәлардан таза ұстау;

وَاسْتَغْفِرِ اللَّهَ ۖ إِنَّ اللَّهَ كَانَ غَفُورًا رَّحِيمًا

«Алладан кешірім сұра, негізінде Алла-өте Кешірімді /Ғафур/, ерекше Мейірімді /Рахим/» (ән-Ниса- 106 аят).

Адам баласы қыр-сыры мол ғажап жаратылыс. Сол қырларының бірі қателесіп, күнәға бой алдырып қоятыны. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

كل ابن ادم خطاء وخير الخطاءين التوابون

«Барлық адам баласы қателеседі, бірақ қателесушілердің ең жақсысы қателіктерін мойындап тәубеге келгені» - десе, Қазақ атам: «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» - деген сөзді бекер айтпаса керек. Күнәлар адам табиғатын өзгертетіні белгілі. Пенденің пәк рухы мен тәні күнәлармен былғанады. Алланың бүкіл бұйрықтары адамды күнәдан тазалауға шақырса, тыйымдары оны бұзуға итермелейді. Күнәмен адам бірте-бірте Алладан алыстап, жүрегінде қара дақ пайда болып, соңында сауап пен күнәның парқын ажырата алмай қалатын бір пендеге айналады. Сондықтан адам жүрегін үнемі «истиғфар» деген рухани сумен жуып отырмаса, бірте-бірте күнәсінің үстіне күнә жамыла береді. Алла Тағала Құранда:

وَالَّذِينَ إِذَا فَعَلُوا فَاحِشَةً أَوْ ظَلَمُوا أَنفُسَهُمْ ذَكَرُوا اللَّهَ فَاسْتَغْفَرُوا لِذُنُوبِهِمْ وَمَن يَغْفِرُ الذُّنُوبَ إِلَّا اللَّهُ وَلَمْ يُصِرُّوا عَلَىٰ مَا فَعَلُوا وَهُمْ يَعْلَمُونَ (135) أُولَٰئِكَ جَزَاؤُهُم مَّغْفِرَةٌ مِّن رَّبِّهِمْ وَجَنَّاتٌ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ خَالِدِينَ فِيهَا ۚ وَنِعْمَ أَجْرُ الْعَامِلِينَ (136)

«Әрі олар жиіркенішті іс /үлкен күнә/ жасаса немесе өздеріне әділетсіздік етсе, Алланы естеріне алып, күнәлары үшін кешірім тілейтіндер. Күнәларды Алладан басқа кім кешіреді? Әрі олар істегендерін қасарысып жалғастыра бермейді. Және олар /егер адам тәубеге келсе Алла олардың күнәларын кешіріп, таубаларын қабыл ететінін/ біледі. Міне солардың қайтарым сыйы - олардың Рабысынан кешірім және астарынан өзендер ағып жататын әрі олар онда мәңгі қалатын / Жәннаттағы/ бақтар. Амал етушілердің сыйы қандай жақсы», - дейді (Әл-Имран сүресі, 135-136-аяттар).

عن عائشة رضي الله عنها قالت كان رسول الله صلي الله عليه وسلم يكثر ان يقول قبل موته /سبحان الله وبحمده استغفر الله واتوب اليه/ متفق عليه

Айша анамыз (Алла ол кісіден разы болсын): «Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден өтер алдында «Алла пәк және мақтаулар оған ғана. Алладан кешірім сұраймын және Оған тәубе етемін» деп, көп айтатын еді»,- деп жеткізген.

قال علي كرم الله وجهه: العجب ممن يهلك ومعه النجاة قيل وما هي؟ قال:الاستغفار.

Абу Талиб баласы Али (Алла ол кісіден разы болсын): «Құтылу жолдары бола тұра өздерін құрдымға жібергендерге таң қаламын»,- дегенде, жанындағылар: «Ол қандай жол?» деп, сұрады. Хазреті Али (Алла ол кісіден разы болсын): «Ол (истиғфар) кешірім сұрау»,- деді.

قال قتادة-رحمه الله-:القران يدلكم علي دائكم ودوائكم.اماداؤكم فالذنوب ،واما دواؤكم فالاستغفار.

Қатада (Алла ол кісіден разы болсын): «Құран сендерге аурудың және одан айығудың жолын көрсетіп отыр. Ауруларың – күнәлі істерің. Оның емі –истиғфар», - деген.

Абу Һурайрадан (Алла ол кісіден разы болсын) жеткен хабарда: «Бір күні жаныма бір әйел келді де: «Мен зина жасадым, одан туған баланы өлтірдім. Енді мен үшін таубе етуіме мүмкіндік бар ма?» - деді. Оның күнәсінің ауырлығына қарап: «Жоқ, сенің тәубең енді қабыл болмайды»,-дедім. Әлгі әйел: «Сорлы басым, сонда мен тозаққа күю үшін жаралғанбын ба?» - деп еңкілдеп жылап, үйіне қайтты. Ертесіне болған жағдайды Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтып бергенімде, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабағын шытып: «Сен не істегеніңді білемісің? Құрандағы мына аятты оқымап па едің?» деп, Фурқан сүресін оқып берді:

وَالَّذِينَ لَا يَدْعُونَ مَعَ اللَّهِ إِلَٰهًا آخَرَ وَلَا يَقْتُلُونَ النَّفْسَ الَّتِي حَرَّمَ اللَّهُ إِلَّا بِالْحَقِّ وَلَا يَزْنُونَ ۚ وَمَن يَفْعَلْ ذَٰلِكَ يَلْقَ أَثَامًا (68 (يُضَاعَفْ لَهُ الْعَذَابُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَيَخْلُدْ فِيهِ مُهَانًا (69) إِلَّا مَن تَابَ وَآمَنَ وَعَمِلَ عَمَلًا صَالِحًا فَأُولَٰئِكَ يُبَدِّلُ اللَّهُ سَيِّئَاتِهِمْ حَسَنَاتٍ ۗ وَكَانَ اللَّهُ غَفُورًا رَّحِيمًا (70)

«Олар Алладан басқа Тәңірге сыйынбайды. Алланың жаратқанын жазықсыздан жазықсыз өлтірмейді. Зина жасамайды. Кім бұл күналарды жасаса, Алланың құзырында жазаға тартылады. Қиямет күні оған еселеп азап беріледі. Онда қор болып мәңгі қалады. Алайда кімде-кім тәубе етсе, иман келтіріп, ізгі амалдар жасаса, Алла олардың жамандықтарын жақсылыққа айналдырады. Алла аса жарылқаушы, өте мейірімді» (Фурқан сүресі, 68-70-аяттар)». Кешірімнің қабыл болуының бірқатар себептері бар: Алланың алдында күнә екенін сезіну және тілегіміздің қабыл болуына үміт етуіміз керек.

3. Жүрегіңді өзгелерді кінәлаудан таза ұста;

Адамның бойындағы керемет жаратылыстың бірі – оның жүрегі. Ондай жүрек Алланы таныған, Оның жолында амал қылған, Алланың ілімін таңдаған. Адамның барлық ағзалары жүрекке бағынышты етіп жаратылған. Сол бір жапырақ еттің сау болуымен басқа ағзалар таза болады. Жүректің рухани жаралы болуымен басқа ағзалар рухани азғындыққа түседі. Сол үшін де Алла Тағала адам баласына жүректің тазалығына мән беруге үндейді. Жүрегін тыңдай білген, Алланы таниды. Адамның өміріне қиянат жасап, оған азғындықты уасуаса қылатын шайтанның жолын жабады. Жүрек адам денесінің қорғаны іспетті. Шайтан сол қорғанды бұзу үшін бар айла-шарғысын салып бағады. Алла Тағала қасиетті кітабы Құран Кәрімде:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ قَدْ جَاءَتْكُم مَّوْعِظَةٌ مِّن رَّبِّكُمْ وَشِفَاءٌ لِّمَا فِي الصُّدُورِ وَهُدًى وَرَحْمَةٌ لِّلْمُؤْمِنِينَ

«Ей адамдар! Ақиқатында, сендерге өздеріңнің раббыңнан насихат, көкіректегі нәрселерге шипа және имандылар /мүминдер/ үшін жолбасшы /тура жолды ұстануға басшылық/ әрі мейірім Құран келді» (Юнус сүресі, 57-аят). Құран - надандық, күдік, күман құмарлыққа еру секілді әрі өзге де жүрек дерттеріне ем, шипа. (Ибн Касир). Адам Құран оқумен көңілі тыныштық табады. Жүрегіндегі дертіне шипа болады. Алланың рахымына бөленеді.

4. Ішіңдегі сырды сақтай білу яғни жария етпеу.

لِّكُلِّ نَبَإٍ مُّسْتَقَرٌّ ۚ وَسَوْفَ تَعْلَمُونَ

«Әбір хабардың өз уақыты бар. Жақында білесіңдер де». (Әл-Әнғам сүресі-67 аят). Жеткізілген хабарлар міндетті түрде белгіленген уақытта орындалады. Елшінің міндеті тек жеткізу ғана.

يَوْمَ تُبْلَى السَّرَائِرُ (9) فَمَا لَهُ مِن قُوَّةٍ وَلَا نَاصِرٍ (10)

«Сырлар сынаққа тартылған сол күні, Оның /кәпірдің/ күші-қуаты да, көмек берушісі де болмайды» (Әт-Тариқ- 9,10 аяттар). Қиямет күні сырлар ашылып, жарыққа шығады. Жасырылған нәрселер анықталып, белгілі болады. Сонда оған не өзі не өзге біреу аса ұлы Алланың азабынан құтқарып, көмектесе алмайды.

عن أبي سعيد الخدري-رضي الله عنه-قال: قال رسول الله –صلي الله عليه وسلم-:"إن من أشر الناس عند الله منزلة يوم القيامة الرجل يفضي الي المرأة وتفضي إليه ثم ينشر سرها". رواه مسلم

Абу Сағид әл-Худриден (Алла ол кісіден разы болсын) жеткен хабарда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Шын мәнінде Қиямет күні Алланың алдында ең жаман орынға ие болатын адам – әйеліне бір хабар айтады және әйелінен естіген хабарын басқаларға жеткізген адам»,-деген. (Муслим риуаяты)

عن جابر –رضي الله عنه- أن رسول الله –صلي الله عليه وسلم-قال:"إذاحدث رجل رجلا بحديث،ثم التفت فهو أمانة ". رواه أبوداود والترمذي

Жәбирден (Алла ол кісіден разы болсын) жеткен хабарда Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Егер бір кісі жанындағы адамға бір нәрсе айтып тұрып жан-жағына жалтақтаса, онда ол аманат сөз» (Әбу Дауд және Термизи риуаяты).

قال عمر بن الخطاب –رضي الله عنه-:من كتم سره كان الخيار بيده ،ومن عرَض نفسه للتهمة ،فلا يلومن من أساء الظن به.

Хаттабтың баласы Омардан (Алла ол кісіден разы болсын): «Кім бір сырды жасырған болса, жақсылық оның қолында. Ал енді сол сырды ашып жіберіп басына бәле тапса, өзінен басқа ешкімге ренжімесін».

قال علي بن أبي طالب كرم الله وجهه:سرك أسيرك فإذا تكلمت به صرت أسيره

Әбу Тәліптің баласы Алиден (Алла ол кісіден разы болсын): «Сырың сенің тұтқының, егер оны паш етсең сен оның тұтқынына айналасың» - деген.

Муғауия (Алла ол кісіден разы болсын) бір күні Уалид бин Ғутбаға бір сыр айтты. Ол әкесінің жанына келіп: «Ей, Әкетайым! Мүміндердің әміршісі маған бір әңгімені сыр болсын деп айтып еді. Басқалардан жасырсам да сізден қалай жасырайын» - деді. Сонда әкесі: «Ол әңгімелеріңді маған айтпа. Сырыңды жасыра білсең өзіңнің пайдаңа, сақтай алмасаң зияныңа болады». Баласы: «Мен мұны әке мен баланың арасындағы сыр деп ойламаймын ғой» - дегенде, «Жоқ, Ей балам! Сырды ашып тіліңді бұзба, ол сенің аманатың» деген екен. Уалид Мұғауияға келіп әкесімен болған әңгімені айтып бергенде, Ол кісі «Ей, Уалид! Әкең сені қателігіңнің құлдығынан сақтап қалған екен. Сырды ашып тастау қиянат болады» - деді.

Кім осы сипаттармен өзін тәрбиелей білсе, жоғарыдағы талаптарды орындағаны. Орындай алмағаны жоғарыдағының біріншісін ғана білетін болады. Яғни, дәретпен шектеліп, өзінің саналы ғұмырын үстіндегі киімінің, денесінің тазалығына ғана қарап, көңіл тазалығына мән бермей өтіп кетеді. Уасуасаның азғыруына ілесіп білімінің аздығымен көп нәрседен құр қалады. Сырт тазалығына ғана мән беріп, ішкі дүниесі надандықпен, мақтангершілікпен, екіжүзділікпен, үлкен күнәлармен толтырған адам екі дүниенің рахатынан құр қалады. Аяқтың жерде із қалдыратыны сияқты, тілің жүрегіңе сондай із тастайды. Ешкімді жарақаттамай, ғайбат-қиянатсыз таза өмір сүрген адам қандай бақытты.

«Ия Раббым! Менің қателіктерімді, білместікпен жасаған іс-әрекеттерімді кешіргейсің» - деп Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дұғасын үнемі айтып жүрейік ағайын!

Жұмабаев Данияр,
ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкіл имамы

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником