Таяуда ЖАНТ мүшелері Арқалық қаласында кезекті кездесулерін жалғастырды. Мұндағы мақсат - теріс ағымдардың алдын алуға ой салып, Ислам дінінің ерекше құндылықтарын түсіндіруге ықпал ету.
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Нұрхан Асанұлы қалалық ішкі саясат бөлімі қызметкерлерімен келісіп, діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі бас маман Азамат Маратұлымен бірқатар мекемелерді аралады.
Мысалы, Ы.Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогикалық институты, медициналық, политехникалық колледждері, жастар ресурсы, еңбекпен түзету мекемелерінің қызметкерлерімен жүздесулер өте әсерлі өтті.
Студенттер мен өзге де жиналған қауым имамдардың ғибратты әңгімелерін көкейлеріне түйіп, тың мағлұматтар алды. Алыстан келген мәртебелі қонақтар - облыстық мешіттің найб имамы Мейіржан Бердіғожин, Лисаков және Рудный қалаларының бас имамдары Сабыржан Есмурзин, Бектұрсын Уәлиевтер парасатқа толы сөздерімен үлгі-өнеге көрсетті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі