Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен «2019 жыл – Жастар жылы» деп жариялануына байланысты, Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде 2019 жылы 19 ақпанда «Дін және ғылымның сабақтастығы. Жастарымыздың діни сауатты, дүниеуи білімді болуы заман талабы» атты семинар ұйымдастырылды.
А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің деканы Азамат Жақсыбекұлы Исабаевтың қолдауымен арнайы жетекшілерімен бірге 50 шақты студент осындай маңызы зор мәдени шараның куәгері болды.
Семинар барысында «Мемлекет басшысы өз Жолдауында саннан сапаға өту мәселесін ерекше атап өтті. Озық нанотехнологиялар мен инновацияны, ғылыми жетістіктерді барынша кеңінен пайдаланып, барлық салаға енгізумен қатар, экономиканың тиімділігін арттыру мәселесіне де басымдық берді. 30 озық мемлекеттің қатарына қосылудың басты факторы – ғылым емес пе? Елбасымыз міне, осыны, яғни ғылымды индустрияға жеткізу, ғылымды өндіріске апару мәселесін баса айтты. Бұл салаға тек ғалымдардың ғана емес, өндірістің, индустрия өкілдерінің күш-қайраты керек. Олар да ғылымға қарай қадам жасауы тиіс» - деп Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің наиб имамы Дүйсен Сәрінжіпұлы тақырыпты кеңінен ашып, толығырақ тоқтала кетті.
Сондай-ақ, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-нің информатика кафедрасының оқытушысы, жаралыстану ғылымдарының магистрі Қалыбек Сапарұлы Мауленов мырза «Ғылымның дінмен қатынасы» туралы сөз қозғады.
Ислам бізге ілім алуды, яғни дұрыс білім алуды бұйырады. Өкінішке орай, білімсіздік мұсылман жамағатын жік-жікке бөліп, ислам әлеміне қара күйе жақтырады. Сол себепті ілімсіздіктің залалы шаш етектен екендігін ұмытпайық.