Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің бас имамы Мейіржан Бердіғожин ауданынымыздағы екі қазақ мектебінде өткен кездесуге қатысты. Білім ордаларындағы жиынның басты тақырыбы «Діни экстремизм мен терроризм» болып, имам аталған тақырып жайында мол мағлұмат берді.
Басқосуда бас имам жиналған қауымға Ислам – бейбітшіліктің діні және қантөгіс атаулының дінімізге жат екенін айтып өтті. Сондай-ақ асыл дініміз әр адамның ар-намысы мен өміріне зиян тигізбеуге, әр адамның діни сенімі мен түр-сипатына қарамай мейірімді, сыпайы болуға шақыратынына да ерекше тоқталды. Қазіргі таңдағы, әсіресе, жастарымыздың арасында діни сауаттылықты арттыру – діни алауыздықтан сақтандыратынын, жастардың діни уағызды кез-келген жерде кездейсоқ адамдардан естіп, соның нәтижесінде адасушылыққа тап болатынын баса айтты. Жастардың жат ағымның жетегінде кетпей, ислами дұрыс бағытта жүруінің бірден-бір ықпалы ата-ана тарапынан екенін де тоқталып, әрқашан да ата-ана мен бала бір-бірімен өте тығыз байланыста болулары керек деген тұжырымдама жасады.
Жиын соңында бас имам Мейіржан Қапарұлы ата-аналардың қойған сауалдарына нақты және толық жауап беріп отырды. Сондай-ақ, жалпы Ислам дініне қатысты сұрақтар бойынша тек қана Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының бекіткен мешіт имамдарына қойюлары керектігін ескертіп, қажетті мағлұматты тек аталған басқарманың ресми сайттарынан ғана алуды қадап айтты.