Шынықсаң шымыр боласың, Сауығып айдай толасың. Спортты серік ете біл, Жақсы азамат боласың – демекші, жастар жылы аясында Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті мен қалалық спорт бөлімі бірлесе отырып, жуырда «Шынықсаң шымыр боласың» атты 8-9 шы сынып оқушылары арасында шаңғыдан жарыс өткізді.
Қаладағы «қосымша білім беру» мекемесінің алдында жарыстың арнайы ашылуы өткізіліп, мешіт имамы Бектұрсын Уәлиев сайыстың мақсатын түсіндірді.
Балалардың денсаулығын, белсенділігі мен батылдықтарын байқау арқылы нығайту, сөйтіп спортқа деген сүйіспеншіліктерін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау жөніндегі ойларын айтып өтті.
Жарыстың ашылуына қала әкімінің орынбасары, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының өкілі, жастар ресурстар орталығының басшысы А.Ахметжанов, спорт бөлімінің басшысы А.Маликов қатысты.
Аталмыш сайысқа әр мектептен талапкерлер үлкен дайындықпен келгендігін көрсетті. Жарыстың қорытынды бойынша жеңімпаздарға құрмет көрсетіліп, ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
ҚМБД-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі