Қостанай облыстық мешітінде Мәуліт айының құрметіне имандылық ордасының найб имамы, діни сауат ашу курсына жауапты Тимур Туребаевтың ұйымдастыруымен «Адамзаттың асыл тәжі» атты интеллектуалдық білім сайысы өткізілді.
Пайғамбарымыздың өмірбаянынан сыр шертетін жарысқа өңіріміздің барлық қалалары мен аудандарынан 30 талапкер қатысып, бақтарын сынады. Аталмыш сайысқа 85 сұрақ қамтылды. Қатысушылар ұялы телефондары арқылы қойылған сауалдарға жауап берді.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, жарыс қорытындысы бойынша жүлделі бірінші және екінші орындарды Рудный қалалық «Нұр» мешітінен келген Серікболсын Өтеш пен Дәулетбай Мұратхан жеңіп алды.
Ал, үшінші орынды Арқалық қалалық «Мұхтасиб Әлмұхаммед» мешітінен қатысқан Закария Жамантай иеленді. Жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Қатысушылардың ой-өрісін, таным көкжиегін кеңейтуге ерекше ықпал еткен білім сайысы өте қызықты әрі ұйымшылдықпен өтті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі