Жуырда ғана Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің жанынан жастар ұйымы құрылды. Оның мақсаты-өмірдегі жастармен үнемі тығыз байланыста болып, оларды қазіргі таңдағы өзекті мәселе салауатты өмір салтына үндеу, дәстүрлі дінді кеңінен насихаттау.
Сондай-ақ тәуелсіз еліміздің келешегі болып табылатын жас ұрпақтың теріс ағымдарға түсіп кетпеуін тұрақты назарда ұстау, тіршіліктегі жаман әдеттер суицид, нашақорлықтан сақтандыру.
Таяуда ғана облыстағы Алтынсарин аудандық «Алдиярұлы Жанұзақ» мешітінің бас имамы Азамат Мурзаканов және облыстық Марал ишан мешітінің жанындағы жастар ұйымының жетекшісі Ғұмар Жұмағұловтар Қостанай политехникалық колледжінде кездесу өткізді.Онда бұлар сөз сөйлеп, дін жастар мәселесі және нашақорлықтың алдын алу секілді маңызды жайларды қозғады.
Сондай-ақ жоғарыда аты-жөндері аталған дін қайраткерлері Қостанай ннженерлік–экономикалық университетінің проректоры Николай Багановпен кездесіп, келелі мәселелер жайлы әңгімелесті. Алдағы уақытта облыстық мешіт пен осы жоғары оқу орны арасында тығыз байланыс орнап, жастарды толғандырып жүрген мәселелер жайлы үнемі басқосулар ұйымдастырылатын болды.