Бүгін әңгіме арқауына айналып отырған бауырларымыз Руслан және Раушан Шакаровтардың аты-жөні Қостанай өңіріне кеңінен белгілі. Олар бұл күндері облыс орталығында тұрады.
Алайда өздерінің туған жерлерін ешқашан да ұмытпайды. Қолдарынан келгенше қайырымдылық мақсатында көмек көрсетіп келеді. Бұл орайда олардың аудандық «Балықты» мешітінің тұрақты демеушілері екендігін айтып өткендігіміз лазым.
Сөзіміз жалаң болмас үшін нақты мысал келтіре кетелік. Бұл күндері елімізде 2016 жылға баспасөзге жазылу науқаны қызу жүріп жатыр. Қостанайдағы ерлі-зайыпты Руслан мен Раушан Шакаровтар қазақ тіліндегі діни басылымға жазушыларға қолдау көрсетуді өзіміздің ана тілімізге көрсетілген құрмет деп түсінеді.
Сондықтан да болар, жуырда ғана олар ауданда тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, көп балалы аналарға, мұғалімдерге және басқа да азаматтарға 50 дана республикалық «Ислам және өркениет» газетін өз қаражаттарына жаздырып берді.
Әрине, қайырымдылық, адамгершілік секілді қасиеттер адам баласының бойына жастайынан ата-аналарынан алған тәрбиесінен дариды деп босқа айтылмайды. Бұл өте орынды да.
Отағасы Русланның әкесі Төлепберген ағамыз бен анасы Мағира апамыз есімдерін ел сыйлаған ардақты жандар. Екеуі де бүкіл ғұмырларын елі мен халқына адал қызмет етуге арнаған құрметті кісілер. Төкеңнің кісілігін, парасаттылығын, ұлтжандылығын замандастары кезінде өзіне үлгі тұтты.
Кейінгі жастар одан өнеге алып, туған жерлерінің нағыз патриоттары атанды. Ұзынкөлдіктердің мақтанышы болды. Оны барша қауым өзіміздің Төкең деп отыратын.
Ал шаңырақтың сәні мен мәнін келтірген Мағира апамыз да ұлтымыздың іскер де білікті қыздарының бірі. Ол жастайынан адам жанының арашашысы, яғни ақ халатты абзал жан болуды армандайтын. Өсе келе осы мақсатына жетті.
Халық: «Мағира апамыз науқастарды тек ем-домымен емес, жылы сөздерімен де емдейді, онымен сөйлесіп ақыл-кеңесін тыңдаудың өзі бір ғанибет»,- дейтін.
Шынында да, ол осындай кәсібіне деген сүйіспеншіліктің арқасында тек Қостанай облысының ғана емес, күллі республикамызда үлкен абыройға бөленді. Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген дәрігері атанды. Әріптестері оны өнегелі тәлімгер деп үнемі сыйлады. Жастардың нағыз білікті ұстазы болғаны да жерлестерімізге мәлім.
Осындай ата-анадан тағылым алған Руслан да қазақтың парасатты әрі білімді азаматы болып қалыптасты. Ол осыдан ширек ғасыр бұрын ұлтымыздың көрікті де инабатты қызы Раушанмен көзқарастары бір жерден шығып, жеке отау көтерді. Содан бері де арада қаншама жылдар өтті.
Ана өнегесі
Раушан да беделді де көпшілікке шарапаты тиген шаңырақта өсті. Себебі, оның әкесі Ғалымжан аға мен анасы Бибіжамал апамыз кішкентайынан қыздарының білімге құштар, өз ұлтының барлық асыл қасиеттерін бойына сіңірген дарынды перзент болып қалыптасуына көп еңбек сіңірді.
Бұл шаңырақтың иелері де өз ортасында беделді әрі іскер мамандар ретінде дараланды. Отағасының бойынан нағыз азаматқа тән қасиеттің бәрі де табылатын.
Өзі кез келген кісімен бұрыннан білетіндей сөйлесіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білді. Ғалымжан ағамыздың осындай қырлары барша Қостанайлық зиялы қауымның есінде. Өзі туып өскен Ұзынкөлдің өркендеп өсуіне қомақты үлес қосты.
Осы отбасының ырыс-берекесін арттырып, шырайын келтірген Бибіжамал апамыз да өте сыйлы да ардақты жан. Оның мейірімділік қасиеттерін жерлестері және онымен араласқан құрбылары қашанда ауыздарынан тастамай айтып отырады.
Шаңырақтың сәнін келтірген қайырымды кісі жетім-жесірдің, көмекке мұқтаж жандардың қолдаушысы. 73 жастағы апамыздың көптеген ізгі қырлары сүйікті қызы Раушанға да ерте жұқты. Үнемі анасының ақыл-кеңесін басшылыққа алып отырады. Қарындасымызды мешітке тұрақты демеуші етіп отырған да осындай асыл да ерекше қасиеттерінен болар.
Бибіжамал апамыз Ислам дініне аса құрметпен қарайды. Намазхан. Мешіттегі барлық діни мерекелерге қатысып отырады. Міне, оның ұрпақтары осының бәрін де көңілдеріне түйіп, өзгелерге шапағаттарын тигізіп келеді.
Өздеріңіз де байқап отырған шығарсыздар, біздің кейіпкерлеріміз Руслан мен Раушан осындай ынтымағы жарасқан жанұяларда өскендіктен де шығар, бұл күндері бір отбасының тіректері.
Әрқашан да ойлары бір жерден шығатын ерлі-зайыптылар қос қыздарының бойына сонау мектеп қабырғасынан бастап, нағыз қыз баланың табиғатына тән қасиеттерді сіңіруге тырысты. Олар да әке-шешелерінің сенімін ақтады.
Тұңғыштары Жанар өзінің білімге деген шексіз құштарлығынан да болар, Лондонда оқыды. Сүйген жігіті Дияр екеуі шаңырақ көтеріп, үлгілі отбасына айналды. Олар бұл күндері мұнайлы өңір Атырау қаласында тұрады. Өздері ғұмыр кешіп жатқан шаһарда сыйлы да беделді.
Екінші қыздары Сәбина облыс орталығындағы М.Горький атындағы гимназияда 7 сынып оқушысы. Ата-анасы бұл перзенттерінен де үлкен үміт күтеді.
Руслан мен Раушанның айтуына қарағанда, өздері ата және әже атанды. Өздері Нәдір есімді немерелерін ерекше жақсы көреді. Олар екі жақтағы ата-әжелерінің көз қуанышы. Болашақта ол тәуелсіз еліміздің нағыз тірегі болса екен деп армандайды.
Міне, біздің қос аққудай жарасқан әрі бүгінгі уақыт талабына сай кәсіпкерлікпен айналысып, айналасындағыларға шуағын шашып келе жатқан бауырларымызға әрдайым Алла-тағаланың нұры жауа берсін деген ең ізгі тілегімізді білдіргіміз келеді.
Олармен сұхбат алған кезімізде Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітінің бас имамы Есенгелді қажы Әжімахантегі демеушілері жөнінде ойын былайша түйіндеді:
- Имандылықты әрқашан да жоғары қоятын әрі мешіттің тұрақты қамқоршысы Руслан және Раушан Шакаровтарға алғысым шексіз. Олар қашанда киелі орынға қолдау көрсетуде баршаға өнеге.
Осындай жанашыр кісілер бар кезде Ислам діні өркендеп, руханиятымыз барынша жандана беретіндігіне нық сенімдімін.
Оразалы ЖАҚСАНОВ