Кейбір әдет-ғұрыпты бидағаттың егіз бауырлары деп қарастыруға болады. Бидағат сияқты, олар да екі факторға негізделген: надандық пен сыртқы ықпалға. Бидағат сияқты, олар да белгілі бір салт-жоралардан тұрады. Бірақ, бидағаттан бір айырмашылығы ─ аталмыш салт-жораларды ешкім исламға таңып қоюға тырыспайды. Адамдар бұл салт-жораларды жалпы мақұлданған немесе сәнді деп санағандықтан орындайды.
Ондай ғұрыпты ұстанатындардың көпшілігі өздерінің бұл істерінің мәнін біле бермейді. Олар ─ соқыр «сән әлемінде үстемдік етушілердің» дәл сондай соқыр ілесушілері. Олар ешқандай зияны жоқ сауық деп ойлап жүрген салттарының шындығында пұтқа табынушылыққа негізделген болуы мүмкіндігін, өздері соншалықты қуана қабылдайтын символдардың күпірліктің нышаны болуы мүмкіндігін, еліктеп қабылдаған идеяларының ырымшылдықтың нәтижесі болуы мүмкіндігін және соның бәрі Исламның үндейтін нәрселерін жоққа шығарумен тең болу мүмкіндігін түсінбейді.
Ең болмаса, қасиетті Валентин күнін алып қарасақ, бұл күн Еуропаның басым бөлігінде өз маңызын жоя бастағанда (дегенмен, Ұлыбритания мен АҚШ-та маңызын жоймады) кенеттен мұсылман елдерінде кеңінен тарап кетті. Валентин деген кім? Адамдар неге бұл күнді тойлайды? Әдеттегідей бұл мейрамның тарихы неше түрлі бұлыңғыр аңыздармен байланыстырылады. Бірақ, қасиетті Валентин күнінің б.з.б. ІV ғасырдан бастап, римдіктердің Луперкус құдайының құрметіне тойлаған пұтқа табынушылық салты ретінде туындағаны айқын болып қала бермек. Бұл салттың ең басты элементі лотерея болатын. Сол лотерея бойынша жігіттер келесі жылғы лотереяға дейін «көңіл көтеріп, сайран салу үшін» қыздарды бөлісіп алатын. Осы күнді айтқанда көз алдымызға елестейтін жиренішті ғұрыптардың бірі ─ үстілеріне бір жапырақ ешкі терісін киіп, құрбандыққа шалынған ешкі мен иттердің қанын жаққан екі жігіттің қыздарды қамшымен сабауы болатын. Адамдар сол «қасиетті адамдардың» қыздарды «қасиетті» қамшымен дүре соғуының нәтижесінде олар дүниеге көп бала әкелетін болады деп сенетін.
Әдеттегідей, христиандық діні Луперкалий атты бұл азғындық салтын тоқтатпақ болды (бірақ, сәтсіздікке ұшырады). Ол үшін олар әуелі әйелдердің аттары жазылған лотереяны қасиеттілердің аттары жазылған лотереяға ауыстырды. Мұның мәнісі мынада болатын: жігіттер алдағы бір жылды өздеріне түскен қасиеттінің өмір салтына еліктеп, соған ұқсауға тырысып өткізуі керек-тін. (Сәнге айналған азғындық мейрамының бейнесін сақтап қалып, оны белгілі бір тәсілмен ізгілік арнасына бұру идеясы әлі де бар. Әйгілі телевизиялық сауық-сайранның форматтарын әлі де игіліктің жаршысы ретінде пайдалануға тырысып жүрген (пайдасыз) жандарға қараңызшы. Солар негізгі идеясы жүзеге аспай қалған осы хикаядан сабақ алса игі еді.)
Олардың қолдарынан келген бір ғана нәрсе ─ мейрамның Луперкалий деген атауын қасиетті Валентин күні деп өзгерткендері. Мұндай өзгерісті б.з. 496 жылы римдік папа Геласий әлдебір Қасиетті Валентиннің құрметіне енгізді. Христиандық аңыздарда 50-ге жуық Валентин бар. Олардың ішіндегі екеуі басқаларына қарағанда анағұрлым танымал. Десе де, олардың өмірлері мен мінез-құлқы құпияға толы. Аталмыш мерекенің шынайы табиғатына басқаларынан гөрі көбірек сәйкес келетін бір аңызға сәйкес, қасиетті Валентин «ғашықтардың» қасиеттісі болған-мыс және өзі түрме бақылаушысының қызына ғашық болып қалған.
Осы лотереяның салдарынан айтарлықтай үлкен мәселелер туындайтындықтан, француз үкіметі бұл ғұрыпқа 1776 жылы тыйым салды. Уақыт өте келе аталмыш салт-жора Италияда да, Австрияда да, Венгрияда да және Германияда да ізін жойды. Оған дейін бұл мерекеге XVII ғасырда пуритандардың үстемдігі жүріп тұрған кезде Англияда да тыйым салынған болатын. Бірақ, 1660 жылы Чарльз II оны қайта жаңғыртты. Сол жерден ол Америкаға тарады. Америкалықтар оны ақша табудың қолайлы құралы деп тапты. 1840 жылдары америкалық Валентин күніне алғашқы коммерциялық ашық хаттарды (олар валентинка деп те аталады) шығарған Эстер Хоуланд бірінші жылдың өзінде оларды жалпы сомамен алғанда 5000 долларға сатты. Ол кезде 5000 доллар айтарлықтай қомақты ақша болатын. Содан бастап валентинкалар өндірісі қарқынды дамуға көшті.
Хэллоуиннің де мәселесі сондай. Бұл мереке кезінде (күнделікті өмірде) қалыпты адамдар рухтар мен гоблиндердің киімін киіп, әзәзілге табынудың ежелгі пұтқа табынушылық кезеңіндегі салтына еліктейді. Бір кездері адамды да құрбандыққа шалатын сорақы ғұрыптан тұрған, бұрынғы надандық дәуірінен қалған ескі нанымды байлардың тойлауы үшін мұсылман елдеріндегі бес жұлдызды қонақүйлер хэллоуин сауық кештерін ұйымдастырады. Бұл оқиғаның пұтқа табынушылық кезеңіндегі атауы Самайн болатын. Қасиетті Валентин күні сияқты, христиандық діні оның пұтқа табынушылыққа негізделген мәнін өзгерте алмай, атауын ғана өзгерте білді.
Ақыл-есі бүтін адам антиисламдық идея мен нанымдардан бастау алған салт-дәстүрге Ислам немқұрайлы қарайды деп қалайша ойлауы мүмкін? Ислам көп құдайға табынушылықтың барлық түрін түп-тамырымен құрту үшін келді. Сондықтан, дініміз исламды ұстанушылардың өмірінде көп құдайға табынушылықтың титтей де болса ізі қалуына бейжай қарай алмайды.
Оның үстіне, Ислам дінімізді ұстанушылардың өз тазалығы мен бірегей жеке даралығын сақтап қалуына қатаң қарайды. Сол себепті де, Ислам шариғаты мен ілімінде бұл жайында түсіндіріліп айтылған. Намазды Күнге табыну ғұрпымен шатастырмас үшін күннің шығуы кезінде, күн тас төбеде тұрғанда және күннің батуы кезінде намаз оқуға тыйым салынады. Мұсылмандар 10-шы мұхаррамдағы ерікті оразаға тағы бір күн (9-шы немесе 11-ші мұхаррамда) қосып ораза ұстаулары керек. Бұл сол кездері кең таралған яһудилік ғұрыптан мұсылманның оразасын ажыратып алу үшін жасалған дүние болатын. Мұсылмандарға мұсылман еместердің сыртқы келбетіне еліктеуге тыйым салынған.
Мұсылман болу ─ шынайы өмірде мұсылман болу деген сөз. Біз жан-жаққа тармақталып жатқан сан қилы тораптарға бұрылмай, қуанышта да, қайғыда да, мейрамда да, қасірет кезеңінде де бір ғана тура жолмен жүріп отыруымыз қажет. Бәрінен де жаныңа бататыны ─ жаһандану мен аяусыз БАҚ медиа-машинасының күшіне негізделген коммерциялық және мәдени насихаттың ықпалымен мұсылмандар валентинкаларды, Хэллоуин рухтарын, тіпті қала берді, Санта Клаусты да қуанышпен қабыл алатын күйге жетті. Көп құдайға табынушылықтың алдында дәрменсіз күйде тізе бүккен мына біздің сұмдық халімізді ескерер болсақ, біздің тойлайтын бір ғана күніміз бар ─ ол аза тұту күні. Одан да дұрысы, тәубеге келу күнін атап өткеніміз жөн болар, сірә. Бұл бізді сол қисынсыз күндер мен сорақылықтардың шырмауынан босатар еді.
Халид Байг
Әл-Балаг
____________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz
Askimam.ru