Құрметті бауырлар! Мұсылман қауымы үшін аса ұлық қасиетті Рамазан айы мүбәрәк болғай! Оразаға аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын!
Жаратушы Иеміздің жер бетіндегі барша адам баласын әртүрлі ұлттарға бөліп, жаратуы – Оның шексіз даналығы. Қасиетті Құранда: «...Бір-бірлеріңді танып-білулерің үшін сендерді ұлттар мен ұлыстар етіп жараттық» («Хұжурат» сүресі, 13-аят), – деп баяндалған.
Бәрімізге жер, мекен, ғаламшар, Отан ортақ. Бізді біріктіретін ортақ мақсаттар көп. Баршамыз Жаратқаннан деніміздің саулығын, болашағымыздың жарқын, өміріміздің тыныш болғанын тілейміз. Осынау игіліктердің орындалуы бірлікке байланысты екені белгілі. Ынтымағы ыдырап, бірлігінен береке кеткен елдің болашағы да бұлыңғыр болмақ. Қаншама жұрттың жер бетінен жоғалып, тегі мен тұтастығынан айырылуының негізгі себебі – бауырмалдықтың болмауы. Мекке мен Мәдина халқын татуластырып, бір-біріне бауырмал еткен Алла Елшісі (с.ғ.с.) мұсылмандықтың іргесін бірлікпен бекемдеген.
Халқымызда: «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», – деген нақыл бар. Құдайға шүкір, сайын даланы мекендеген сан алуан ұлт пен ұлыстың тату-тәтті ғұмыр кешуі – бұл халқымызға Алланың берген сыйы, өлшеусіз рақымы. Ұлт өкілдерін бірлікке бастаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дін қайраткерлерін де ынтымақ пен ымыраға үндеп, татулық пен тұрақталыққа шақырды. Астана бейбітшіліктің алтын бесігіне айналды. Бұл – бейбіт жолды басты бағдар еткен отандастарымыздың достығы мен татулығының арқасында нәсіп болған басты байлығымыз. Халқымыздың кең пейілі, қонақжай, бауырмал, дархан мінезі кең-байтақ даламызда достық пен бірліктің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуына негіз болды.
Қадірлі ағайын! Діннің мақсаты – ізгілік, береке мен бірлік. Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық, әділдік болуын көздейді. Адамды соған тәрбиелейді.
Алла тағала адамзат баласын: «Бөлінбеңдер», – деп бауырмал болуға бұйырған. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) басшыға бағынып, бүлік шығармауды үгіттеуінде үлкен мән бар.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) өз өсиетінде қамшының сабындай қысқа өмірді рухани құндылықтарды байытуға арнау қажеттігін өсиет еткен. Ол (с.ғ.с.) қоштасу құтбасында: «Мен орталарыңнан кеткеннен кейін баяғы бітпейтін ұрыс-керіске, дау-дамайға қайта бой алдырмаңдар», – деген.
Әлхамдулилла, ата-бабамыз сан ғасырлардан бері аңсап өткен Тәуелсіздікке қол жеткізудің арқасында асыл дініміздің қайнар бұлақтарымен қайта қауыштық. Халқымыз дербестікпен бірге дәстүрлі мәдениетіне, тілі мен дініне толыққанды ие болып, оларды заманға сай дамытуға мүмкіндік алды. Өшкеніміз жанып, ұмытқанымыз жадымызда жаңғырды. Мұның барлығы Қазақ елінің бүгінгі ұстанған бағыт-бағдарының дұрыстығын, ата-баба жолынан айнымағандығын білдіреді.
Енді ұлт жадынан ұмытыла бастаған имани құндылықтарды қайта жандандырудың реті келді. Біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аясында 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жарияладық. Мақсатымыз – ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мәзһабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру. Сол арқылы Қазақ елінің іргелі елге айналуы үшін қолдан келгенше үлес қосу. Бүгінде дәстүрмен сабақтас рухани құндылықтарымызды жаңғырту мақсатында республика деңгейінде игілікті іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Рамазан – тәлім мен тәрбие, жасаған жақсылықтардың сауабы еселеніп жазылатын, Жаратушы Иеміздің жарылқауына, рақымына бөленетін ай. Олай болса, Алланың теңдессіз сыйына ізгі де, қайырымды іс-әрекеттерімізбен қол жеткізуде аянып қалмайық! Имандылығымызды күшейте түсейік!
Қасиетті айда күнәға жетелейтін, Алланың ашуына шақыратын барлық жаман істерге жол бермесек екен. Қоғамдық көліктерде жол ақысы арзандатылса, күнделікті тұтынатын заттарға жеңілдіктер жасалса, асханаларда ауызашар мезгілінде қайырымдылық акциялар ұйымдастырылса, ұжымда, кәсіпорындарда, әсіресе, құрылыс салаларында ауыз бекіте жүріп жұмыс істейтін бауырларымызға құрмет көрсетіліп, түсіністік танытылып жатса, нұр үстіне нұр дер едік. Рамазан айында берілетін Құдайы тамақтар ауызашар уақытында ұйымдастырылса.
Асыл дінімізде әрбір қайырлы амал – садақа. Адасқанға жол көрсету де – садақа, жабыққанды жұбатып, жылы сөз айту да – сауапты амал. Рамазан айында осындай ізгі істерге ден қойғанымыз абзал, ағайын!
Қымбатты отандастар! Иман бұлағынан сусындаған адам арына дақ түсірмейді. Өйткені, Ислам адамгершілік құндылықтарды қастерлеуге үндейді. Осы орайда баршаңызды қасиетті Рамазан айын мұқтаж жандарға көмектесумен, жетім мен жесірге, қарттар мен мүгедектерге мейірім көрсетіп, сауапты амалдармен, ізгі істермен өткізуге шақырамын. Алла тағала қасиетті Құранда: «Жақсылықта, тақуалықта бір-біріңе көмектесіңдер», – деп бұйырған («Мәида» сүресі, 2-аят).
Жарылқаушы айда жасаған амалдарыңыз бен ізгі ниеттеріңіз басқа да айларда жалғаса бергей! Алла тағала баршамыздың екі дүниеде де жүзімізді жарық, әр қадамымызды берекелі еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Байлығымыз – иманымыз бен бірлігімізге бекем болайық!
www.muftyat.kz