Өзіміз күнделікті шаһарда көріп жүретін қарапайым аула сыпырушысы тек көшенi, ауланы тазалаушы ғана емес. Бұл мамандық иесі. Ол жалпы қала көркiн қалыптастыруға үлесін қосатын жан.
Кішкене ойланып көрелікші. Бір күн ауламыз тазаланбай қалса, қандай күйде боламыз? Күтусiз қалған көп қабатты үйдің маңы бiрнеше сағаттың iшiнде күл-қоқысқа толып қалады емес пе.
Рудный шаһарындағы «Нұр» мешітінің ұжымы «Тазалық – иманның жартысы» екендігін жете түсінеді. Сондықтан болар өзге әріптестеріне үлгі боларлық сауапты істі жүзеге асырды.
Кеншілер қаласындағы жыл он екі ай бойы уақытпен санаспай аулалардың тазалығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген 160 қызметкерге палау мен ыстық нанды таратты.
Осынау қайырымдылық акциясы барысында мешіттің бас имамы Бектұрсын Уәлиев «Рахат» ЖШС қызметкерлерін қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтап, оларға зор денсаулық, жұмыстарында толағай табыстар тіледі.