Биыл Қазақстандағы ұлттық мереке – Республика күні қасиетті жұмамен тұспа-тұс келді. Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің ұжымы оны есте қаларлықтай өткізуге барын салды.
Жұма намазынан кейін жиналған жамағатқа тағамдық қуаты мол «Қыстың қымызы» деп аталып кеткен құрт көже таратылды.
Облыстың Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев жұртшылықты халықтың өмірінде ерекше орын алатын айтулы мейраммен шын жүректен құттықтап, баршаға молшылық пен ізгілік тіледі.
Сонымен қатар ежелден келе жатқан ұлттық ойындарды жаңғырта түсу мақсатында жастарды ширақтыққа, батылдыққа баулитын сайыстар ұйымдастырылды. Көпшілік қауым асық ойыны, арқан тартудан ұмытылмас әсер алды.
Мерекелік басқосудың соңында жүлдегерлер марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Ұзынкөл аудандық «Құрман баба» мешітінде – Республика күніне орай, Жастар арасында жыр, өлең сөздер айтудан жарыс ұйымдастырылды. Жастарды отанға деген құрмет пен отанды сүйю, қорғау секілді құндылықтар айтылды.
Тобыл қалалық «Маңдай батыр» мешітінің ұжымы Республика күні қарсаңында қалалық мешіттер арасында шағын футболдан жарыс ұйымдастырды. Әділқазылар алқасының шешімі бойынша І орынды облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы», ІІ орынды Қостанай аудандық «Маңдай батыр», ІІІ орынды Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешіттерінің командалары иеленді.
Жүлдегерлерге лайықты құрмет көрсетіліп, арнайы сыйлықтармен марапатталды. Салауатты өмір салтын жандандыру мақсатында өңірде осындай спорттық шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Республика күніне орай Рудный мешітінде ақсақалдар мен әже аналарға дастархан жайылды. Мерекенің мәні мен маңызы жөнінде тілектер айтылып, көк ту таратылды.
Жетіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде жұма намазынан кейін мереке күніне арнап халыққа Көк туды таратты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі