Әулиекөл ауданындағы бірқатар мешіттерде халықтың игілігіне айналар жұмыстар атқарылып жатқандығы қуантады. Жалаң сөзге салынбас үшін нақты дәлелдер келтіре кетелік.
Мәселен, осы аудандағы Құсмұрын елді мекенінің 105 отбасы бірігіп, ауылдағы мешіттің асханасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Болашақта онда дүниеден өткен кісінің жаназа асы, қырқы, жылы секілді рәсімдер өткізілетін болады.
Мұнда асхананың төбесіне ерекше назар аударылды. 100 литрге лайықталған су ысытатын жаңа бойлер, 2 газ плитасы қойылды. Еденге линолеум төселіп, ыдыс қоятын стеллаждар жасалуда.
Жоғарыда аталған «Хақ» мешітінің жанашыр жамағаттары барлық жөндеу жұмыстарын өздері ұйымшылдық көрсете отырып, атқарғандықтарын ерекше атап өткен жөн. Жұмыла көтерген жүк жеңіл болатындығының жарқын дәлелі емес пе.