Қостанай облыстық мешітінде Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған айы құрметіне Мәуліт мерекесі заманауи түрде аталып өтілді.
Олай дейтін себебіміз еліміздегі жағдайға байланысты аталмыш рухани шара халыққа ыңғайлы уақытта онлайн форматта @Mechet_kostanay Instagram желісі арқылы тікелей көрсетілді.
Айтулы мерекеге орай Қостанай облыстық мешітінің Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы сөз алып, пайғамбарымыз туралы өнегелі өсиеттерді мысалға келтіре отырып, тағылымы мол салауат айтуға шақырды.
Содан кейін найб имамдар Дархан Манарбекұлы, Әлішер Ертайұлы, Тұрым Ақанұлы және шәкірт Дінмұхаммед Бектұрсынұлы Мәуліт қасидасы мен салауат шарифін оқыды. Қасиетті Құран аяттарының батасын белгілі дін қайраткері Шоқан қажы Ғазизұлы берді.
Бұл есте қаларлық шараны Рудный қалалық мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы жүргізіп, Мәуліт мерекесінің ғибраттық жағы ерекше екендігіне тоқталды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі