Аудандағы «Балықты» мешітінің ұйымдастыруымен №2 Ұзынкөл орта мектебінде «Армысың әз Наурыз!» деп аталатын фестивалі өткізілді.
Оған осы аталмыш мешіт демеушілік етті. Оның алдын ала дайындалған бағдарламасы да жиналған жұртшылықтың көңілінен шықты. Шараның салтанатты ашылуында бас имам Есенгелді қажы Сақтағанұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға ең ізгі тілегін білдірді.
Онда көрмеге қазақтың ұлттық тағамдары қойылды. Спорттық ойындарға да айрықша назар аударылды. Мәселен, тоғызқұмалақ, арқан тарту, қазақ күресі, өгіз тартыс, алтын сақа ойындары жиналған қауымға үлкен әсер қалдырды.
Сондай-ақ, ойын-сауық алаңында ұйымдастырылған түрлі танымдық-тағылымдық шаралар да баршаның қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар, интеллектуалды жарыс та көпшілікке ұнады. Онда қатысушылар көкейлерінде жүрген ой-ұсыныстарын ортаға салды.
Фестивальдің қорытындысында театрландырылған ойын-сауық бағдарламасы аяқталған соң ерекше көзге түскендерге құрмет көрсетілді.