Жітіқара жұртшылығы үшін «Ержан Тәтішев» мешіті тек имандылық ордасы ғана емес, үлкен рухани-мәдени орталық. Ауданға сән беріп тұрған, иісі мұсылман халықтарының барлығы да тағзым етіп, Алла Тағалаға құлшылық-ғибадат жасайтын киелі ғимарат.
Осынау парасат ордасы аудан орталығындағы ең бір қолайлы жерге, бас көшенің бойында орналасқан. Сондықтан аталған мешіт бірден еріксіз көпшіліктің назарын аударады.
Мұсылман бауырларымыз мұнда жұма, Ораза және діни мереке кездерінде келіп, тағзым етеді. Аруақтарға Құран оқытады. Жастар болса, шаңырақ көтерген соң некелерін қидырып жатады.
Жаз мезгілі ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге өте қолайлы кезең. Сондықтан Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде осындай аса маңызды істер жүзеге асырылды.
Мысалы, мешітке жанашыр азаматтардың тікелей көмегінің арқасында киелі орынның іші мен сырты ақталып, сырланды. Оны шынайы көңілдерімен атқарған жандарға айтар алғысымыз шексіз.
Алдағы уақытта да аталмыш мешіттің барша қызметкерлері мен азаматтар имандылықты жандандыру мақсатында көптеген игі мақсаттағы жұмыстарды іске асыра беретіндігіне кәміл сенімдіміз.