Қостанай облыстық мешітінің атқарар жұмысының бір бағыты күн көрісі төмен жерлестерімізге қайырымдылық жасау екендігі белгілі. Сондықтан киелі орынның жанындағы Зекет және қайырымдылық қорының жұмысы Рамазан айында да барынша жандана түсуде.
Мысалы, қасиетті Рамазан айының оразасы басталғалы бері осы Зекет қорының тікелей атсалысуымен облыс бойынша 1 170 отбасына «Ауызашар қоржыны» деген атаумен азық-түлік таратылды. Ал өздігінен жүріп-тұра алмайтын кісілерге үйлеріне жеткізілді.
Бұл қайырымдылық шараларының дер кезінде орындалуына өңірдегі жанашыр әрі жомарт жандар өздерінің лайықты үлестерін қосуда. Қамқорлықты сезінген бауырларымыз демеушілерге шынайы алғыстарын білдіруде.
Қайырымдылық көмектерін жасауда жоғарыда аталған қордың қызметкерлері яғни наиб имам Бақытжан Икрам мен өз ісінің білікті маманы Мейрам Есламханұлы көп еңбек сіңіруде. Сондай-ақ азық-түлік салынған пакеттерді үйді-үйге жеткізуде «Тұмар» мүгедектер қауымдастығының өкілі Лейла Балғабаева және басқа да азаматтар белсенділік танытуда.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі