Социалистік Еңбек Ері Кәмшат қажы Дөненбаевамен сыр-сұхбат
«Ислам және өркениет» газетінің бүгінгі қонағы Кәмшат Байғазықызы Дөненбаеваның есімі барша жұртшылыққа кеңінен танымал. Өйткені осынау аяулы апамыз солтүстік өңірде орналасқан Қостанай облысы Меңдіқара ауданы бұрынғы «Харьков» кеңшарында механизатор болып жүргенде Еңбек Ері атанды.
КСРО Жоғарғы Кеңесіне қатарынан үш рет депутат болып сайланды. Сөйтіп ол қазақ қыздарының арасынан темір тұлпарды тізгіндеп қана қоймай, намысшыл, жан дүниесі бай қайталанбас тұлға екендігін күллі әлемге дәлелдеді.
Кәмшат апамыз біраз жылдардан бері облыс орталығы Қостанай қаласында тұрады. Бірақ әлі де еңбектен қол үзе қойған жоқ. Жоғарыда аталған ауданда өзінің шаруа қожалығы бар. Соған басшылық етіп, өзінің әулетін айрандай ұйытып отыр. Төрт баланың анасы, ардақты ене, сүйікті әже. Кәмшат Байғазықызы қазақ әйелдерінің ішінен күллі жер шарындағы мұсылман қауымы тағзым ететін қасиетті Меккеде де болып, қажы атанғандығынан да хабардармыз.
Алдағы 15 –қыркүйекте Кәмшат Байғазқызы 70 жасқа толады. Жуырда ғана оған Қостанай облысының құрметті азаматы атағы берілді. Қазақтың аяулы қызымен жақында жүздесіп, сұхбаттасқан едік.
Еңбек бақытқа жеткізеді
- Кәмшат апа, бауырларыңыз сіздің қазіргі таңдағы тыныс-тіршілігіңіз бен өміріңіздегі жаңалықты білгісі келеді. Бізге телефон соғып, сіз туралы әңгімелеп беруді сұрайтындар да жеткілікті. Сол себептен әңгімемізді бауырларыңыздың өтініш-тілегін орындаудан бастасақ.
- Жалпы, мен өзімді мадақтаудан аулақпын. Еліме сіңірген азын-аулақ еңбегім жайлы талай жазылды. Алайда мен сіздердің басылымдарыңызға үлкен құрметпен қараймын. Газетте жарияланған құнды дүниелердің бәрі де көңілімнен шығады. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін атқарып жатқан жұмыстарыңыз аз емес.
Бауырларыма айтарым, денсаулығым жақсы. Ұлдарымның арқасында бұл күндері облыс орталығында тұрып жатырмын. Үстіміздегі жылғы 15 қыркүйекте 70 жасқа толамын. Меңдіқара ауданындағы шаруа қожалығында жұрт қатарлы егін өсіреміз. Қарамағымызда қара мал да бар. Оған тиісті мамандар қарайды.
Өзім жетекшілік ететін шаруа қожалығы «Қалың орман» деп аталады. Мен көп жылдар бойы ауыл шаруашылығында жұмыс істедім. Егін өсіруде жинақтаған тәжірибем мол. Бірақ бәрі де ерте көктемнен бастап, сонау қоңыр күзге дейін жалықпай еңбек етуді қажет етеді. Қарапайым кісілердің бейнетінің зейнетін көргенін қалаймын. Сол себептен де олардың атқарған жұмыстарына қарай тиісті жалақыларын уақытында беріп тұрамын.
Бұл күндері егіс алқаптарында жұмыс қыза түскен. Жалпы өнім жаман болмайды деген үміттеміз. Кейбір аудандардағы көрсеткіш көңіл қуантады. Диқандар жауапкершілікті жоғары сезінеді.
- Сізді мақтағаным емес, көптеген сіңілілеріңіз өзіңіздей механизатор болмаса да, еңбекқорлықты, жоғары парасаттылық пен инабаттылықты сізден үйренді десек, қателеспес едік. Айтпақшы, сіз Қостанай өңіріндегі әйелдерден алғашқылардың қатарында Меккеге барып, қажы деген атқа да ие болдыңыз. Ол жақтан қандай әсер алдыңыз? Сол жөнінде сыр шерте кетсеңіз?
- Кезінде бір кісідей аянбай еңбек еттім. Ана мен ене тәрбиесін көрдім. Жастайымнан қазақ қызына тән барлық қасиеттерді бойыма сіңірдім. Әлгі аяулы кісілер маған үлкен мен кішіні қалай сыйлауды үйретті. Олардың маған айтқан ақыл-кеңестері мен мейірбандылықтарын ешқашан да ұмытпаймын.
Қажылық кейбіреулер ойлайтындай атақ емес, мұсылмандық бес парыздың бірі екендігі белгілі. Осыдан біраз жыл бұрын қасиетті Меккеге барудың сәті түсіп, көп жайды көңілге түйіп қайтқаным рас. Тіпті, жасыратын ештеңесі жоқ, өз басым ғажайып басқа бір әлемнен оралғандай болдым. Ондағы адамдардың арасындағы бір-біріне деген ізгі қатынас, шын жүректен шыққан жылы лебіз, тазалық пен парасаттылық өзімді таң қалдырды. Әрине, оның бәрін бір сұхбатта баяндап беру де мүмкін емес.
- Өзіңіз бес уақыт намазды да оқитын шығарсыз?
- Әрине, біраз жылдан бері бес уақыт намазымды үзбеймін. Оның денсаулыққа да пайдасы мол. Жалпы, мешітке жиі барып тұрамын. Діни мерекелерден қалмаймын.
- Сізді жерлестеріңіз жоқ-жітік, жетім-жесірден қайырымдылық көмегін де аямайды деседі. Осы жөнінде не айтасыз?
- Інім-ау, қолдан келсе, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, көмектескенге не жетуші еді? Адамның адамдық қасиеті де осында емес пе? Өз басым, біреудің қайғысына немкетті қарай алмаймын. Жағдайым келгенше қайырымдылық жасауға, кісінің қиыншылығын бөлісуге тырысамын. Көңілі жарым жандарды демеп отыруды парызым деп санаймын. Жетім-жесірден жәрдемімді ешқашан аяған емеспін. Мәселен, Меңдіқара аудандық мешітін күрделі жөндеуден өткізу кезінде оған қолымнан келгенше қаржылай көмегімді бердім. Өйткені мешіт халыққа қызмет етеді.
Бұл киелі орын әрдайым халықтың көмегіне зәру. Сондықтан жыл сайын мешітке мүмкіндігіме қарай зекет беріп отыруды дағдыға айналдырғанмын. Сонымен қатар өзім туып-өскен көршілес Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітіне де қолдау көрсетемін.
Жалпы, қалталы мұсылман жігіттері мен жүрегі жомарт ағайын мешіттердің жағдайын түсініп, демеушілік жасап жатса, ешқашан да артық болмайды.
- Осыдан біраз жыл бұрын бір сөзіңізде өзіңіз жастайынан бір азаматты да қамқорлыққа алғаныңызды да айтып бергеніңіз жадымда қалыпты. Сол жігіттің кейінгі тағдыры қалай қалыптасты? Қазір ел қатарлы үйлі-баранды да болып қалған шығар-ау?
- Ол айна қатесіз шындық. Мен әке-шешесі мезгілсіз дүниеден өткен Тасмұхамбет есімді ұл баланы қамқорлығыма алған едім. Жастайынан ата-анасының жоқтығын сездірген жоқпын. Оны өз балаларымнан кем көрген емеспін. Ол қазір ер жетіп, жасы 30-ға жақындап қалды. Қостанай заң институтын ойдағыдай бітіріп, жұрт қатарлы қызмет атқарды. Боровской поселкесінің белді тұрғыны.
Оған шексіз ризамын. Өзінің шаңырағының тірегі болып отыр. Қазір Әмірәлі есімді ұлы бар. Көпшіл, өзгенің қайғысын өзінікіндей көретін, жаны мөлдір, мәдениетті, адамгершілігі мол азамат болып қалыптасты. Тасмұхамбет өзінің өмірлік серігін тапқан кезде құдалығына да қатыстым. Қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрі бойынша анасы ретінде қоржынымды алып бардым. Оның бақытты болуына шын мәнінде тілектеспін.
Отағасын ғұмыр бойы пір тұттым
- Естуімше, еріңіз Темірбек ағамен өте тату-тәтті ғұмыр кешіпсіздер. Қазір сол күндерді сағынышпен еске алатын шығарсыз. Құпия болмаса, отағасымен қашан таныстыңыз және қанша жыл бірге тұрдыңыздар?
- Қазір ойлап отырсам, марқұм ағаң Темірбекке тұрмысқа шыққаныма да көп уақыт болыпты. Оның жақын туысы Майташ апамыз жоғарыда аталған Демьянов поселкесінде бізбен көрші тұрды. Ағаң 1959 жылы өзінің азаматтық борышын өтеп, әскер қатарынан оралды. Нағыз жігіттің сұлтаны деген атқа лайықты азамат еді.
Жігіттің аты жігіт емес пе? Ол әлгі бүкіл ауданның парасатты анасына айналған Майташ апасына келіп-кетіп жүргенде маған көзі түссе керек. Әйтеуір, оның қонаққа келуі жиілегені де әлі есімде. Аталған шаңырақтың отағасы Сыдық Ағайдаров осы өңірге беделді кісі болатын. Лауазымды қызмет атқарып, елдің құрметіне бөленді. Қазір солардан тараған перзенттері әке-шешесінің абыройын асқақтатып жүр.
Темірбек екеуіміз бір-бірімізді шын мәнінде ұнаттық. Маған оның ақкөңілділігі, адамгершілігі, жомарттығы, бір сөзділігі үлкен әсер етті. Менің анам сол уақытта сырқат болатын. Қай шеше өзінің қызына жамандық ойлайды дейсің? Анама да болашақ жарым ұнаған көрінеді. Сондықтан да болар, ол оңаша қалған сәтімізде маған: «Айналайын, Кәмшат. Қазақта «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген аталы сөз бар. Сол себептен көзім тірі кезінде сенің шаңырақ көтергенінді көрейін. Ақ батамды берейін. Егер Темірбекті шын сүйсең, көп ойланба. Меніңше, ол сені бақытты етіп, алақанына салып өтеді» деді.
Өзім де іштей оған тұрмысқа шығуға қарсы емес едім. Шешемнің мынау тебірене айтқан сөзі де мені үлкен ойға қалдырды. Содан көп өтпей, 1960 жылы отау көтердік. Әйтеуір, анам менің теңімді тауып, бір басым екеу болғанын көзімен көріп кетті.
Дәл қазір өткен күндерге көз жүгіртіп отырсам, сол уақытта мен 17 жастағы көркем бойжеткен екенмін. Күйеуім Темірбек те кәдімгі тепсе темірді үзетін, ақылына сымбаты сай 23-тегі қылшылдаған жігіт еді. Сонымен, мен Меңдіқара ауданындағы Ақсуат ауылына келін болып түстім.
Өмірден түйгенім, келіннің бағы ашылып, бақытты болуы оның түскен жеріне де байланысты екен. Бұл қазақтың қаймағы бұзылмаған, ұлттық дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыз берік сақталған қоныс еді. Отағасының өз әкесі Ғабдолла сонау ананы жесір, баланы жетім еткен сұм соғыстан қайтып оралмады. Кейінгі әкесі Кенжебек те өте мейірімді де кісілігі мол адам болатын. Ол да кешегі майдангер еді.
Күйеуімнің Мамақай есімді інісі бар-ды. Бірақ оның ғұмыры қысқа болды. Біз өте сыйластық. Бәлкім, тағдырдың жазуы шығар, ол да менің ағам секілді суға кетіп дүние салды. Бұл күндері әйелі шырағын сөндірмей, балалары ғұмырын жалғастырып жатыр. Бұлармен осы күнге дейін араласып, қуаныш пен қайғыны бірге бөлісіп келеміз.
Сонымен, біз 1967 жылға дейін әлгі келін болып түскен Ақсуатта жұрт қатарлы ғұмыр кештік. Кейін күйеуімнің қызмет ретіне қарай Меңдіқара ауданындағы «Харьков» кеңшарына ауыстық. Өзімді өмірлік жарымның алдында ғұмыр бойы қарыздармын деп есептеймін. Өйткені ол менің жан дүниемді түсінбесе, кезінде қамқорлық жасамаса, осындай дәрежеге жетер ме едім?
Шыны керек, марқұм ағаларың менің еңбектегі табысыма өзі жеткендей қуанды. Депутат болып Мәскеуге кеткенімде тілектес болып отырды. Екеуіміз ешқашан да артық сөзге келген емеспіз. Сол үшін де оны отбасымызбен жиі еске аламыз. Оның жатқан жеріне өзіммен бірге балаларым да барып, тағзым етіп тұрады. Темекең маған қимас жар болса, ұл-қыздарына асқар таудай әке еді ғой. Енді артында қалған ұрпағы аман-есен болсын деймін.
Немерем Нұрсұлтан да жігіт болып қалды
- «Адамның бір қызығы бала» демекші, ұл-қыздарыңыз жайлы да газет оқырмандарының білгені артық болмас.
- Біздің қазақ «Артыңда байлық қалғанша, бала қалсын» дейді. Темірбек екеуіміз екі ұл, екі қызға қолымыздан келгенше тәрбие бердік, оқыттық. Үлкен ұлым Сырым Қостанай қалалық салық комитетін басқарады. Асқар Рудный аумақтық инспекциясына жетекшілік етеді.
Ол екеуін де қазір ел-жұрт біледі. Әкелері секілді өз жұмыстарына мығым. Үлкен кісілердің алдын кесіп өтпейді. Бұлардың келіншектері де тәрбие көрген ұлтымыздың инабатты қыздары десем, артық айтпаған болармын. Ақмарал - Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің оқытушысы, білікті маман.
Бұлардың отбасында 4 перзенттері бар. Тұңғыштары Әйгерім Алматыдағы КИМЭП-те білім алып жатыр. Одан кейінгі Анель де өте ізденімпаз. Уақытын босқа өткізгенді ұнатпайды. Қазіргі таңда елордамыз Астанадағы халықаралық Назарбаев университетіне грантпен оқуға түсуге талпынып жатыр. Баршаға аян, аталған оқу орнында емтихандар ағылшын тілінде қабылданады.
Қолымдағы келінім Дина да өте кішіпейіл. Өзіме туған анасындай қарайды. Оның негізгі мамандығы – экономист. Үлкен қыздары Алтынай 5 жасар болса, одан кейінгі Аружан да сүп-сүйкімді болып өсіп келеді. Олар жан-жақтан келіп, әже деп мойныма асылған кезде шаршағанымның қайда кеткенін білмей қаламын.
Үлкен қызым Гүлжан облыстық әкімдікте білікті маман. Оның жары Өмірбек – дәрігер. Гүлшат Астанада оқытушы болып жұмыс істейді. Күйеу балам Дәулет ауыл шаруашылығы министрлігінде жауапты қызметте. Бұлардың тұңғыш қыздары Балтуғанды құтты жеріне қондырдық. Оның жары Болат та жақсы жігіт. Әке-шешесі зиялы азаматтар.
Осы ұл мен қыздарымнан он екі немере сүйіп отырмын. Бір немеремнің, яғни қызым Гүлжанның ұлының есімі - Нұрсұлтан. Ол Елбасы «Харьков» кеңшарына бір сапармен келген кезде дүниеге келген еді. Әлгі немеремізге бұл есімді өскенде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтай елі мен халқының болашағын ойлайтын үлкен азамат болсын деп қойған едік.
Қазір оның жасы 17-ден асты. Қостанайдағы қазақ-түрік лицейінде оқиды. Сабаққа алғыр, өте парасатты бала. Оның болашағынан үлкен үміт күтеміз. Өйткені ол қазірдің өзінде бірқатар олимпиадаларға қатысып үлгерді. Алдағы кездері де Нұрсұлтанның көздеген арманына жетуі үшін талпына беретіндігіне ешқандай шүбә келтірмеймін. Әйтеуір, кездескен сайын: «Әже, ХХІ ғасыр – білім ғасыры. Сондықтан қазіргі жастар тиянақты білім алмаса, ештеңеге де қол жеткізе алмайды» дейді. Шынымды айтсам, өзім осы сөзді естіген кезде марқайып қалатынымды жасырмаймын.
- Менің білуімше, өзіңіз Елбасының қабылдауында да болыпсыз?
- Иә, ол рас. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қабылдауында бірнеше рет болдым. Қостанайға ол кісі келген сайын кездесіп, сәлемдесіп тұрамын. Жалпы, Елбасы өте мәдениетті жан. Халқымыз бен ұлтымыздың мақтанышы.
Осы қайталанбас тұлғаның арқасында республикамызды бұл күндері әлемде білмейтіндер жоқтың қасы. Мемлекетеміздің жер бетіндегі танымалдылығы бұрынғыдан да арта түсті. Оның бәрі де еліміздің тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының арқасы дер едім.
Өздеріңіз де білесіздер, елордамыз Астанада халықаралық «EXPO-2017» көрмесі өтетін болды. Қазір оған дайындықтар да басталып та кетті. Мұның бәрі де Елбасының дүние жүзіндегі беделінің жоғарылығының нәтижесі десек, орынды болар.
Мемлекет басшысы қазақ елі үшін еңбегі сіңген аға буын өкілдерін де ұмытпайды. Оларға лайықты құрмет көрсетіп отырады. Маған да әрбір мереке сайын құттықтау қағаздарын жіберіп тұрады. Ол үшін шексіз ризамын.
- Сіз қазақтың бір аяулы қызы ретінде ене мен келіннің арасындағы әдемі жарастық жайлы да өз көзқарасыңызды білдірсеңіз жөн болар еді?
- Түсінген адамға шаңырақтың берекесін келтіретін үлкен кісілердің орны қашан да бөлек. Енем Макура өмірінің соңғы күндеріне дейін өзіммен бірге тұрды. Ол кісіні мен туған анамдай жақсы көрдім. Өз шешем өмірден ерте өтті де, күйеуімнің анасы бауырына басты.
Туған қызындай еркелетті, аялады. Кезінде даңқты механизатор болып жүргенім де осы кісінің арқасы. Шынымды айтсам, үйден сәл алыстап кетсем, ол кісіні қатты сағынып қалатынмын. Енем де мен келгенше көңілсіз жүретін. Үйге оралғанымда балаша қуанатын. Біздің арамызда осындай ерекше сыйластық қалыптасқан еді.
Қазақ қыз баланы жат жұрттық дейді. Ол рас. Өзім 17-ге толғанша анамның тәрбиесін көрсем, одан кейінгі 45 жылда енемнің шапағатына бөлендім. Осынау аяулы жан қайтыс болғанға дейін үстіне кір жуытқан жоқпын. Тіпті оның тырнағына шейін өзім алып, шашын өріп беретінмін.
Міне, осының бәрін де менің келіндерім өз көздерімен көріп, көңілдеріне түйді. Сондықтан болса керек, олардың маған деген ықыластары мен құрметтері де ерекше екендігі әрбір сөздері мен ниеттерінен кәдімгідей аңғарылып тұрады.
«Үлкенге не істесең, алдыңа сол келеді» деген. Қазіргі таңда әрбір қазақтың шаңырағына ұйытқы болып отырған жас келіндер мен болашақта тұрмыс құратын бойжеткендерге «Өз азаматтарыңды қалай сыйласаңдар, оларды жарық дүниеге әкелген аналарына да сондай ілтипатпен қараңдар» дер едім.
- Міне, сіздің шаңырағыңызда асықпай әңгімелесіп отырмыз. Байқаймын, сіз тазалыққа, үйдегі әрбір заттың өз орнында болуына ерекше назар аударады екенсіз. Тағы бір сезгенім, басыңыздан орамалыңыз түспейді екен. Соны қалай түсіндірер едіңіз?
- Біз жастайымыздан өмір мектебінен өткен үлкен кісілердің ғибратты сөздерін құлағымызға құйып өстік. Олар шаңырақта көп нәрсенің әйел затына тікелей байланысты екендігін үнемі жалықпай айтып отыратын. Мен шындығында да тазалықты өте жақсы көремін және ұрпақтарымды да сондай болуға баулыдым. Сондай-ақ, үйде әр заттың өз орнында тұрғаны да дұрыс.
Бұл мәселеде өзімнің марқұм анам мен енемнің маған үйреткені көп. Әйел адамның тек сыртқы келбеті ғана емес, жан дүниесі де сұлу, сөйлеген сөзі құлаққа жағымды болуы керек. Сонымен қатар жүрегі нәзік жанның дайындаған асы өте дәмді, үй іші көз тартарлықтай жинақы болса, нұр үстіне нұр. Бұл жерде әңгіме бөлмелерді қымбат бағалы жиһаздармен толтырып қоюда емес, барлық гәп - барды ұқсата білуде.
Кең болсан кем болмайсын
- Өзіңізбен әңгімелесу мендей қаламгерге бір ғанибет. Өйткені сіздің қашан да айтарыңыз бен түйгеніңіз мол. Өткен жылдарда талай атақ-дәрежеге жетсеңіз де, кейбіреулердей өзіңізді жұрттан жоғары ұстамайсыз. Қашан да қарапайым қалпыңыздан айнымайсыз. Мұның сыры неде?
- Жастай қиындық көріп, өмірде бәріне де өзінің адал еңбек, маңдай терімен жеткен адам қарапайым келеді. Жоққа жасымайды, барға тасымайды. Содан соң бір айтарым, ешкім де халықтан жоғары емес. Егер өз басым, тіршілікте бірдеңеге қолым жеткендей болса, бәрі де бір Алланың, сонан соң айналамдағы ізгі тілекті жандардың да арқасы дер едім.
Мен кішкентайымнан еңбектің бақытқа бастайтынын ұқтым. 12 жасымда кәдімгі табаға нан пісірдім. Шешем науқас болғандықтан, өмірдің ащысы мен тұщысын бір кісідей түсіндім. Өзгелерге жаным ашып, жетім-жесірге қол ұшын бергім келіп тұратындығы да бәлкім содан болса керек.
Жалпы, дүние мен байлық - қолдың кірі дейтіндердің санатындамын. Адам баласы дүниеге келген соң, сол адамдық қалпын, кісілігін сақтап, әрдайым пендешіліктен жоғары тұруға тиіс.
- Сіз имандылық жолында жүрген адамсыз. Қостанай шаһарындағы мешіттен де жиі көремін. Жүзіңізден нұр төгіліп, кейінгі сіңілілеріңізге ғибратты сөзіңізді айтып жатасыз. Осындай кімді болсын парасаттылыққа шақыратын облыстық жаңа мешіттің құрылысы қалай жүріп жатыр?
- Баршаға белгілі, қай жерде болмасын жұртшылықтың жиі жиналатын мекені, яғни мешіт ғимараттары халықтан жиналған қаржыға салынады. Сонымен қатар, өзіміздің мұсылман қалталы жігіттердің де қолдауына мұқтаж. Өздеріңіз білесіздер, қаланың «Наурыз» шағын ауданының жанынан облыстың жаңа мешіті салынып жатыр.
Әрине, атқарылған жұмыстар да аз емес. Оған көптеген іскер азаматтар өздерінің үлесін қосты. Жергілікті жұртшылықтан да қаржы жиналуда. Бірақ әлі де болса қаражат керек-ақ. Оның құрылысымен облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов та танысты. Алдағы уақытта бұл жұмыс одан әрі қарқын алады деген үміттеміз.
Осы арада жуырда еліміздегі Бас мүфтидің орынбасары болып тағайындалған Серікбай қажы Оразға біздің айтар алғысымыз шексіз. Ол облыстың бас имамы болып тұрған кезінде өзгелерге тағылым боларлықтай талай жұмыстарды тындырғанын да айтып өткенім лазым. Облыстық Марал ишан мешітінің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Осы парасат ордасының жанында Рамазан айында күнделікті ауызашар беріліп тұрды. Мәуліт мерекесі жоғары деңгейде өткізілді.
- Сіз әрқашан да Қостанай шаһарына қоныс аударғалы бері қызмет атқарған Харьков елді мекенін мақтанышпен ауызға алып отырасыз. Ондағы азаматтардың игі істеріне шын мәнінде қуанатыныңызды да жақсы білеміз. Сол жөнінде де тілге тиек етсеңіз?
- Бұл Харьков ауылы мен үшін өте ыстық. Осы жерде өсіп-өндік, абыройға бөлендік. Кәмшат Дөненбаева деген атым әлемге танылды. Халықтың шынайы ықыласына кенелдім. Сол себептен де әрдайым ондағы игі жаңалықтарға сүйсініп, сырттай тілектес болып отыратыным да ешкімнен жасырын емес.
Бұл жер қазір бұрынғыдан да көркейе түсті. Экономикасы өркендеп келеді. Іскер басшы, ұлтжанды азамат, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов ініміз басқаратын «Қарқын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін білмейтіндер кемде-кем.
Ауылдың әлеуметтік бейнесі айтарлықтай өзгерді. Ондағы мектептер, мәдениет ошақтарының жұмысы жанданды. Сондықтан мұнда көшіп келушілер бар да, кетушілер жоқ. Елді мекенде еңбек адамдарының алаңсыз жұмыс істеулеріне барлық жағдайлар жасалған.
- Кезінде еліміздің түкпір-түкпірінде дүниеге келген қыздарына бауырларымыз өзіңіздей ұлтымыздың атын шығарар тұлға болсын деп Кәмшат есімін берді. Олардың бірқатары арамызда да жүрген жоқ па?
- Біздің қазақ өте ырымшыл халық қой. Олардың маған үлкен құрметтің белгісі ретінде перзенттеріне Кәмшат есімін бергені үшін, әрине, алғысымды білдіремін. Солардың біразы Қостанайда да жүр. Кейбіреулері отбасын құрса, енді біреулері білім алып жатыр. Әйтеуір, солар аман болып, елі мен халқына адал қызмет ете берсін.
Әңгімелескен Оразалы ЖАҚСАНОВ