Еліміздегі ұлы мереке Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Рудный қалалық «Нұр» мешіті қазақша күрестен «Тәңір берген - тәтті сый» атты сайыс өткізді.
Оған өңір бойынша 37 намазхан палуан яғни Лисаков, Қостанай, Тобыл, Рудный қалалары мен Әулиекөл, Майлин аудандары, Қашар кентінен азаматтар қатысып, бақтарын сынады.
Жарыс басында қала әкімінің орынбасары Азамат Қуандықұлы жұртшылықты мейраммен құттықтап, сәттілік тілесе, мешіт жамағатынан қадірменді Торғайбай ақсақал барша палуандарға ақ батасын берді.
Ал қаланың Бас имамы Бектұрсын Уәлиев ұйымдастырылып отырған сайыс жастарды Отансүйгіштікке, асыл дінімізді қастерлеп, салт-дәстүрімізді ардақтауға, сондай-ақ жамағат арасындағы ынтымақ-бірлікті арттыруға ықпал ететіндігіне тоқталды.
Сайыстың қорытындысы бойынша 80 келі салмақ бойынша 1-ші орынды Мәлік Бекқали иеленді. Ал Асхат Маратов өзінің шеберлігінің арқасында түйе палуан атанды.
Жеңімпаздарға арнайы марапаттар, қаржылай сый-сияпаттар тапсырылды. Сондай-ақ негізгі жүлделі алты орыннан басқа, қосымша «Көрермен көзайымы», «Ардагер палуан», «Жеңіске деген ынтасы үшін» номинациялары бойынша да сыйлықтар мен дипломдар берілді.
Сайыс мәреге жеткен соң палуандардың құрметіне мешітте арнайы дастархан жайылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі