Дана халқымыз ежелден жас ұрпақты еліміздің болашағы деп есептеген. Сондықтан оларды имандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуді өздерінің басты парызы санаған.
Міне, осындай қағиданы берік ұстанған Рудный қалалық «Нұр» мешітінің имамы Бектұрсын Торғайбайұлы шаһардағы №15 мектептің оқушыларымен «Имандылық – тәрбие өзегі» деген тақырыпта кездесу өткізді.
Жүздесуде дін қайраткері тәлім-тәрбиеге ерекше тоқталып, ислам дінінің көркем мінез бен әдептілікке негізделгенін тілге тиек етті. Өзінің оқыған-тоқығандарынан нақты мысалдар келтіріп, оны шәкірттердің жадында ұзақ сақталатындай етіп баяндады.
Шара барысында оқушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылды. Имам сауалдарға дін мен дәстүрді байланыстыра отырып, тұшымды жауап берді.
Басқосуға тәрбиемен тікелей айналысатын ұстаздар мен мектеп директоры Қайыржан Нұрмағанбетов те қатысты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі