Бүгін, Республикалық ақпараттық - насихат тобының мүшесі Ұлан Беркенбайұлы Шарипов Қостанай қаласына келді.
Ол алдымен Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігі Қылмыстық Атқару жүйесі комитетінің №76 мекемесінде болып, жазасын өтеушілермен кездесті. Онда Құран ілімінің қайнар бұлағы, араб тілін білудің маңыздылығы туралы әңгімеледі. Қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап берді.
Содан кейін Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің кітапханасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенттерімен дидарласты. Рухани ордада «Исламдағы жастардың орны» тақырыбы қозғалды.
Басқосуда уақытты барынша тиімді пайдалану, тиянақты білім алу, әрдайым жауапкершілікті терең сезіну және қазіргі таңдағы өзекті мәселе ойын құмарлық жайлы да айтылды. Студенттер көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берілді.
Сондай-ақ, Ұлан Беркенбайұлы қалалық «Марал ишан» мешітінде ақшам намазынан кейін жамағатпен жүздесті. Мұнда «көркем мінезге жататын ұят» туралы уағыз айтып, жиын соңында қоғамдағы өзекті болған мәселе екі дуалдың арасында намаз оқу, әминді іштен айту секілді тақырыптарды қамтыды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі