Үстіміздегі жылы Қостанай облысының Әулекөл ауданы Бас имамы Балахметов Нұрбол Исламұлы басқаратын «Әмит ишан» мешітінің алқа мүшелері өзгелерге үлгі боларлық істер атқарды.
Олар аудандағы бірқатар саудамен айналысатын дүкендерді аралап, қасиетті Ораза кезінде арақ-шарап сатылмауы жайлы ойларын ортаға салды. Мәселен, дін қызметкерлерінің талап-тілектеріне ерекше көңіл бөлген сауда орындары мен олардың иелерінің аты-жөндеріне тоқтала кеткеніміз жөн болар.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Ғ.Жансейітова, А.Нұржанов, И.Исмагамбетов, Ә.Қалиева, Г.Кәкімжанқызы басқаратын «Таң-Нұр», «Айнур», «Айшагүл», «Ожан», «Арнұр» секілді сауда орындарында Рамазан кезінде сөрелерден арақ-шараптарын сатылымнан алып тастады.
Міне бұл айлардың сұлтаны болып табылатын Рамазанға жасалған үлкен құрмет деп білеміз. Аталмыш жеке кәсіпкерлерге жұмыстары берекелі болсын тілек білдіреміз.
Сонымен қатар Құсмұрын елді мекеніндегі «Хақ» мешіті қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ораза ұстаған қарияларға азық-түлік пакеттері үлестірілді.
Ал Қадір түні қарсаңында аудандық Әулиекөл ауылындағы тастанды балалар үйіндегі тәрбиеленушілер де өздеріне деген қамқорлыққа дән риза болысты.
Аманқарағай елді мекендерінде күнкөрісі төмен 40 отбасына да азық-түлік ұсынылды. Бұл қайырымдылық шарасына есімі өңірімізге кеңінен танымал «Москалев» ЖШС басшысы З. Жаңбыршиновтің демеушілік жасаған болатын.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі