Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Ақида

Ақиқатты қысқарту сәләфия мәнһажінің негізі ме?

Бүкіл мақтау Әлемдердің Раббысы Аллаһ тағалаға тән! Оның Елшісі Мұхаммед пен отбасына, сахабалары мен оның соңынан ерушілерге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!

Содан соң,

Бұл мақаланы жазудағы басты себеп, қазіргі күнде арамызда жүрген, өздерін «нағыз сәләфтың соңынан ерушілерміз» деуші жамағаттың қитұрқы әрекеттері, дін іліміне аманатсыздығы болып отыр. Жалпы, пайғамбарымыз ﷺ көптеген хадистерінде шыншыл болуға, ақиқатты жасырмауға, дін ілімінде туралықтан таймауға үндегенін білеміз. Аллаһ тағала қасиетті Құран Кәрімде де «Шыншыл болсаңдар, дәлел келтіріңдер» (Бақара, 111) деу арқылы шариғат мәселесінде дәлелсіз сөйлемеуді пенделеріне ескертті. Алайда, сәләфия жамағатының өкілдері осы тұрғыдан алғанда, дін іліміне үлкен қиянат қылуда.

Енді кеңінен сөз етсек:

1. Қазіргі кезде бұл кісілер имам Әбу Ханифаның ақидасы жөнінде кейбір сөздерді келтіріп жүр. Келтіргенде де, тек өздерінің оң жамбасына сай келетін кейбір риуаяттарды ғана көрсетіп, ал оларға қарсы келетін пікірлерін жасырып қояды. Аллаһ нәсіп етсе, имам Әбу Ханифаның ақидасы жөнінде алдағы мақалаларымыздың бірінде кеңірек тоқталамыз, ал әзірше соның бір-екеуін қозғап кетсек:

А) Негізінен олар имам Әбу Ханифа айтты деген сөздерді көбіне «Фиқһул-әбсат» кітабынан келтіреді. Алайда, осы кітаптың авторы Әбу Мутиғ әл-Балхи жөнінде айтылған ғалымдардың сындарын есепке алмайды. Мысалы, бұл кісі жөнінде имам Ахмад «бұл кісі айтқан сөздерді жеткізудің қажеті жоқ» десе, имам Бухари «бұл кісі әлсіз. Ойына келгенді айта беретін адам» деп сипаттама берген. Негізінде, осындай сипаттамаға ие кісіден ақида мәселесінде пікір қабылдау ақылға сыйымсыз дүние. Алайда, мақсат не? Сол баяғы өз ақидасын дұрыс екенін дәлелдеп, басқаларды жоққа шығару.

Ә) Одан әрі, әһлу сунна өзіне тән алған имам Әшғари мен имам Матуриди ақидасы бойынша Аллаһ тағала мекеннен, заманнан пәк. Алайда, сәләфилер осы сөзге қарсы мынадай бір уәж айтады: «имам Әбу Ханифа былай деген: «Кімде-кім Раббым аспанда ма, жерде ме білмеймін десе, онда ол кәпір болыпты, сондай-ақ, бұл сөз Аллаһ тағала Аршыға көтерілген, ал Арш аспанда ма, жерде ме білмеймін деген кісіге де қатысты», яғни сендердің ақидаларың Әбу Ханифаның сөзіне қайшы.»

Біріншіден, бұл сөз «Фиқһул-әбсат» кітабында келген. Ал, ол кітаптың иесі туралы айтқан ғалымдардың пікірін жоғарыда келтірдік.

Екіншіден, негізінде дұрыс деп қабылданған мәтінде, тек «Кімде-кім Раббым аспанда ма, жерде ме білмеймін десе, онда ол кәпір болыпты» деген сөз ғана келген. Ал «бұл сөз Аллаһ тағала Аршыға көтерілген, ал Арш аспанда ма, жерде ме білмеймін деген кісіге де қатысты» деген мәтін келмеген. Бұл сөзді кейіннен келген Харауи деген кісі өз ойынан қосып жіберген. Және бұл кісі муджассим-мушаббих ақидасын ұстанушы, себебі, бұл кісі Аллаһ тағаланы ұқсатуға толы кітаптар жазған. (Қызығы, сәләфилер осы кісіден бұл сөзді қабыл алады). Ал, «Кімде-кім Раббым аспанда ма, жерде ме білмеймін десе, онда ол кәпір болыпты» деген сөзді түсіндіруші Мулла Әли Қари, Баязи сынды ғалымдар мынадай шархты ұсынған: «Адам бұл сөзімен Аллаһ тағала белгілі бір мекенде деген ойда, (яғни, Аллаһ аспанда не жерде, бірақ анығын білмеймін деуде, автор). Ал бұлай айтушы адам мушаббих (ұқсатушы).1

Тарап пен кеңістікке қатысты болған әр нәрсе міндетті түрде өзгеге мұқтаж, кейін жаратылған болады. Ал бұл сөз Алла тағаланың бойында анық кемшілік бар, деп айтуға алып барады».2

Үшіншіден, дәл сол кітапта Әбу Ханифаның мынадай бір сөзі келеді: «Егер «Аллаһ қайда?» деп сұралса, оған айтылады: Жаратылыс жаратылмай тұрып Аллаһ бар еді және мекен деген нәрсе жоқ еді. Аллаһ бар еді, «қайда» деген сұрақ жоқ еді, ешқандай жаратылыс, ешнәрсе жоқ еді. Ол бүкіл жаратылысты Жаратушы».3

Ең таңқалатыны, Әбу Ханифаның ақидасы баяндалған сәләфилік жазбаларда бұл сөзді ешқашан кездестірмейсің. Неге? Себебі, бұл сөз олардың ұстанымдарына қайшы. Сондықтан олар бұл сөзді жасырады, тек өздеріне сай келетін сөздерді ғана қырқып алады да, қалғандарын «көміп» кете барады. Әйтпесе, бәрі бір кітапта жазылған сөз ғой ...

2. Сәләфилердің тағы бір монтажына ұшыраған әһлу суннаның ірі ғалымдарының бірі имам әл-Бәйһақидің «әл-Әсмә уас-сифат» кітабы. Сәләфилердің сенімі бойынша, Аллаһ тағала Аршыда, (затымен) соған көтеріліп, орныққан. Бұл ұстанымды осы ағымның ірі шейхтарының кітаптарынан кездестіруге болады. Өз сөздеріне дәлел ретінде, сәләфилер осы кітапта «истиуа етті», «Аршының үстінде» деген мағынадағы сәләфтардан жеткен риуаяттарды ұсынады. Және форумдарда, сайттарда осы кітаптың сілтемесін көрсете отырып әлгі риуаяттарды келтіреді. Негізінде, Имам Байһақи осы хабарларды келтірген соң, оларды қабылдаудың дұрыс жолын үйретіп, былай дейді: «Кемшіліксіз Аллаһ тағала Аршысынан биік,ол онда отырған да жоқ, тұрып та тұрған жоқ, тиіп те тұр емес, не одан ажырап та тұрған жоқ. Себебі, бұлардың бәрі дененің сипаттарынан. Ал Аллаһ тағала жалғыз, ешнәрсеге мұқтаж емес, ол тумады да, туылмады да және оған ештеңе тең емес. Сол үшін де, Аллаһ тағалаға денеге жүретін сипаттар жүрмейді»4.

Сондай-ақ, «истиуа» жайлы жеткен хабарлар жөнінде: «Мұсылмандардың «Аллаһ истиуа етті» деген сөзінің мағынасы – Аллаһ тағала Аршыға тиіп тұр деген мағынада емес, не оған мекен етіп, орныққан мағынада да емес, не Аршы тарапта деген де емес, Аллаһ тағала жаратылысынан бөлек, ажыратылған. Біз хабарда келгендей айтамыз, алайда Аллаһ тағалаға кейіп беруден қайтарамыз. Себебі, оған ешнәрсе ұқсамайды, ол Естуші, Көруші»5-деп, оны дұрыс түсінудің жолын көрсетеді. Бірақ, тағы да таң қалатыны, сәләфилер имам Байһақидің осы риуаяттарға берген түсіндірмесін ешқашанда келтірмейді. Неге? Себебі, бұл сөздердің барлығы олардың ақидасын теріске шығарады. Тағы бір ескере кететін нәрсе, имам Байһақи әшғари ақидасын ұстанушы ғалым. Сондықтан да, олар тек қана бұл кітаптан өздеріне қажетті жерлерін қырқып алады да, ілімсіз халыққа көрсетеді. Осылайша өздерін тура жолда екенін жариялау үшін, ақиқатты жасырып, бүркемелейді.

3. Сәләфилердің бізді айыптайтын негізгі мәселелерінің бірі – сопылық (тасаууф ілімі). Ақиқатында, бұл да тұрған ештеңе жоқ. Себебі, ихсанды күшейту үшін нәпсіңді тазалап, тақуалыққа ұмтылу әр мұсылманға қажет нәрсе. Алайда, олар мұны адасу, соқыр еру деп біледі. Оған дәлел ретінде мына риуаятты ұсынады:

«Юнус ибн Абдил-Ағлә былай деген: «Мен имам Шафиғидің былай дегенін естідім: «Егер кісі таңертең сопылыққа кірсе, ол бесіннің кезінде ақымаққа айналады». Бұл риуаятты имам Байһақи өзінің «Мәнәқибул имам Шафиғи» кітабында келтіреді. Қызығы, осы риуаятты келтіргеннен кейін имам Байһақи бұл сөздерге түсіндірме беріп: «имам Шафиғи бұл жерде сопылықтың атын жамылған, кәсіп етуді тастаған, адамдарға жүк болған адамдар жайлы айтып жатыр. Сондай-ақ, кімнің бойында мына төрт қасиет болса, бұл адам әлгілерден болатынын, алайда шынайы сопылық жолы ондай емес екенін, имам Шафиғидің он жыл бойына шынайы тасаууф жолындағы адамдармен араласқандығын, олардан көптеген пайдалар алғанын»6 –, жазады. Өкінішке орай бұл сөздерді сіз, әлгі риуаяттың жанынан таба алмайсыз. Неге? Себебі, олар тағы да өздеріне керекті жерді қырқып алғанда, « дәмді жерін» қоқысқа тастай салған. Мақсат - сол баяғы, өз жолдарын туралыққа екенін көрсету.

4. Еліміздегі сәләфия көсемдерінің бірі Октам Әбу Абдуррахман мен Ерсін Әбу Юсуф ұстаз арасында ақида төңірегінде диспут өткені баршаға мәлім. Сол диспутта, Октам Аллаһ тағаланың «Затымен Аршының үстінде» екенін дәлелдемекші болды. Және дәлел ретінде, имам Захабидің «Ғулуу» кітабынан Әбу Наср әс-Сидждидің сөзін оқып берді. Алайда, осы риуаятқа қатысты айтқан имам Захабидің түсіндірмесін оқымай жасырып қалды. Негізі, ол кітапта, әлгі риуаятты келтіргеннен соң, имам Захабидің «затымен Аршының үстінде» деп айтудың қате екенін және бұл сөздің риуаятқа ойдан қосылғаны жайлы айтқаны жазылған еді. Алайда, Октам бауырымыз бұл риуаятты соңына дейін оқымай қойды. Неге? Себебі, риуаяттың соңы оның сөзін теріске шығарумен аяқталатын еді. Сол үшін де, ол тек өзіне керекті жерін қырқып алды да, ақиқаттан оп-оңай аттап кете салды.7

5. Тағы да, сәләфия көсемдерінің бірі Ділмұрат Әбу Мұхаммад деген кісі «Матуридилердің күмәндарына жауап» деген сабағында имам ас-Сабунидің «Ақидатус-сәләф әсхабул-хадис» кітабынан бір мәтінді оқып берді. Алайда, сол мәтінді аяғына дейін оқымай, өзіне қажетті тұсқа дейін оқып қоя салды. Ал оның ар жағында олардың сенімдеріне қайшы келетін сөздер бар еді. Сондықтан да, өздерін керемет етіп көрсету үшін баяғы әдістерін тағы да қайталады да, ақиқаттан айналып өтіп кетті.

Тағы да, сол сабағында, Ділмұрат ибн Абдул Баррды «әһлу сунна имамы» деп сипаттап, оның «Тамхид» кітабынан сөздер келтірді. Кейін, сабағының соңғы жағында, «бидғат иелері» Аллаһ Тағаланың ісі түседі деп айтады, ал әһли сунна бұларға қарсы «Аллаһ Тағала Өзі (затымен) түседі» деген деп сөйледі. Алайда, ибн Абдул Барр әлгі «Тамхид» кітабында, «Аллаһтың ісі түседі» деген риуаят имам Мәликтен жеткенін жазса, артынан «Аллаһ Затымен түседі» деген адамды адасуда айыптап, теріске шығарады. Ал, Ділмұрат мұны келтірмеді. Неге? Бәлкім,ол кісі "Тамхид" кітабын толық оқымаған немесе ақиқатты қалтасына басып отыр. Анығы, Аллаға мәлім. Бұл мәселені толығырақ Ерсін Әбу Юсуф ұстаздың «Ділмұраттың күмәндарына жауап» атты дәрісінен тыңдай аласыздар.8

6. Жақында ғаламтор желісінде мысырлық Шейх Жамалуддин Хашимның «Аллаһтың аспанда деп айтудың дұрыс емес екенін» түсіндірген бейнежазбасы пайда болған еді. Алайда, (Аллаһ біз ойлағаннан да жоғары қылсын) жүрегінде дерті бар, ойлары лас, пасық біреулер Шейхтың сөзін қырқып алып, монтаждап ғаламторда таратып жіберіпті. Сірә, бұл ауру сәләфилердің қанында бар нәрсе болса керек. Себебі, 8 минуттық дәрісті 8 секундқа қысқартып, бұрмалау, сол арқылы жала жабу негізінде ақылы орнында, қиямет күнінен қорқынышы бар мұсылманның қолынан шығатын дүние емес. Алайда, Ібілістің ылаңына іліккен немелер дегендерін жасап шығарды. Есебі қияметте, иншә Аллаһ!9 Сондай-ақ, бұл сөздер, қырқып кесу арқылы өтірік видеолар жасап, Әміре Ерсін ұстазға жала жабушы провакаторларға да қатысты.

Негізі мұндай қиянатшылдыққа ұшырап, ақиқаты бұрмаланған дүниелер көп-ақ. Десе де, оның бәрін бір уақытта келтіру қиындау болмақ. Біз оның кейбіреуін мүмкіндігінше сөз еттік.

Қорыта келгенде айтарымыз, сәләфия ағымы ақиқатты іздеуші жамағат емес, керісінше өздерін ақиқатта екенін көрсету үшін ақиқатты жасырушы жамағат екені даусыз. Қылған дүниелерінен ,олардың мәнһажы осындай қысқартуға, бұрмалауға, қиянат істеуге негізделгені анық көрініп тұр. Сондықтан да барлық әһлу сунна ақидасын ұстанушы бауырларға айтарымыз, егер сәләфилерден қандай да бір құжат жетсе, оны қабылдар алдын тексер және қайтара тексер. Тағы да тексеруді ұмытпа және бұл іске еш ерінбе. Себебі, олардың дін іліміне аманатсыздығы осы амалды қажет етеді...

Сөз соңында,

Бүкіл мақтау Әлемдердің Раббысы Аллаһ тағалаға болсын!

1 Мулла Али Қари « Шархул-фиқһул-акбар», 271

2 әл-Баязи, Камалуддин Ахмад ибн Хусайн ибн Синаниддин әр-Руми әл-ханафи әл-Буснауи, «Ишаратул-мәром мин ибаротил-имами Әби Ханифәтән-Нуғман», 168-бет.

3 әл-Мутиғ Балхи «Фиқһул-абсат», 21

4 Имам Байһақи «Әсма ус-сифат», 518

5 Имам Байһақи «Әсма ус-сифат», 512

6 Имам Байһақи «Мәнәқибул имам Шафиғи» 207,208

7 https://www.youtube.com/watch?v=NTbRUtfnq6o

8 https://www.youtube.com/watch?v=Cka03g-gDt0

9 https://www.youtube.com/watch?v=52tQV3RA1kg

Мақала авторы: hanafi.kz

алдыңғы мақала
Жалпы Алла аспанда деп айту дұрыс па?
кейінгі мақала
Алла Тағала мекен мен белгілі бір тарапта болудан пәк

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником