Жақында Тобыл қаласы «Маңдай батыр» мешітінің ұйымдастыруымен «Нұр Отан» партиясының филиалында дін қызметкерлеріне арналған «Жеті рухани қазық» атты аймақтық семинар болып өтті.
Осы аса маңызды жиынға Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек Тәжімбет арнайы қатысып, алғашқы болып сөз алды. Ол «Жеті рухани қазық» жайында жан-жақты әңгімеледі.
Одан кейін Қостанай облысы әкімдігінің дін істер басқармасының бас маманы Сапарғали Абдиев қозғалған тақырып хақында пікірін білдірді.
Жиынға аймаққа қарайтын бір қатар аудандардың бас имамдары мен ауыл молдалары қатысты. Басқосуда көтерілген тақырып бойынша алдағы жұмыс жоспары құрылды.
Семинарда «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Асылхан Мұханбетжанұлы, осы мешіттің найб имамдары Азамат Мурзаканов, Медет Өтепқалиев, Қарасу және Сарыкөл аудандарының Бас имамдары Халық Абсаттаров, Нұрбол Балахметтер де өз ойларымен бөлісті.
Басқосу соңында беделді ақсақалдар қонақтар мен жиналғандарға ақ батасын берді.