Қасиетті Рамазан айы қарсаңында, яғни 5 сәуірде Әулиекөл аудандық мәдениет үйінде “Қош келдің, Рамазан” атты рухани кеш өткізілді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Аят Сулекеев, Қостанай облысының Бас имамы Бақытбек қажы Тәжімбет пен наиб имам Әлішер Балахмет, аудандық «Әмит ишан» мешітінің Бас имамы Нұрлан қажы Сыздықов және аудандағы діни қызметкерлері мен мешіт жамағаты қатысты.
Кеш Әлішер Ертайұлының қасиетті Құран Кәрім оқуымен басталды. Онан соң облыстың Бас имамы Бақытбек қажы Тәжімбет Алланың атымен бастап, келіп жеткен қасиетті Рамазан айымен құттықтау сөз сөйледі. Ол осы айдың басқа айлармен салыстыра қарағанда Рамазан айында мүміндерге ерекше мол сауап берілетіндігін, осы айда қасиетті Құран түскендігін айтып өтті.
«Басты мақсат - Рамазан айын ерекше ықыласпен қарсы алайық, Құранға бекем болып, көп-көп оқитын болайық. Мынау елімізді жайлаған індет тезірек кетіп, Алла тағала барлық мұсылман елдерін аман сақтасын, ауырған адамдарға Алла шипасын берсін, ауырмаған кісілерді Өзі сақтасын. Тезірек бұл індеттен құтылып, иық тіресе намаз оқитын жағдайға, баяғы қалпымызға келуге Алла тағала нәсіп етсін» - деп тілегін айтты.
Бұдан кейін мәдениет үйінің өнерпаздары Әсем Қажиева, Шынғысовтар отбасылық дуэті, «ЕрНАТ» тобы салған әуезді әндер жүректен жүрекке жетті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі