Жуырда Арқалық қаласындағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұжымы «Құрбан айт құтты мереке» атты шара өткізді.
Айт намазынан соң құрбандыққа байланысты уағыз-насихаттар айтылып, мешіт ауласында құрбандық шалу рәсімі өтті. Құрбандық еттері «Балалар үйіне», «Жүйке аурулар диспансеріне», «УК 161/12 мекемесіне», «Ана мен бала орталығына», әлеуметттік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі және көпбалалы отбасыларына таратылды.
Қала басшылығы да жамағатты айтпен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Ғапбасұлы мен мешіт алқасы, дін жанашыры Мираш қажы Тәшмұхамедұлы шынайы ықыластарын білдірді.
Айттап келген жамағатқа арнайы дастарханнан дәм ұсынылды. Айтулы мереке мәдени және спорттық іс-шаралармен жалғасын тапты. Арқан және өгіз тартыс, қол күрес, қой көтеру және волейбол ойындарынан сайыстар өткізіліп, жастар жағы белсенділік танытты. Арасында діни әндер мен ғибратты термелер орындалды.
Қаланың бас имамы Бектұрсын Уәлиев бұл мереке адам баласын қайырымдылық пен мейірімділікке, ынтымақ-бірлікке шақыратын ғибратты ұлық мейрам екенін тоқталды.
Аталмыш шараның жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған демеушілер мен спорт жеңімпаздарына мешіт атынан алғыс хаттар мен сый-сияпат жасалды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі