Ислам тіректері мен негіздерінің бірі болып табылатын зекеттің де мұсылман өмірінде алатын орны мен атқаратын қызметі айрықша. Зекет Аллаһ тарапынан барша мұсылмандарға парыз етілген құлшылық.
Бұған дәлел ретінде Құран аяттары мен хадис шарифтерін келтіруге болады. Мәселен, Бақара сүресінің жүз оныншы аятында: «Намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер» делінсе, Бейинә сүресінің бесінші аятында: «Оларға дінде Аллаһқа ықыласты, ханиф түрде құлшылық етулері, намаз оқулары және зекет берулері ғана бұйырылған еді. Міне, бұл - туралық діні», - делінген. Ал пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Ибн Омардан (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) жеткен хадисінде: «Ислам бес (тірек) үстіне құрылған», - деп, олардың қатарында зекетті атаған болатын (әл Бұхари, Муслим).
Жалпы «Зекет» сөзі араб тілінен енген сөз. Оның тілдік мағынасы «көбею, өсу, тазару» дегенді білдірсе, шариғаттағы терминдік мағынасы «Нисап көлеміне жететін дәулеті бар мұсылман Аллаһ разылығы үшін байлығының бір бөлігін шариғатқа сай жылына бір мәрте Құранда көрсетілген топтағы адамдарға беру» болып табылады.
Зекет мал-мүлік, ақша, алтын, күміс, сауда заттарынан алынады. Олардың нисап мөлшері бәрі бірдей бола бермейді.Мәселен, алтынның белгіленген нисап мөлшері - жиырма мисқал, яғни сексен бес грамм болса, күмістің нисап мөлшері екі жүз дирхам, яғни бес жүз тоқсан бес граммды құрайды. Сол сияқты түйе, қой, ешкі сияқты төрт-түлік малдың да белгіленген нисап мөлшерлері әр түрлі болып келеді.
Негізінен зекет берудегі ең басты мақсат- өзіне берілген толайым нығметті пенденің сезінуі әрі соған шүкір етуі. Бұл дүниеде Аллаһ тағаланың әр құлына берер ризық-несібесі әр түрлі. Мәселен, біреулер шалқып өмір сүрсе, енді біреулері кедейлік тауқыметін кешіп, тығырыққа тіреліп, шығар жол таба алмай жатады. Анығында екеуі де бұл өмірдегі Аллаһтың берген сынағы. Осы сынақты сабырлығымен көтеріп, абыройымен атқарған пендеге нұр үстіне нұр болар еді.
Сонымен қатар Зекет беруші өзіне берілген байлыққа шүкіршілік білдіруімен қатар, оның парыз екенін жақсы білуі тиіс. Осыны сезінген әрбір мұсылманның тауып отырған несібесін Аллаһ тағала берекелі де табысты етіп қояды.
Екіншіден, зекет әр түрлі апаттан, пәле-жаладан, ауру-сырқаудан, кедей-кембағалдардың байлыққа деген іштарлығы мен қызғанышынан сақтайды. Бұл турасында пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мал-мүліктеріңді зекет берумен қорғаңдар, науқастарыңды садақа берумен емдеңдер, бәле-жалаға дұға жасаумен дайын болыңдар» деген. Осылайша басымызға келген пәле-жаланы зекет беру арқылы, дұға тілеу арқылы қайтарып жіберуімізге болады.
Үшіншіден, Зекет - жағдайы нашар кедей-пақырлардың тұрмысын түзелуіне де септігін тигізеді. Сондай-ақ қоғамда міскіндікті жойып, қайыршылыққа жол бермеудің амалы, яғни зекет беру арқылы қоғамның бірлігі, тұтастығы, тұрақтылығы сақталауына мүмкіндік болады.
Сонымен қатар зекет байлықтың артуына да себепші бола алады. Өйткені шайтан адамның көңіліне: «Егер зекет берсең өзің аш-жалаңаш қалып, қиналасың», -деп қорқыныш сезімін ұялатады. Аллаһ тағала бұл шындық жайында бақара сүресінің екі жүз жетпіс алтыншы аятында: «Шайтан кедейлікпен қорқытып, сендерге жаманшылық жасауды бұйырады. Ал Аллаһ сендерге өз тарапынан кешірім мен кеңшілігін уәде етеді...» - дейді.
Көріп тұрғанымыздай пенде Аллаһ разылығы үшін мал-мүлкінен зекет не болмаса садақа берсе, Аллаһ сол амалын сауаптан жазып, игі істердің қатарынан орын алдырмақ. Бұл мейірім мен кеңшілдік тек Ұлы Раббымызға ғана тән. Осыны біле тұра, амалға асырмаған құлға нендей өкініш, нендей аяныш! Беруші де, алушы да бір Аллаһ екенін ұмытпағанымыз абзал!