Көпшіліктің есінде болар, осы жылдың қазан айында елордамыз Нұр-Сұлтан шаһарында имамдардың республикалық ІІІ форумы өткізілген болатын.
Енді міне Қостанай облыстық мешітінде де сол маңызды басқосудың жалғасы ретінде аймақтық форум ұйымдастырылды. Осынау «Жеті рухани қазық» деп аталатын басқосуда еліміздің бас қаласында болған жиында қабылданған Қазақстан мұсылмандарының «Жеті рухани қазық» рухани тұғырнамасы, діни басқарманың атқаратын діни рәсімдер тізілімі және оның құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі секілді қабылданған маңызды құжаттар әңгімеге өзек болып, жұртшылыққа жан-жақты таныстырылды.
Бұл аймақтық форумға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Зекет» қорының директоры Талғат Омаров, облыстық дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Жанболат Үмбетов, есімі республикамызға белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет және дарынды ғалым Қалқаман Жақып қатысты.
Форумды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет ашып, жұртшылыққа бұл басқосудың негізгі мақсаты мен міндеті жайлы айтып берді.
Содан кейін мәртебелі қонақ, Талғат Омаров Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың қостанайлық ағайындарға арнаған ең ыстық лебізін жеткізіп, «Жеті рухани қазық» рухани тұғырнамасына кеңінен тоқталды.
Көпшілікке аян, Ақылбек Шаяхмет тек талантты ақын ғана емес, діни тақырыптарға арнап талай жинақтар шығарған азамат. Сондықтан да болар, ол өңірдің барлық аудандары мен қалаларынан арнайы шақырылған ағайындардың алдында өзінің көкейінде жүрген көрікті ойларын ортаға салды.
Сондай-ақ Қостанай облыстық дін істері басқармасының басшысы Жанболат Үмбетов пен Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры Қалқаман Жақып та өз ойларымен бөлісті.
Ал Лисаков және Арқалық қалалық мешіттерінің бас имамдары Сабыржан Зейнелғабиденұлы мен Бектұрсын Торғайбайұлы «Діни қызметкерлердің атқаратын рәсімдері» және «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі» туралы толық баяндады.
Жиынның соңында облыстың бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет мұндай өзекті тақырыптарды қозғайтын жиындар алдағы уақытта облыс бойынша жалғасын табатындығын білдірді.