Көктемнің шуақты күндері келісімен өңірдегі барлық мешіттерде сенбілік өткізіліп, киелі орындардың ауласы мен айналасы қоқыстардан тазартылды. Оған діни қызметкерлер мен жамағаттар да атсалысты.
Жуырда Рудный қалалық «Нұр» мешітінің жамағаты белсенділік танытып, қала көркі мен тазалығына өздерінің үлестерін қосты. Ұйымшылдықтың арқасында маңайдың бәрі жарқырап шыға келді.
Аталған мешіттің бас имамы Бектұрсын Уәлиев сенбілікке қатысушыларды жылы сөзімен рухтандырып, Рамазан айында тазалықтың да айрықша орын алатындығына, әрбір парасатты азамат кейінгі жас ұрпақтың бойына экологиялық мәдениетті сіңіре беру керектігіне тоқталды.
Ол өз сөзінде, мұсылман қауымының негізгі бір міндеті - айналамыздағы қоршаған ортаны таза ұстау, ағаш отырғызып, табиғатты аялау. Ислам дегенде тазалық ұғымы да қатар жүреді.
Ол туралы хадисте: «Тазалық – иманның жартысы» - деп айтылған. Ал әр мұсылманға және жалпы адамзатқа қоршаған ортаны таза ұстау, ағаш отырғызып, табиғатты аялауы тиіс. Себебі мұсылман бүлдiрушi емес, бүтiндеушi, қиратушы емес дұрыстаушы, зиян келтiрушi емес, пайда әкелушi, - екенін жадымыздан шығармайық деді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі