Облыс орталығынан әудем жерде жатқан Ұзынкөл ауданының бас имамы Есенгелді Әжімахантегі жақында маған телефон арқылы өзі басқаратын «Балықты» мешітінде 80 жасар орыс кемпірі Маргарита Иванқызы Жазитованың ислам дінін қабылдағандығын жеткізді.
Басында кішкене таң қалғанымыз рас. Өйткені, сексеннің сеңгіріне көтеріліп отырған кейуананың мұндай қадам жасап отырғаны тосын оқиға екендігі белгілі.
Содан Есенгелді ініміз өзі маған арнайы келіп, әлгі кісімен жолықтыруға уәде берген-ді. Соның сәті жуырда келіп, Қостанай қаласымен іргелес жатқан Затобол кентіне бағыт алдық.
Жеңіл көлікпен осы аудан орталығының Целинный көшесі, 15-ші үйдің жанына келіп тоқтадық. Жеке үш бөлмелі шаңырақтың аумағы да кең екен. Мұнда ерінбеген адамға талай істі тыңдырып, күнделікті нәпақасын айыруға әбден болатындығын бірден сездік.
Жанымдағы имам жол бастады. Бізді қарсы алған отбасының кенже ұлы Руслан өте түсінігі мол жігіт екен. Өзі төрге өтуімізді сұрады. Сол кезде көрші бөлмеден Маргарита апамыз жақындап, жылы сәлемдесті.
„Адам сөйлескенше, жылқы кісініскенше„ демей ме, одан ары қарай әңгімеміз өзінің жарасымын тапты. Баяғы өзіміздің кәсіби дағдымызбен сол аралықта көзімізбен үйдің ішін шолып шықтық. Артық жатқан бір затты көрмедік.
Осыдан-ақ, апамыздың жасы келсе де тазалықты, ұқыптылықты ұнататындығы аңғарылады. Қанша дегенмен өмір көрген кісі ғой. Көп сөзділікті жақтырмайтындығы байқалады. Сондықтан оған өзім түрлі сауалдар қойып, әңгімеге тартып отырдым.
Бір кезде сөзімізге Есенгелді бауырымыз да араласты. Ол Маргарита апамыздың ислам дінін шын ниетімен қабылдауы аудан өміріндегі айтарлықтай жай болғандығын еске салды.
Әрине, оның алдында бұл кейуана мұндай қадамға бармас бұрын көп ойланып, толғанды. Онымен бірге мешітке қазақтың аяулы қызы Шолпан Хасанова және қайын інісі Арман Жазитов мешітке барды.
Содан олар арнайы бір күнді белгілеп, халық киелі орынға көп жиналды. Солардың көзінше Ұзынкөл ауданының әкімі ұлттық салтымызбен әжеміздің иығына камзол жапты. Бас имам да лайықты құрмет көрсетті.
Осынау салтанатта бұған Есенгелді Әжімахантегі азан шақырып, жасы келген кісіге Әсел деген есім берді. Әрине, бұған апамыздың қуанышында шек болған жоқ. Өйткені, мұсылман дінін қабылдау оның сонау қазақ отбасына келін болып түскеннен бергі басты арманы болатын.
Сол арманы Алланың сәті салған кезде жүзеге асып, анамыздың жүрегі үлкен тебіреніске түсті. Орыс қызының мұндай әрекеті сол мешітке жиналған қауымға үлкен тағылым еді. Бәрі де оны құшақтап, өздерінің ыстық ықыластарын танытты.
Қазақ жігітімен Таразда бас қосты
Бұл күндері Әсел деген атқа ие болған Маргарита апамыз негізі Ресейдің қызы. Өзінің кіндік қаны тамған, яғни бұл күндері ұлтымыздың біртуар перзенті Амангелді Төлеев ағамыз басқаратын Кемеров облысы жайлы айтқанда еріксіз ұйып тыңдап қаласыз.
Тағдыр басқа салса қайда болмайсың. Ол өзінің болашақ жары Қайыржан Қожағалиұлын 2000 жылдан астам тарихы бар қасиетті Тараз қаласында жолықтырыпты. Бұл кезде қандасымыз сол шаһардағы педагогикалық институтының 2 курсында оқитын.
Бауырымыз суретшілік мамандықты таңдады. Дәл осы шақта көркем бойжеткен Маргарита сондағы үлкен бір зауытта слесарь-жинаушы болып жұмыс істейтін. Махаббат ұлт пен жасқа қарамайды деседі ғой. Ол өзінің ерекше ажарымен, әдемі қылықтарымен қазақ жігіті Қайыржанның жүрегін жаулады.
Осы арада бір тоқтала кететін жай, ағамыз орыс қызының нағашы жағынан туыс болып келетін бір азаматтың қимас досы еді. Олар сонау бір жылдары әскер қатарында бірге қызмет атқарып, жақсы араласып кеткен-ді.
Сол арадағы сыйластықтары туған жерге аман-есен оралған соң одан әрі жалғасып, кәдімгі туған-туысқандардай тіршіліктегі барлық қуаны пен қайғыны бірге бөлісті. Қайыржан аға мен Маргаританың көңілдері жарасып, өз алдарына шаңырақ көтерді.
Осы ынтымағы жарасқан отбасының иесі Қайыржан Жазитов Қостанай облысына қарасты Ұзынкөл ауданы Қоскөл ауылының тумасы. Апамыздың аудандық мешітті таңдауының да өзіндік себебі бар. Отағасы 2003 жылы дүниеден өтті. Ол әлгі аталған ауылдағы зиратқа жерленді.
Жылда Құрбан айт және басқа да діни мерекелерде ұзақ жылдар бойы бір шаңырақтың астында бақытты ғұмыр кешкен күйеуінің аруағына бағыштап құран оқытады. Міндетті түрде аудандағы „Балықты„ мешітіне барып, ондағыларға сәлем беріп тұрады.
Тағы бір оны сонда жетелеп тұратын жай, бас имамның халық алдындағы үлкен беделі. Өйткені, осы аудандық мешітті басқарып отырған Есенгелді қажы Сақтағанұлы үлкен мен кішінің құрметіне бөленген жан. Оның адамгершілікке толы ғибратты сөздері әрқашанда өзіне ерекше әсер етіп, жан-дүниесін нұрландырады.
Сол себептен де қабырғасымен кеңесе келе, мұсылмандық дінді осы киелі орында қабылдауға ұйғарым жасаған-ды. Өзі келін болып түскен аудандағы азаматтар мен туған туысқандар әжемізді өмір көрген ардақты кейуана, жерлестерінің сүйікті жары ретінде ерекше сыйлайды.
Қайыржан ағамыз нағыз шығармашылық адамы-тын. Оның салған суреттері, портреттері баршаның есінде. Оның өзінің жеке шеберханасы да болды. Уақытының көбісіні сонда өткізетін. Құрметті демалысқа шыққанға дейін ол облыс орталығындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта шәкірттерге бейнелеу өнері мен сызудан дәріс берді.
Өзінің ұзақ жылдар бойы жинақтаған бай тәжірибесін ізін басып келе жатқан жастарға үйретуден ешқашан да жалыққан емес. Бұлар 2002 жылға дейін Қостанай шаһарында ғұмыр кешті. Содан кейін ғана Қостанай ауданының орталығы Затобол кентіне біржола қоныс аударды. Өздері кәдімгі суы мен көгілдір отыны қосылған жеке меншік үйде тұрғанды қалады.
Өйткені, жаз айларында есік алдындағы бау-бақшада көкөніс өсіріп, қысқа тосап, тұздалған қияр, қызанақтарды дайындағанға не жетсін. Таза ауада жұмыс істегенді ұнататын апамыз өзінің еңбекқорлығымен айналасындағы көрші-көлемдеріне үлгі көрсетті.
Бес уақыт намаз оқымақ
Маргарита апамыз қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан соң сол халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениеті мен тарихын бір кісідей меңгеру әрі оған үлкен құрметпен қарау өзінің осынау ұлы ұлттың келіні ретіндегі парызы деп түсінді.
Күйеуінің барша туған-туысқандарына ибалылық пен инабаттылық көрсетіп, тастай батып, судай сіңіп кетті. Олар да „Түсі жақсыдан түңілме„ демекші, жайдары мінезді, шынайы қарым-қатынастағы орыс қызын жатырқамай, қамқорлықтарына алды.
Сөйтіп, біздің Маргарита апамыз екі жақтағы туған-туысқандардың арасындағы алтын көпірге айналды. Келген қонағына тамағынан бұрын қабағын берді. Өзі өткен жылдарда қазақтың ежелден келе жатқан барлық ұлттық тағамдарын жан-жақты меңгерді.
Әңгіме арасында ол жүзіне жылы шырай жүгіріп:
- Қазақ өте дархан халық. Олардың жерлері қандай жазиралы да байтақ болса, пейілдері де сондай кең. Мұны мен осы Жазитовтер әулетіне алғаш келін болып түскен сәттен бастап аңғардым.
Әрине, күйеуім Қайыржан да ой-өрісі кемел, көп оқып, тоқыған, барлық халықтардың әдебиеті мен мәдениетін бір кісідей меңгерген ардақты азамат-ты. Ол менің білмегенімді үйретті, тез арада өзі жағындағы ағайындармен тіл табысып кетуіме тікелей септігін тигізді.
Барлық діни мерекелердің өзіндік ерекшелігін, олардың адамға берер танымдық-тағылымдық жағын, келіннің міндеті мен парызын өткен жылдарда әбден игердім.
Қазір менен бақытты адам жоқ. Бұл күндері отағасы арамызда жоқ болса да, оның туған-тусқандарымен арадағы сыйластығымыз өте жақсы. Балаларым да оларды ерекше құрметтеп отырады, - деді.
Балалары демекші, Қайыржан аға мен Маргарита әжеміз үш ұрпақтарын тәрбиелеп, өсірді. Тұңғыштары — Юрий. Ол да салиқалы да салмақты жігіт болып қалыптасты. Оның Тимур есімді ұлы бар. Апамыз оны ерекше жақсы көреді екен.
Осы үйдің алғашқы ұлы әке жолын қуды. Ол да кезінде суретшілік мамандықты таңдаған еді. „Әке көрген оқ жонар„ дегендей, үнемі оның жанында болып, кішкентай кезінен көп жайды көңіліне түйді. Шеберханада бірге жұмыс істеді. Қазір де оның он саусағынан өнер тамған азамат екендігі белгілі.
Одан кейінгі Дина үйлі-баранды. Қазір Ресейдің астанасы Мәскеу қаласында тұрады. Ол сонау мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап, өнерге бейім-ді. Сондай таудай талабы мен айрықша дарынының арқасында нағыз талантты әртіс болды. Балерина ретінде әріптестерінің үлкен құрметіне бөленді.
Бұл күндері анасымен жиі хабарласып, қазақ елінде болып жатқан игі жаңалықтарды естісе, төбесі көкке жеткендей күйді бастан кешеді. Туған жердің түтіні де ыстық екенін бір сәт ұмытпайды.
Осы үйдің ең кенже ұлы Ілияс анасының нағыз қамқоршысы. Онымен бірге бір үйде тұрғандықтан шешесіне қолғабысын тигізіп, бір сөзін екі етпейді.
Бұл жігіт те сегіз қырлы, бір сырлы маман болып шықты. Өзінің қолынан келмейтіні жоқ. Қазіргі таңда тапсырыс бойынша жиһаздарды жөндеп, қалыпқа келтіреді. Талғамы өте жоғары. Оның өзіндік қолтанбасын үйіндегі қабарғаға ілінген заттарға салынған қазақтың ұлттық ою-өрнектерінен де сезіну қиынға соға қоймайды.
Шаңырақтың тірегі Ілияс айтады:
- Әкем қазақ азаматы, шешем орыс қызы болса да олар өте тату-тәтті ғұмыр кешті. Олардың артық сөзге барғанын, бір-бірінің көңілдеріне қаяу салғандарын көрген де, білген де емеспіз.
Шаңырақтың иесі өте мақтауға тұрарлық азамат-ты. Шығармашылық адамы болған соң ба, көп ізденетін. Бос уақыты тым аз болса да біздің тәлім-тәрбиемізге де көңіл бөлетін. Өз елдеріннің нағыз патриоттары болыңдар дейтін.
Мені ою-өрнек салуға баулыған да осы сүйікті әкем. Оны әрдайым сағынышпен еске аламын. Осындай кісінің баласы болғанымды мақтан тұтамын. Бір сөзді, уәдеге өте берік кісі болған соң ба, бізде қайсы мәселеде болсын жауапкершілік танытып, жұмысымызға тиянақты болуға талпындық.
Анамның ислам дінін қабылдағынына өз басым шексіз қуандым. Мұны бір жағы ұзақ жылдар бойы бірге ынтымағы жараса өмір сүрген отағасына, жалпы мұсылман қауымына деген құрмет деп түсінгеніміз де абзал.
Осы жолы Маргарита апамыздың үйінде болған кезімізде Есенгелді қажы Әжімахантегі оған өзімен бірге ала келген намазға байланысты кітапты табыс етті. Әжеміз енді алдағы уақытта бес уақыт намазын үзбей оқуға ден қойғалы отыр. Бұл әрине, өте құптарлық жай емес пе?
Кейіпкеріміздің түр-кескіні әлі де жас көрінеді. Ұзақ жасаудың сырына келсек, ол кісі бәрі де адам баласына деген ізгі қарым-қатынастың, кіршіксіз адалдықтың арқасы екендігін алға тартады. Сонан соң әлі күнге дейін ешкімге салмағын салмай, үй-шаруасының бәрін өзі атқарады.
Тек қолына таяқ ұстағаны болмаса, құлағы жақсы естиді. Есте сақтау қабілеті де жаман емес. Кез келген таныстарын бірден таниды. Болашақта намаз оқумен қатар, отыз күн ораза ұстасам деген ниетте екенін жасырмады.
Қыз-келіншектер назарына сала кетер бір жай, Маргарита әжеміздің осы жолы үйіне барған кезімізде қолы боста ақ жаулықты аналарымыз секілді кәдімгі көрпешелерге ою-өрнек салып, оларды сыйлы қонақтары келгенде төсейтінін де білдік. Міне, мұның бәрінен де оның халқымыздың шын мәнінде салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына айрықша сергектікпен қарайтындығы байқалып тұрған жоқ па.
Ол тағамды өте дәмді дайындайды деседі, біз білетін жұрт. Оның қонақжай екендігін әп-сәтте әзірлеген қою күрең шайы мен балбыратып пісірген бауырсағынан да білдік.
Оған: „Әсел апа, ұрпағыңыздың қызығын көріп, денсаулықтың арқасында арамызда жарқырап жүре берңіз„ деген ізгі тілекпен қимай қоштастық.
Оразалы ЖАҚСАНОВ.