Қазақстан мұсылмандары діни басқарамасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен үстіміздегі жыл «Ислам және отбасы құндылығы» жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай біздің Қостанай өңірінде де танымдық-тағылымдық жағы мол шаралар қолға алынып жатыр.
Бұл сөзіміздің жарқын айғағы ретінде жуырда Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұстазы Аяулым Смағұлованың ұйымдастыруымен облыстық деңгейде әйел-қыздар жамағатына арналған «Орамалым - асыл тәжім» атты рухани кеш болып өтті.
Аталмыш іс-шара барысында дінімізді, дәстүрімізді насихаттап жүрген әйел-қыздар жамағаты кейінгілерге үлгі-өнеге боларлықтай қойылым қойды. Жиналғандар одан ұмытылмастай әсер алды.
Мәселен, қазақ шаңырағындағы ене мен келін арасындағы сыйластық, жалпы жүрегі нәзік жандардың қоғамдағы өзін-өзі алып жүруі, сөз сөйлеу мәдениеті, әдептілігі мен инабаттылығы жөнінде жан-жақты айтылды.
Кештің соңында асыл дінімізді насихаттауға лайықты үлес қосып, жастарға ғибрат көрсетіп келе жатқан аяулы аналарымыз бен апаларымызға Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі.