Жуырда Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінде осы ауданға қарасты ауыл молдалары мен имамдардың жиыны өтті. Оның негізгі мақсаты - дін қызметкерлерін үстіміздегі жылы жүзеге асырылатын жұмыс жоспарымен таныстыру еді.
Алдағы уақытта ауылдық намазханалар мен мешіттерде атқарылатын істер де аз емес. Әсіресе, уағыз- насихатты жандандырып, елдің бірлігі, ынтымақ, қайырымдылық, жалпы «Ихсан» аясындағы маңызды тақырыптарға аса назар аудару қажеттігі туралы Бас имам Нұрлан Сейілханұлы баса айтты.
Сондай-ақ, әрбір мұсылманның міндеті – туған жерімізді көркейту, рухани құндылықты қастерлеу, сабырлылық пен төзімділікті берік сақтау, патриоттық сезімді жоғары ұстау екендігі сөз болды.
Жиын соңында ҚМДБ бекіткен жеті бағыттың салалары жете түсіндіріліп, қадірменді ақсақалдар ақ батасын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі